in

Өңірлердегі инвестициялық саясатты қайта қарау қажет

Аймақтар арасындағы теңсіздіктің негізгі себебі не? Қай өңірлер дамудың драйверіне айналып келеді, ал қайсысы сол баяғы күйде қалуда? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында біз AERC консалтингтік қызметтер департаментінің аға талдаушысы Ерасыл Серікбаймен сұхбаттастық. Сарапшы аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықтың себептерін тарқатып берді.

– Аймақтар арасындағы ал­шақ­тық қандай деңгейде? Оны қалай азайтуға болады?

– Қазақстанда аймақтар ара­сындағы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму деңгейінде ай­қын ай­ыр­машылық бар. Оны өңір­лердің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ), халықтың табыс дең­гейі, инфра­құрылыммен қам­тылуы, білім және денсаулық сақтау сапасы сияқ­ты көрсет­кіштерден байқау­ға болады. Мысалы, Атырау, Астана, Ал­маты қалалары жан басына шаққандағы ЖӨӨ бо­йын­ша ұлт­тық орташа көрсет­кіш­тен бір­неше есе жоғары бол­са, Түр­кістан, Жетісу немесе Жамбыл сияқты өңірлер бұл көрсеткіш бо­йынша артта қалып отыр. Мы­салы, Ұлттық статис­тика бю­ро­­сының деректеріне сәй­кес, 2024 жылы Атырау облы­сында жан басына шаққандағы ЖӨӨ 45,2 мың АҚШ долларын құрап, республикалық деңгейде ең жоғары көрсеткішке ие бол­ды. Әрине, мұнда өңірдің мұнай мен газ өндіру секторының шо­ғырлануы мен экспорттық по­тен­циалы үлкен рөл ойнайды. Ал Астана мен Алматы қала­ларында жан басына шақ­қан­да­ғы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көрсет­кіш­тері елдің ор­таша деңгейінен айтарлықтай жоғары. Астанада бұл көрсет­кіш – 22,3 мың АҚШ долларын, Алматыда – 27,6 мың долларды құ­райды. Ал респуб­лика бойын­ша орташа мән – 14,2 мың дол­лар. Оның басты себебі ірі қала­ларда қосылған құны жоғары қызмет көрсету салалары мен ша­ғын және орта бизнестің қар­қынды дамуы, инно­вациялық жо­ба­лардың көптеп шоғыр­лануы және инвес­торлар үшін тартымды орта қалыптасуы.

Ал елдің оңтүстігіндегі Түр­кіс­тан облысында жағдай мүлде бас­қа: мұнда жан басына шақ­қан­дағы ЖӨӨ небәрі 4,5 мың доллар шамасында. Жетісу мен Жамбыл облыстарында да бұл көрсеткіштер – тиісінше 6,5 мың және 5,6 мың доллар – рес­пуб­ликалық деңгейден әлде­қай­да төмен. Бұл өңірлер негізі­нен ауыл шаруашылығына бей­ім­­дел­ген, өндірістік қуат­тары әл­сіз және инвестиция тарту мүмкіндіктері шектеулі.

Нәтижесінде, Атырау мен Түр­кістан облыстары арасын­дағы жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші бойынша айырма – 40,7 мың АҚШ дол­лары­на жетіп отыр. Бұл – елі­міз­дегі өңірлер арасындағы даму деңгейінің қаншалықты ал­шақ екенінің нақты көрінісі. Мұндай теңсіздікті еңсеру үшін кешенді және бағытталған сая­сат қажет. Атап айтқанда: көлік, логистика және интернетпен қам­туды қамтитын инфрақұры­лым­ды тең дамыту; мемлекеттік субсидиялар мен трансферттерді тиімді әрі нысаналы түрде бөлу; жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақ­сарту арқылы өңір экономи­ка­сын әртараптандыру; білім мен денсаулық сақтау саласына тең­герімді инвестиция салу – өңірлердің болашағы үшін маңызды қадам болмақ.

– Аталмыш өңірлердің артта қалуына нақты не түрткі болып отыр деп ойлайсыз?

– Жаңа айтып өткенімдей, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Түркіс­тан, Жетісу, Ұлытау, Абай облы­с­тары салыстырмалы түрде арт­та қалған өңірлер санатына жа­тады. Бұл аймақтардың артта қалуы бір­қатар құрылымдық және инс­ти­туцио­налдық фак­тор­лармен байланысты. Артта қалған өңір­лердің дамуын те­жеп отырған бірқатар құрылым­дық және институционалдық мә­се­лелер бар. Ең алдымен, бұл аймақтарда индустриялық база әлсіз дамы­ған. Өңдеуші өнеркә­сіптің үлесі төмен, ал өндірістік әртараптан­дыру іс жүзінде жүр­гізілмеген. Одан бөлек, инвес­ти­циялық белсенділік төмен дең­гейде қалып отыр. Бұл өз ке­з­е­гінде ішкі сұраныстың шек­теулі болуымен, жол, электр желі­лері, цифрлық инфра­құ­рылым сияқты базалық инфра­құ­ры­лым­ның жетіспеуші­лігі­мен, сондай-ақ әкімшілік тос­­қауылдармен түсіндіріледі. Тағы бір маңызды фактор – ең­бекке қабілетті жастардың жап­пай ірі қалалар мен экономи­ка­лық дамыған аймақтарға көшуі. Мұндай көші-қон үрдісі нәти­же­сінде ауылдық және шалғай­дағы өңірлерде кәсіби кадрлар тапшы­лы­ғы болады. 

Мысалы, Ұлытау облысын­да, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 23,1 мың АҚШ долларын құрай­ды. Бұл жоғары көрсеткіш бол­ғаны­м­ен, жалпы аймақтық эко­но­микалық даму деңгейінің құ­­ры­лымдық сипаты әлсіз. ЖӨӨ көрсеткішінің жоғары болуы облыстағы халық саны­ның аз­ды­ғына байланысты. Ұлт­тық ста­тистикаға сәйкес, Ұлы­тау облысы республика бо­йынша халық саны ең аз өңір болып есептеледі, яғни 2025 жыл­дың басында – 221 290 адам болды. Жалпы алғанда, өңірдің эконо­ми­калық базасы мен әлеу­меттік инфрақұрылымы даму жағынан республикадағы жетекші өңір­лер­ден артта қалып отыр.

– Ұлытау облысы да жаңадан құрылған облыстар қатарында. Әкім­шілік құрылым өзгергеннен кейін бұл аймақтар экономикалық өсім, инвестиция тарту бойынша оң нә­тижелерге қол жеткізе алды ма?

– 2022 жылы Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрыл­ғалы бері мемлекеттік қолдау шара­лары аясында инфра­құ­рыл­ымға, әлеуметтік нысан­дар­ға және ауыл шаруашылығына бағыт­тал­ған жобалар жүзеге асы­р­ылуда. Алайда бұл облыс­тар­да инвестиция тарту қарқы­ны әлі де төмен деңгейде. ­Мы­са­лы, Абай облысы ауыл шаруа­шылығына бағытталған, бірақ өнеркәсіптік әртарап­тан­дыру жеткіліксіз. Ал Ұлытау облысы пайдалы қазба­ларға бай болғанымен, өндірістік инфра­құрылым толық қалыптас­паған. Жетісу облысының логис­ти­ка­лық әлеуеті жоғары, бірақ сырт­қы инвестиция көлемі шек­теу­лі. Қазір бұл өңірлерде өсу сер­піні байқалады, алайда ұзақ­мерз­імді экономикалық тиімді­лік­ке қол жеткізу үшін инвести­ция­лық саясатты және инфрақұрылым­ның даму шараларын қайта қарау қажет.

– Аймақтарды дамытудағы негізгі кедергілерді атап өтсеңіз.

– Аймақтық дамуға кедергі келтіріп отырған негізгі фактор­л­ардың бірі көлік және цифр­лық инфрақұрылымның жетіл­ме­гендігі ауылдарға және өңірдегі елді мекендерге қатынауды қиындатады, бұл кәсіпкерлікті және логистиканы тежейді. Одан бөлек, адами капитал са­па­сының төмендігі, яғни кәсіби мамандар тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. Ал өндірістік әртараптандырудың болмауы көптеген облыстың тек бір салаға тәуелді екенін көрсе­теді. Ішкі көші-қон және урба­низа­ция мәселесі де еңбекке қабілетті халықтың ірі қалаларға көшуіне алып келеді, бұл өз та-ра­бында ауыл аймақтардың даму­ын тежейді. Сондай-ақ инс­­титуционалды әлсіздік, ин­вестициялардың тапшылығы және стратегиялық жоспардың тиімсіздігі аймақтар арасындағы алшақтықты күшейтеді.

– Республикалық маңызы бар қалаларды айтпағанда, қай өңір­лер ең жылдам дамып келе жатыр деп айта аласыз?

– Әлеуметтік-экономика­лық даму үрдістеріне талдау жа­сай отырып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларын есепке алмағанда, соңғы жыл­дары Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстары салыстыр­малы түрде жоғары даму қарқы­нын көрсетіп отыр. Маңғыстау және Атырау облыстарының жетекші позициялары, ең алды­мен, мұнай-газ секторына не­гізделген, бірақ логистика және қызмет көрсету саласы да дамып келеді.

Ұлттық статистика дерек­тері­не сәйкес, жаңа 3 облыс құрылған уақыттан бері, яғни 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықта, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары салыс­тыр­малы түрде қарқынды дам­ып келеді. Атап айтқанда, 2 жыл­дық мерзімде жан басына шаққан­дағы ЖӨӨ Абай облы­сында 32,5%, Жетісу облысында 45,9%, Ұлытау облысында 46,0%-ға арт­ты. Бұл өсім көр­сет­кіштері әкімшілік бөлініс нәтижесінде жеке өңір ретінде дамуға инсти­туционалдық және қаржылық негіздердің пайда бол­­ғанын біл­діреді. Дегенмен атал­ған өсім қарқынын базалық эффектпен түсіндіруге де бола­ды, себебі жаңадан құрылған облыстар бастапқыда төмен экономикалық базадан шыққан.

Егер 5 жылдық мерзімді қа­рас­тыратын болсақ, яғни 2019-2024 жылдар аралығында жыл­дам дамып келе жатқан облы­стар­­дың қатарына Алматы (96,­8%), ШҚО (84,2%), Қостанай (72,4%) облы­старын жатқызуға болады. Бұл аймақтық экономи­када индус­трия­лық және агро­өне­­ркәсіптік әртараптандыру, ішкі сұраныс өсуі және мемле­кет­тік қолдау шараларының әсер­ін көрсетеді. Дегенмен айта кету керек, аймақ­тық даму қар­қынын тек ЖӨӨ өсімімен өл­шеу шектеулі талдау болар еді. Аймақтардың даму дең­гейін ке­шенді бағалау үшін басқа са­па­лық және құрылымдық көр­сет­кіштерді, мәселен, жұмыс­пен қамтылу құрылымы, кә­сіпкерлік белсенділік, адами капи­тал сапасы, инфрақұрылым дең­гейі, инвестиция көлемі және тағы басқа көрсеткіштерді анық­тау қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН