Мұндай модель ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтып, шалғайдағы ұстаздарды үлкен кәсіби ортаға қосуға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе бүгінде Қазақстанға да дендеп еніп келеді. Ауыл мектептерінің мәселесін шешудің жолы қандай? Тірек мектептер желісі шалғайдағы білім ошақтарына қалай серпін береді? Қазіргі өзгермелі заманда ұстаз қандай болуы керек? Осы және өзге де сауалдарымызға Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қамқоршылық кеңесі төрағасы Күләш Шәмшидинова сұхбат барысында жауап берді.
Ұстаз ең алдымен азамат болуы керек
– Жаппай жаһандық цифровизация заманында ұстаздардың алдында тұрған негізгі мәселе қандай? Қазіргі ұстаз қандай болу керек?
– Жаңа технологиялардың дамуы, өмір салтының өзгеруі, қоғамдағы түрлі үдеріс ұстаз мамандығына да тікелей әсер етіп отыр. Бүгінгі мұғалім, ең алдымен, өте өзгермелі әрі белгісіздікке толы заманда жұмыс істейді. Бұрын ұстаздың негізгі міндеті білім беру, түсіндіру болса, қазір бұл рөлдің ауқымы әлдеқайда кеңейді. Өйткені баланың білім алатын ортасы да өзгерді. Адамзат тарихына қарасақ, әуелі жазу пайда болды, кейін кітап, радио, теледидар шықты. Бүгінде интернет пен жасанды интеллект білімге қол жеткізудің мүмкіндігін бұрынғыдан да кеңейтіп отыр. Қазір кез келген адам қажетті ақпаратты кез келген жерден таба алады. Жасанды интеллектіге дұрыс сұрақ қоя білсеңіз, ол да іздеген мәліметіңізді ұсынады. Сондықтан мұғалім енді білімді тек өзі сақтап, балаға жеткізуші адам болмауы керек. Оның міндеті – оқушыға білімді қайдан және қалай іздеу керегін, алынған ақпаратты саралап, оны өмірде дұрыс пайдалана білуді үйрету. Сонымен бірге баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету.
Біз құндылықтар өзгеріп жатқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Осындай жағдайда мұғалім білім беру үдерісін ұйымдастырушы, балаға бағыт-бағдар беруші тұлғаға айналады. Бала да кез келген адамның соңынан ере бермейді. Ол ойлай білетін, өз ісіне сенімді, шешім қабылдай алатын әрі сол шешіміне жауап бере білетін, айналасына тұрақты орта қалыптастыра алатын адамның соңынан ереді. Ұстаздың мінезі де салмақты болуы керек. Кез келген нәрсеге ашулана бермей, туындаған келіспеушілікті ушықтырмай, оны шешудің жолын таба білуі маңызды. Қай ғасырда да ұстазға қойылатын негізгі талап өзгермейді деп ойлаймын. Ол, ең алдымен, өз ісінің маманы болуы керек. Адал болуы керек. Балаларды жақсы көруі керек. Ең бастысы, алдында отырған әр баланың ертең өмірден өз орнын таба алатынына сенуі қажет. Егер мұғалімде осы сенім болмаса, бұл мамандықты таңдаудың өзі қиын.
Ұстаздық бір ғана мамандықтың аясына сыймайды. Мектепте мұғалім болып, мектептен шыққан сәтте ұстаз болуды тоқтату мүмкін емес. Қай жерде жүрсеңіз де, қоғам да, оқушы да сізге ұстаз ретінде қарайды. Сондықтан ұстаздық – тыйымы да, жауапкершілігі де көп мамандық. Сонымен бірге қуанышы да мол. Өйткені мұғалім әр баланың жетістігіне қуанады, оның өсуін, қалыптасуын көреді. Бұл мамандықтың жауапкершілігі өте жоғары. Мұғалім алдындағы баланың болашағы үшін ғана емес, ата-ана, қоғам және мемлекет алдында да жауап береді. Сол себепті ұстаздық жолды таңдаған әр адам бұл шешімге ойланып келуі керек. «Мен осындай ауыр жүкті көтере аламын ба?» деген сұрақты өзіне қоюы қажет. Оның ең ауыры – баланың болашағына жауап беру.
Қазір бізде мұғалімдерді кәсіби маман ретінде даярлауға көп көңіл бөлінеді. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ меніңше, ең алдымен ұстаз деген «азамат» болуы керек. Өйткені балаға білім берумен қатар, оның адам болып қалыптасуына ықпал ететін де – ұстаз.
– Білім жүйесі өзгерістерге уақытылы әрекет етіп жатыр ма? Цифровизация деңгейі қандай?
– Адамзат та, мектеп те өзгермей тұра алмайды. Өйткені заман өзгереді, өмір өзгереді. Мұндай жағдайда білім беру жүйесінің де бұрынғы қалпында қалуы мүмкін емес. Бала тұлға ретінде тек мектеп қабырғасында қалыптаспайды. Оның дүниетанымына отбасы, қоғам, қоршаған орта әсер етеді. Демек, өмірде болып жатқан өзгерістерді бала өзімен бірге мектепке алып келеді. Сондықтан мектеп те сол өзгерістерді сезініп, соған сай жұмыс істеуі керек. Егер мектеп заман талабына бейімделмесе, ол уақыт көшінен қалып қояды. Ал заманнан қалған мектепті ешкім қаламайды.
Әр кезеңнің өз жаңалығы, өз талабы болады. Мен мектепті бітіріп, университетке келген жылдары біліктілікті арттыру институттарында мұғалімдерге ең алдымен техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйрететінмін. 2002 жылы Білім және ғылым министрлігіне вице-министр болып келген кезімде мұғалімдерді компьютерді пайдалануға үйрету маңызды міндеттердің бірі болды. Мұның өзі ұстаз мамандығының үнемі өзгеріп, жаңарып отыратын кәсіп екенін көрсетеді. Сондықтан «өмір бойы білім алу» қағидаты ең алдымен мұғалімге қажет. Ұстаз заман талабына сай өзінің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып отыруға тиіс. Себебі жаңа технологиялар мектепке де үздіксіз еніп жатыр. Рас, экономиканың басқа салаларына технология әлдеқайда жылдам келеді. Ал білім беру жүйесі табиғаты жағынан біршама консервативті. Мен мұны тек кемшілік деп қарамас едім. Керісінше, оның белгілі бір артықшылығы бар. Өйткені білім беру жүйесі адаммен, баламен, қалыптасып келе жатқан тұлғамен жұмыс істейді. Сондықтан жаңадан шыққан дүниенің бәрін еш сараптамасыз мектепке енгізе салуға болмайды. Оның балаға, оқу үдерісіне, білім сапасына қандай әсер ететіні алдымен бағалануы қажет. Сол себепті кейбір технологиялардың мектепке кешірек енуі заңды. Бірақ келген жаңалықты дер кезінде түсініп, оны тиімді пайдалана білу – мұғалімдер мен білім саласы мамандарының кәсіби шеберлігіне байланысты. Білім саласында жүрген адамның көзі ашық, құлағы түрік болуы керек. Ол жаңа үрдісті тез аңғарып, оның қажеттілігін бағалап, оқу үдерісіне бейімдей білуі қажет. Бұл жерде қаржы мәселесін де айналып өтуге болмайды. Мектеп қанша жерден жақсы жаңалықты тез енгізгісі келгенімен, оның мүмкіндігі белгілі бір деңгейде қаржыландыруға тәуелді. Бұл ретте тек мектептің ғана емес, білім беру жүйесінің жұмысын ұйымдастыратын мемлекеттік қызметкерлердің де жауапкершілігі бар. Сонымен бірге мемлекеттік органдарға мектепке қандай құрал-жабдық қажет екенін түсіндіретін де – білім саласының өзі. Сондықтан алдымен біз жаңа технологияның не үшін қажет екенін өзіміз түсінуіміз керек. Содан кейін ғана оның маңызын өзгелерге жеткізе аламыз.
Цифрлық технологияларға келсек, бүгінгі мектептің интернетпен қамтылуы маңызды мәселе. Әрине, бұл бағытта барлық мәселе шешілді деп айтуға болмайды. Кемшіліктер бар. Бірақ ең басты мәселе – технологияның бар-жоғында ғана емес, оны дұрыс пайдалана білуде. Қолда бар мүмкіндікті орнымен, ретімен, оқу мақсатына сай қолдану – мұғалім мен мектептің міндеті. Мектеп пайда болған әрбір жаңа дүниенің соңынан ілесе беруі де дұрыс емес. Кейбір технологиялар жарқ етіп пайда болады да, көп ұзамай қолданыстан шығып қалады. Мысалы, кезінде пейджер кең тарады. Бірақ ол білім беру жүйесіне еніп үлгерместен өзінің қажеттілігін жоғалтты. Сондықтан кез келген технологияны мектепке сол күйінде көшіріп әкелуге болмайды. Ең маңыздысы – жаңа технологияны оқу мақсатына бейімдеу. Ол баланың білім алуына, ойлауына, ізденуіне және дамуына қызмет етуге тиіс. Сондықтан цифрлық технологияны өздігінен қауіпті немесе қауіпсіз деп бағалау дұрыс емес. Ол – құрал. Ал сол құралдың қаншалықты пайдалы болатыны оны қалай және қандай мақсатпен пайдаланатынымызға байланысты.
Бұл жүйе – ауыл ұстазына да тірек болады
– Елімізде ауыл балаларының мәселесі басты назарда. Себебі олар қала балаларынан қалып қойды дегенді халықаралық зерттеулер де, еліміздегі білім саласындағы зерттеулер де көрсетіп жатыр. Бұл мәселенің шешімі қандай болмақ?
– Білім саласында «төрт қалу» деген ұғым бар. Біріншісі – мәселені дер кезінде көре алмай қалу. Екіншісі – оның мәнін түсінуден қалу. Үшіншісі – шешу жолын анықтай алмау. Төртіншісі – қабылданған шешімді іске асырудан кешігу. Педагогика ғылымында белгілі сарапшылар негіздеген бұл қағида білім жүйесіндегі кез келген проблеманы бағалауда маңызды.
Ауыл мектептерінде мәселе бар екенін біз білеміз. Ал проблеманың барын мойындап, оны түсіну – шешімге бастайтын алғашқы қадам. Сондықтан ауыл мектебін дамытуға тек білім саласы ғана емес, қоғамның басқа институттары да араласуы қажет. Мәселен, біздің Aitas холдингінде Білім беруді тұрақты дамыту қоры жұмыс істейді. Осы қор ауыл мектептерін дамытуға бағытталған тірек мектептер жүйесін қалыптастыру бастамасын қолға алды. Қазір республика бойынша 200-ден астам осындай мектеп құрылды. Бұл іске бизнес, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет бірлесіп қатысып отыр. Жобаның ерекшелігі де осында. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Қазақстан халқына» қоры мектептерге қажетті құрал-жабдықтарды алуға көмектесті. Жергілікті атқарушы органдар ғимараттарды жөндеу, интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырды. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептері сол білім ошақтарындағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға атсалысты. Яғни ауыл мектебінің мәселесін тек мемлекеттің мойнына артып қою дұрыс емес. Оны шешуге қоғам да, бизнес те, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар да үлес қоса алады. Әсіресе жаңа технологиялар бұл бағыттағы мүмкіндікті бұрынғыдан әлдеқайда кеңейтеді. Ауылға сапалы интернет барса, сонымен бірге оқушы мен мұғалімнің білім ресурстарына, жаңа технологияларға, әдебиет пен түрлі ақпарат көзіне қолжетімділігі де артады.
Ауыл мектептерін дамыту мәселесі көптеген елдің тәжірибесінде бар. Қытай, АҚШ, Канада, Ресей секілді мемлекеттер де кезінде шағын ауыл мектептерін жабу жолын қарастырды. Алайда мұндай шешімнің тиімді тұстарымен қатар, елеулі кемшіліктері де болғаны байқалды. Сондықтан қазір бірқатар ел желілік мектептер құру моделіне ден қойып отыр. Бұл бағытта, әсіресе Қытайдың тәжірибесі назар аудартады. Оның негізгі қағидасы – қуатты мектептің әлсіздеу мектепке қолдау көрсетуі, ресурстарды ортақ пайдалану. Біздегі тірек мектептер жүйесі де осыған жақын. Тірек мектептердің айналасына шағын жинақты ауыл мектептерін біріктіру арқылы ең алдымен мұғалімдердің кәсіби ортасын кеңейтуге мүмкіндік туады. Онлайн сабақтар, ортақ әдістемелік жұмыстар, тәжірибе алмасу арқылы шалғайдағы ұстаз өзін оқшау сезінбей, үлкен кәсіби ортаға қосылады. Сондықтан ауыл мектебінің мәселесін шешуге мемлекет те, қоғам да, ата-ана да мүдделі. Қазір ең маңыздысы – осы күштерді дұрыс үйлестіріп, басталған жұмысты жүйелі түрде жалғастыру. Ал оның нәтижелі болуы көп жағдайда білім саласы мамандарының ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты.
– Қазақстандағы тірек мектептерді дамыту жобасына өзіңіз бас болып жүрсіз. Аз уақытта елімізде 200-ден астам мектеп тірек мектептер желісіне қосылған. Жалпы, осы тірек мектептер ауылдағы білім саласына қаншалықты үлес қосып жатыр? Тірек мектептерінің дамуы ауылға серпін берді ме?
– Тірек мектептерді дамыту барысында, ең алдымен, химия, физика, биология кабинеттерін жаңғыртуға басымдық берілді. Сонымен қатар STEM кабинеттері ашылып, еңбек кабинеттері жөнделді, телерадио студиялары құрылды, мектеп ішіндегі рекреациялық аймақтар жаңартылды. Республика көлемінде бұл бағытқа қомақты қаражат жұмсалды. Соның нәтижесінде тірек мектептердің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Алайда бұл жобаның мақсаты тек мектепті заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз ету емес. Ең маңыздысы – сол мүмкіндікті шағын жинақты мектептермен бөлісу және мұғалімдердің кәсіби ортасын кеңейту. Қазір тірек мектептер интернетпен, телестудиялармен жабдықталған. Соның арқасында олар өздеріне бекітілген шағын жинақты мектептерге онлайн режимде сабақ бере алады. Мәселен, тірек мектептің мұғалімі мен оған бекітілген үш шағын жинақты мектептің педагогтары бірлесіп сабақ жоспарын әзірлейді. Бұл жұмысқа аудандық және облыстық әдістемелік кабинеттердің мамандары да қатысады. Дайындалған жоспар бойынша төрт мектептің оқушыларына бір мұғалім онлайн сабақ өткізеді. Қалған педагогтар сабақты бақылап отырады. Сабақ аяқталған соң төрт мұғалім әдіскерлермен бірге оның барысын талқылап, сәтті шыққан тұстары мен жетілдіруді қажет ететін жақтарын саралайды. Мұндағы ең үлкен нәтиже – мұғалімдердің кәсіби ортасының кеңеюі. Бұрын шағын ауыл мектебінде бір ғана химия немесе физика мұғалімі жұмыс істесе, енді төрт мектептің бір пән мұғалімдері тұрақты байланыста болады. Олар бірлесіп жоспар құрады, тәжірибе алмасады, бір-бірінің сабағын көріп, кәсіби тұрғыдан үйренеді. Яғни мәселе тек материалдық-техникалық базаны күшейтуде емес, педагогтардың әлеуетін арттыруда. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – мұғалімдердің біліктілігін жұмыс үдерісінен қол үзбей көтеруге мүмкіндік беруі. Әдетте ауыл мектебіндегі педагогты ұзақмерзімді біліктілікті арттыру курсына жіберу қиын. Себебі оның орнын алмастыратын маман табыла бермейді. Ал тірек мектеп жүйесінде мұндай жағдайда сабақ үзіліп қалмайды. Қажет болса, басқа мектептің мұғалімі онлайн түрде оқу үдерісін жалғастыра алады.
Ауыл мектептерінде кейбір пәндер бойынша маман тапшылығы да кездеседі. Осындай жағдайда желіге біріктірілген мектептердің мұғалімдері бір-біріне көмектесіп, жетіспейтін пән бойынша сабақ өткізуге мүмкіндік алады. Жас мамандар үшін де бұл жүйенің пайдасы мол. Ауыл мектебіне жаңадан келген мұғалімнің тәжірибесі аз болуы мүмкін. Бұрын ол көбіне өз мектебіндегі шағын кәсіби ортамен ғана шектелетін. Ал қазір тірек және шағын жинақты мектептердегі тәжірибелі әріптестерінің сабақтарына қатысып, олармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы өзінің біліктілігін тезірек арттыра алады. Сондықтан ауыл мектебінің жағдайын жақсарту дегеніміз – тек жаңа кабинет ашып, құрал-жабдық орнату емес. Ең бастысы – сол мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби әлеуетін көтеру, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасау және ұстазды үлкен кәсіби ортаға қосу.
Цифрландыру стандарттың мәнін өзгертпейді
– Елімізде Ұлттық тірек ауыл мектептері желісін құру талқыланып жатыр. Негізі, желілік мектептер көп емес. Бұл қадам қаншалықты дұрыс?
– Желілік мектептер әртүрлі бағытта құрылуы мүмкін. Мәселен, ауылдық жерлерде тірек мектептер шағын жинақты мектептермен бірігіп, оларға әдістемелік және кәсіби қолдау көрсетеді. Мұндай желі мұғалімдердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, ортақ сабақтар ұйымдастыруына, жаңа әдістерді бірге меңгеруіне мүмкіндік береді. Желілік мектептің тағы бір бағыты – белгілі бір пәнді немесе саланы тереңдетіп оқыту. Мысалы, инженерлік бағыттағы мектептер желісін құруға болады. Онда оқушылардың инженерлік сауаттылығын дамытуға басымдық беріліп, жаңа пәндер, оқыту әдістемелері мен білім беру тәсілдері сынақтан өтеді. Алдымен мұндай жаңалықтарды шағын мектептер тобында тәжірибеден өткізіп, нәтижесі тиімді болса, кейін жалпы білім беру жүйесіне енгізуге болады. Республикадағы физика-математика бағытындағы мектептерді де осындай желілік жүйенің бір үлгісі ретінде қарастыруға болады. Бұл мектептер өзара байланыс орнатып, физика мен математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіруге, жаңа технологияларды игеруге және пәндердің әлеуетін арттыруға жұмыс істейді. Өйткені бүгінде физика мен математика көптеген жаңа технологияның іргетасы болып отыр. Сол сияқты химия-биология бағытының да маңызы жоғары. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде физика-математика және химия-биология бағытындағы мектептер бар. Қазіргі технологиялық дәуірде бұл пәндердің әлеуеті ерекше. Сондықтан осындай бағыттағы мектептерді бір желіге біріктіру оқыту сапасын көтеруге және жаңа тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Желілік мектепті жеке-дара тұрған құрылым ретінде қарастыру дұрыс емес. Оның басты міндеті – жаңа әрі тиімді білім беру технологияларын сынақтан өткізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, жинақталған тәжірибені өзге мектептерге тарату. Сонымен қатар желілік мектептер оқу стандарттары мен бағдарламаларын жетілдіруге де ықпал ете алады. Мысалы, оқу бағдарламасының қай тұсы тиімді, қай жерінде кемшілік бар, оны қалай өзгерту қажет деген мәселелерді осындай мектептер базасында тәжірибе жүзінде анықтауға болады. Қысқасы, желілік мектеп – жай ғана ұйымдастыру формасы емес. Ол жалпы білім беру жүйесін алға жылжытатын, жаңа тәжірибені қалыптастырып, оны кең көлемде таратуға мүмкіндік беретін даму тетігі. Мұндай модель Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде қолданылады. Ұлттық тірек ауыл мектептерін желісін құру бастамасы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына енді. Алдағы уақытта осы мәселе дұрыс шешімін табады деп ойлаймын.
– Қазіргі білім беру жүйесінде стандарттар жиі өзгеріп жатыр. Кейбір ата-аналар мен мұғалімдер мұндай өзгерістерге алаңдайды. Жалпы, білім стандарттарының жаңаруын қалай түсінуіміз керек?
– Сіз келетіннің алдында білім стандарттарының даму тарихына қайта көз жүгіртіп отырған едім. Жалпы, стандарт ұғымы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптаса бастаған екен. Алғашында оны математика мұғалімдері бірігіп жасаған. Кейін ұйымдастыру стандарты қалыптасты. Бұл «оқытуды қалай ұйымдастырамыз?» деген мәселеге бағытталды. Ал қазір әлем бойынша нәтижеге бағытталған, яғни «шығу стандарты» алдыңғы орынға шықты. Бүгінгі білім берудің басты мақсаты – оқушыға тек дайын ақпаратты меңгерту емес, сол білімді өмірде қолдана білуге үйрету. Мысалы, химиядағы периодтық заңды жаттатып шығару ғана жеткіліксіз. Маңыздысы, оқушының сол заңдылықты түсініп, өмірмен байланыстыра алуы. Қазіргі стандарттың бұрынғыдан басты айырмашылығы да осында. Нәтижеге бағытталған стандарт мұғалімге академиялық еркіндік береді. Яғни мұғалімге белгілі бір деңгейде бостандық берілгенімен, оның басты міндеті – оқушыны нақты нәтижеге жеткізу. Кіру стандарты көбіне мемлекеттің жауапкершілігіндегі мәселе болса, шығу стандарты ұстаздың кәсіби жауапкершілігімен тікелей байланысты. Себебі түпкі нәтиже – оқушының алған білімін өмірде қолдана алуы.
Цифрландыру стандарттың мәнін өзгертпейді. Ол – тек құрал. Жасанды интеллект те сол сияқты білім берудің көмекші тетігі ғана. Мұғалім оқушыны жасанды интеллектімен жұмыс істеуге үйрете алады. Бірақ ең маңыздысы – оған дұрыс сұрақ қоя білу. Егер адамның базалық білімі болмаса, ол дұрыс сұрақ та қоя алмайды. Сонымен қатар жасанды интеллект берген жауапты саралап, талдай білу қажет. Сондықтан бүгінгі білім берудің ең үлкен міндеттерінің бірі – балаларды ойлануға, талдау жасауға және шешім қабылдауға үйрету. Бағалау жүйесінің де негізгі мақсаты – тек баға қою емес. Ең алдымен, мұғалім баланың оқу процесіндегі даму жолы туралы ақпарат алып отыруы керек. Сол ақпарат арқылы ол оқушыға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Сондықтан мұғалім сабақ барысында: «Оқушы қандай нәтижеге жетуі керек?», «Оның сол нәтижеге жеткенін мен қалай білемін?», «Оны нәтижеге жеткізу үшін қандай әдіс-тәсіл қолдануым қажет?» деген сұрақтарға жауап іздеуге тиіс. Осыдан кейін ғана мұғалім өз жұмысына баға беріп, нәтижеге жеткен-жетпегенін саралай алады. Білім сапасын түсіну үшін сынып ішінде не болып жатқанын білуіміз керек. Ал сабақтың сапасына, оқушының оқу процесіндегі дамуына ең алдымен жауап беретін адам – мұғалім. Мұғалімдік – өмір бойы ізденуді, оқуды, жаңаруды талап ететін мамандық. Сондықтан ұстаз академиялық еркіндіктен қорықпауы керек. Керісінше, оны жауапкершілікпен пайдаланып, әр баланы нәтижеге жеткізудің тиімді жолын таба білуі қажет.
– Кейінгі уақытта ағартушылыққа бет бұрып келесіз. «Үздік» деген авторлық кітабыңызды шығардыңыз. Ол жерде не қамтылды?
– Бұл кітап ата-аналарға көмекші құрал ретінде жазылды. «Үздік» деген атау тек үздік оқушы тәрбиелеуді ғана білдірмейді. Негізгі мақсат – өмірде өз орнын таба алатын, өз өмірін ұйымдастыра білетін, қабылдаған шешіміне жауап бере алатын саналы азамат тәрбиелеу. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Қазір екінші кітабым да аяқталып қалды. Ол ұстаздарға арналған. Онда білім сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі, қазіргі замандағы ұстаздың миссиясы туралы ой қозғалады. Себебі бүгінгі ғасыр – өзгермелі, күрделі әрі болжам жасау қиын кезең. Кітап жазу бизнес емес, жинақталған тәжірибені бөлісу.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ