– Асанәлі ата, бүгінде сексеннің сеңгірінен астыңыз. Ғасырға жуықтаған ғұмырыңызға, өткерген белестеріңізге нендей баға берер едіңіз?
– Біз соғыс жылдарының балаларымыз. Алысқа көз тастап қарасам, балалық шағым сондай ұзақ өткендей көрінеді. Сондықтан мен бір ғасыр жасаған сияқтымын. Өмірге ешқандай өкпем жоқ. Кейде жақсылығын, тіпті кейде жамандығын да көресің. Өмірдің өзі түрлі кезеңнен тұрады. Барлығы әркез жақсы бола бермейді. Осы уақытқа дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да көрдік. Сахнаның өз жақсылығы, сомдаған рөлдерімнің өз рақаты болды. Осының барлығы түптеп келгенде өмірімді ұзартады. Мен ылғи актердің екі өмірі бар екенін айтамын: бірі сахна, экран болса, екіншісі қарапайым, яғни сыртқы әлемдегі күнделікті тіршілігі. Екеуі де өмірде бір-біріне көмектеседі. Сахнаға актер ретінде түрлі рөлді алып шығасың, ал әрбір рөліңнің тарихы саған біраз дүниені ұғындырады. Осының бәрі адамның ми талшықтарын дамытады. Өмірде көп нәрсе білімге байланысты. Егер білімің көп болса, сахнадағы ғұмырың ұзақ әрі халыққа берерің мол болады. Менің сахнада бір күнде ойнап шыққан қойылымым бір жылға жететіндей нәр береді. Қазақта «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал ала алмайды» деген сөз бар. Расында, әр жастың өзіне берілген міндеті бар. Отыз бен қырықтың арасы – актер бар мүмкіндігін көрсететін, шеберлігі мен тәжірибесі ұштасатын шақ. Мен отыздан асқан шағымда «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» сияқты фильмдерде үлкен рөлдерді сомдап, қырық жасыма дейін сахна мен экранға біршама рөлді алып шығыппын. Осынау он жылға созылған уақыттың ішінде көрермен тарапынан үлкен баға алдым.
– Өзіңізді қалың жұртшылық қазақ өнерінің классикасына айналған әйгілі «Қыз Жібектегі» Бекежан рөлі арқылы жақсы біледі. Кино өнеріндегі ұлы бейне сіздің актерлік тағдырыңызға қалай әсер етті?
– Алғаш рет экранға үлкен кейіпкердің рөлін алып шығу, әрине актерге жақсы әсер етеді. Мұндай сәтте көрерменнің ыстық қошеметіне, бағасына ие боласың. Халық арасында танымалдылығың арта түседі, рөлің арқылы өсесің. Дегенмен онымен тоқтап қалмай, әрі қарай жоғарыға талпыну қажет.
Қазақта «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейді. Сахнаға шығып, алайда ештеңе тындырмай жүрсең, ол да актер үшін ыңғайсыз болуы мүмкін. Сондықтан көрермен актерден үлкен рөлдерді көргеннен кейін олардың ой-пікірі сол қалпында қалуы қажет деп ойлаймын.
Шәкен – өте сирек кездесетін тип
– Сіз кітабыңызда өзіңіз пір тұтқан үш адамның есімін ерекше атап өтесіз. Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова және бабаңыз Ысқақ пірәдар. Осы тұста табиғи дарыны бөлек Шәкен Айманов туралы бірер ауыз сөз қозғасақ. Ол кісіден өнерден гөрі өмірде көп нәрсе үйренгеніңізді айтып қалдыңыз. «Мен Шәкендей адамды кездестірген жоқпын, кездестірмеспін» дейсіз. Режиссердің өмірлік принциптері сіздің шығармашылық ұстанымыңызға қалай ықпал етті?
– Ұстазым әрі серіктесім Шәкеннің өмірдегі адамшылдық қасиеті, дұрыс өмір сүру салтына өзін-өзі бағыттағаны, жанындағы адамдарға деген көңіл күйі, өмірге деген көзқарасы аса жоғары. Егер ол физика, химия немесе басқа да ғылым саласына бет бұрса, Шәкеннен академик шығар еді. Себебі қай салаға салсаң да, оның істі соңына дейін алып шығатын табиғи таланты бар. Ал бойында табиғи таланты бар адам қай салада болмасын жарып шығады. Алайда біздің бақытымызға орай Шәкен Айманов өнерге келді, өнерді көркейтті. Мен тіпті Шәкенді Қаныш Сәтбаевтан кем емес деп айтар едім. Өйткені адамгершілік, табиғи дарын тұрғысынан олардың деңгейі бір. Шәкеннің өмірдегі жүріс-тұрысы, іс-әрекеті маған сабақ болып қалды. Оның аузынан шыққан сөзі, музыкада ойнай білуі, өлең айтуы, жан-жақты дарыны өте сирек кездесетін тип. Осы уақытқа дейін мен мұндай жанды әлі кездестірген емеспін. Барынша Шәкенге ұқсауға тырыстым. Кейде мәселенің түйінін тарқата алмаған кезде «Бұл жағдайды Шәкен қалай шешер еді?» деп өзіме сұрақ қоямын. Кейде сұрағыма жауабымды аламын. Оның актерлік мәнері мен ойын зерделей отырып, өзіме қажетті дүниеге қанықтым. Осының барлығы мәселені шешуіме, өз бағдарымды анықтауға көмектеседі. Шәкен өзгеге жамандығы жоқ мейірімді адам еді. Кезінде оған қарсы келіп, ісіне басқаша көзқарас танытқан, теріс пікірі қызғаныштан туған адамдар да болғаны рас. Бұл – талантты тұлғалардың өмірінде болатын заңды құбылыс.
Жағымды рөлді ойнау үшін де жағымды адам болу қажет
– Қазақ сахнасы мен кино өнерінде сіздің есіміңізбен қатар аталатын замандастарыңыз өмір жолыңызда қандай із қалдырды?
– Менің замандастарым Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Фарида Шәріпова, Сәбира Майқанова сияқты театр сахнасындағы серіктестерім еді. Олар актерлік өнерде мені өсірді. Мен де қолымнан келгенше оларды өсірдім. Сахнадағы серіктестер үнемі бірін-бірі сүйрейді. Осының нәтижесінде ғана театр өнері дамиды. Сәтті құрылған ансамбль – үлкен театр. Менің бақытыма орай, айналамдағы сахналық серіктестерім мықты болды. Режиссеріміз Әзірбайжан Мәмбетов бізді алға сүйреді, біз де оны биіктетіп жүрдік. Бұл – шығармашылық ұжымның нағыз үйлесімі. Бүтін бір ұжым болып қызмет еткендіктен, барлығы өз саласында өседі.
Сахнада актер бірде жағымды, кейде жағымсыз рөлді сомдайды. Оның барлығы – актердің күнделікті жұмысы. Егер көрермен жағымсыз кейіпкерді жек көріп кетсе, демек актердің өз рөлін сәтті алып шыққаны. Жағымды рөлді ойнау үшін де жағымды адам болу қажет. Ақылсыз адамды сомдау үшін де ақыл керек.
– Замандастар демекші, өзіңіз «Әйелдердің Қаллекиі» деп атап кеткен әкемтеатрдың анасы Сәбира Майқанова туралы әңгіме өрбітсек. Өнерді тұтас өміріне айналдырған, ел жадынан өшпейтін мәңгілік өнер тудыра білген театр тарланы бүгінгінің жастарына несімен үлгі?
– Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова – халық арасынан шыққан дарындар. Сонау 1930-1950 жылдары театрда патриархат кезеңі болған. Араға жылдар салып Сәбира Майқанова бастаған Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Зәмзәгүл Шәріповалардың келуімен матриархат кезеңі басталды. Соның ішінде алғашқы лидер әрі табиғи дарыны бөлек актриса Сәбира Майқанова еді. Ол театрымыздың бақыты, өнер ордасының өсіп-өнуіне үлес қосқан жан. Өкінішке қарай, бізде адамдар бір-бірін көзі тірісінде сыйламайды. Осының нәтижесінде көптеген құнды дүниені жоғалтып алдық, бүгінге дейін сақтап қала алмадық. Олар жайлы жазылып та үлгермеді. Жарқын тұлғалар туралы ауызша деректер айтылғанымен, уақыт өте келе ұмытыла бастайды. Олар – тарих. Өмірде де, сахнада да өтірік айтуды білмейді. Тіпті, әрқайсысына жүзден бір, мыңнан бір шыққандар деп баға беруге болады. Өзгелерге өтірік айтпай, өмірде шыншыл әрі адал болған адамды халық жақсы көреді. Олардың өнерге адалдығы, өсек-өтіріктен аулақтығы, шыншылдығы – шындық мектебі. Қазір сол шындық мектебі жоғалып бара жатқан сыңайлы. Қазіргі актерлердің кейбірі сахнада дайын сценарийде жазылған сөзін айтып бергенімен, оның астарында қандай мән жатқанын тереңінен ұғына бермейді.
Кезінде актерлер әрбір айтар сөзінің астарына үңіліп, бойына сіңіру арқылы рөлін сахнаға шығарды. Сонда ғана барлық шындық көрерменге көрінеді. Қазір заман өзгерді. Өкінішке қарай, жоғарыдан бастап төменге дейін өтірік көп. Халықтың әл-ауқатын ойламағандар көбейді. Олар жай ғана қалтасын толтырған паразиттер. Ал паразиттен жақсы адам шықпайды. Халықтың тұрмысы нашарлады, рухани аштыққа ұрынды. Мәдениет, әдебиет, ғылым болмаған жерде өмір – өмір емес. Мен сізге мына нәрсені айтайын, табиғат пен адам бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі табиғи құбылыстардың өзгеруі, сан түрлі ауру-сырқаудың келуі – адамның ниетіне байланысты туады.
– Сәбира апамыз Бішкектегі сапарында көрерменмен қауышар сәтті күтіп жүрген уақытта күтпеген жерден рөлінен алынып тасталған екен. Тосын жағдайдан кейін актриса жүгін жинап, Алматыға қайтып кетеді. Осы оқиғадан соң жаны жараланған актриса көпке дейін бұл күйден айыға алмайды. Тіпті, аурудан оңала алмай қайтыс болды деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас? Сол оқиға есіңізде ме?
– Иә, бұл – Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана» қойылымымен Бішкек қаласына гастрольдік сапармен барған уақытта болған оқиға. Сәбира Майқанова, шын мәнінде, Толғанайдың өзі. Ол сахнада кейіпкерінің кейпіне ене біледі. Сол жылдары сахнаға шығар алдында Шыңғыстың айтуы бойынша ма, әлде біреулер араға түсті ме, Сәбираның ренжіп, Алматыға қайтып келген кезі болған. Осы жағдайдан кейін көпке дейін тұра алмай, ауырып қалғаны да рас. Бірақ бұл оқиға оның өліміне себеп болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
– «Өнерде өз жолыңды бірден төрден бастайтын жағдайлар да болады. Одан кейін секіре алмай қаласың» дейсіз. Өнердегі жолын биіктен бастағандар үшін бұл актерді күйзеліске, құлдырауға ұшыратпай ма?
– Қыз Жібек пен Төлеген – басты рөлдерді сомдаған актерлердің фильмдегі алғашқы рөлі. Екеуі де халықтың аузында, сомдаған рөлі көрерменнің жүрегіне жетті. Олар өнердегі мансабын жоғарыдан бастады. Осы тұста актер әрі қарай қандай рөлмен биіктейді деген сұрақ пайда болады. Әсіресе, бұл кинода жиі болатын жағдай. Актер ең алғашқы жолын үлкен рөлді сомдаудан бастайды, елдің көңілінен шығады, бірақ әрі қарай қандай рөлдерді ойнайды? Сондықтан актерге одан да биігірек рөл қажет болады. Дегенмен бұл актерді құлдырауға әкелмейді. Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегі болып тарихта қалды.
Біз актерлік өнердегі мансап жолымызды көпшілік сахнадан бастадық. Алғаш кино әлемінде кішігірім эпизодтарға қатыстық. Әрине, бұл жақсы. Себебі сен өзіңмен жұмыс істеп, мансапта әрі қарай өсе түсесің.
– Шығармашылық адамының өміріндегі атақ пен танымалдылықтың рөлі қандай? Ол шынайы өнер мен үздіксіз ізденіске кедергі келтіруі мүмкін бе?
– Жоқ. Атақ-абырой, мемлекет тарапынан келіп жатқан орден – осы күнге дейінгі еңбегіңнің қорытындысы, ізденісіңе берілген баға. Бірақ актер бұл бағаға жауап бере білуі қажет. Өзіңе берілген бағадан әрі қарай биіктеуге талпынуың тиіс. Өнердің ешқашан шыңы болмаған. Осы уақытқа дейін болдым, толдым, өнердің нағыз шыңына жеттім деген адамды естімедім. Қазір театрдағы балаларды сахнаға тәрбиелеу үшін көркемдік жетекші қызметіне көштім. Онымен қоса, өнер академиясында сабақ беремін. «Жаңа ғасыр» атты жастар театрын аштым.
Өнердегі шекара – адамның жасы
– Ата, «өнер адамы үшін белгіленген шекара болмайды» дейді. Сіздің өміріңізде кей кездері сол шекараны бұзған сәттер болды ма?
– Шекара – адамның жасы ғой. Менің сексен екі жасқа келгенде неміс драматургі Герхард Гауптманның «Ымырттағы махаббат» пьеасына қойылған спектакльде рөл сомдадым. Расында, сомдаған кейіпкерім менің өміріме жақын еді. Бұл рөл – халық тұрып қол соғатындай соңғы рөлдерімнің бірі болды. Осы рөлден кейін мен сахнадағы актерлік жолымды жақсы әсермен аяқтайын дедім.
Бір ит оқуға түсіп келдім дедім…
– Сіз үшін өнер – тағдыр ма, әлде таңдау ма?
– Өнер – мен үшін тағдыр. Мен мектепте суретші болуды армандадым. Бірақ онымен қайда баратынымды білмедім. Бала кезімде актер боламын деп өмірі армандаған емеспін. Тағдыр мені аяқ астынан актерлік жолға қарай бағыттады. Кезінде Мәскеуде оқуын тәмамдап келген режиссер Асқар Тоқпанов актерлік бөлім ашып, студенттер қабылдамақшы болды. Сол уақытта менің қасымда сыныптас досым Райымбек (актер Райымбек Сейітметов – ред) деген жігіт болған. Екеуіз қай оқуға тапсыратынымызды шешпесек те, бір мәнісі болар деп Алматыға қарай жол тарттық. Сол уақытта «Казахстанская правда» газетіне консерватория жанынан театр және кино актерлерін даярлайтын актерлік бөлім ашылатыны туралы хабарландыру жарияланды. Райымбек хабарландыруды көрген соң қабылдауға алып-ұшып барды. Асқар Тоқпанов Райымбекті бірден қабылдапты, тіпті топтың старостасы етіп сайлап қойыпты. Сонымен, Асқар Тоқпанов оқуға жаңа қабылданған жігітке: «Оқуға түспей жатып бастық болдың. Жумайсың ба?» дейді. Бір күні Райымбек Асқар Тоқпановты үйге ертіп келген шақта оның көзі маған түседі. Сол сәтте ол маған «Бала, сен қайда оқып жүрсің?» деп сұрақ қойды. Мен «Селхозда» деп жауап қаттым. Біраздан кейін ол «Әй, Райымбек, мына баланы дайындап, ертең емтиханға алып кел» деді. Менің талантым жоқ, домбыра тартып, ән айта алмаймын. Енді әртістер солай болуы қажет деп ойлап жүрмін ғой. Асқар қолын бір-ақ сілтеді. «Азар болса қазақта бір агроном кем болар» деді. Сонда көрген көз жүріс-тұрысымнан, сөзімнен бір нәрсені көрген болуы қажет. Содан кейін Райымбек маған режиссер болып, «Жас гвардия» деген романнан Олег Кошевойдың монологын түнімен жаттатқызды. Ертеңіне консерваторияға бардық. Емтихан уақытында монологты дұрыс айта алмадым. Әйтеуір, бар дайындығымыздан шыққан өнерді көрсеттік. Комиссияда отырған төрт адам онша болмаған соң ұната қоймады. Бірақ олардың арасында отырған бір адам «Бала жас қой, әлі үйренеді» деді. Ол – Ахмет Жұбанов еді. Ахаңның сол бір сөзімен актерлік факультетке түсіп кеттім.
Анам соғыс жылдары Кентауда жұмыс істеген уақытта қызметшілерге жалақы берілмейтін. Қызметкерлердің бар жинаған азық-түлігі ұн ғана еді. Күніне жарты келі, бір келі ұн жинай берген екен. Досым Райымбек екеуміз бір қап толы ұнды базарға шығып саттық. Сол бір қап ұнның ақшасына Алматыға оқуға келдік. Анам: «Балам, Алматыға бар, ит оқу болса да түс» деді. Кейіннен актерлік өнерге оқуға түскен уақытта бүкіл туысқан «тұқымымызда актер шыққан жоқ, бұл оқуға түсудің қажеті жоқ» деп қарсылық танытты. Анама: «Бір ит оқу болса да түс деп едің ғой, бір ит оқуға түсіп келдім» дедім (күлді). Бірақ анам қай мамандық болмасын, ең бастысы, білім алуымды қолдады.
Кейінгі жарты ғасырда ұлы кейіпкер жасалған жоқ
– Өнер мен қоғам – бір-бірін толықтырып тұратын қос ұғым. Бүгінгі қоғамның беталысы өнердің дамуына қалай әсер етіп жатыр? Жаңа өзгерістерге өнер адамы ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Ашығын айтқанда, қазір жоғары тараптан өнерге деген көзқарастың төмен екені байқалады. Жылдар бойы жүздеген маман еңбек еткен киностудияда бүгінде санаулы ғана кадр қалған. Бұрын мемлекеттен бөлінетін 100 пайыздық қаржыландырудың орнына қазір 30 пайыз шамасында қаражат беріледі. «Қыз Жібек» сияқты халықтың жүрегіне жол тапқан фильмдерден кейін көрерменді дүр сілкіндіретін бірде-бір сапалы туынды шыққан жоқ. Нағыз өнер тумағаннан кейін көрермен де қабылдамайтыны анық. Кейінгі жарты ғасырда ел есінде қаларлық, ұлттың жүрегіне жол таба алған ұлы кейіпкер жасалған жоқ. Кино өнеріндегі 1970-1980 жылдар – «Қазақфильмнің» алтын ғасыры еді. Себебі әрбір түсірілім алаңында Шәкен бастаған шығармашылық қайраткерлері жиналды. Осының арқасында «Мосфильмнен» кейін «Қазақфильм» қатарда көш бастап тұратын.
Киноның тағдыры режиссерге байланысты. Киноны көркем ойды экран арқылы жеткізе алатын, ұжымды бір бағытқа ұйыстыра білетін режиссерлер жасайды. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев. Міне, осы төртеуі киностудияның өркендеуіне жол ашты. Мәселен, «Атаманның ақыры» фильмінде ірі планда түсірілген кадр көп. Осындай кадрлар түсіріліп жатқан тұста Шәкен актерге тік қарап тұрады. Шәкен тұрғанда өтірік ойнай алмайсың.
Бағдат – Майраның көшірмесі
– Сіздің өміріңіз өнермен өріліп қана қоймай, сонымен бірге тағдырдың түрлі сынағын өткерді. Қайғы мен қуаныштың тепе-теңдігін қалай сақтай алдыңыз?
– Адам болған соң жан бөлек екен. Майра көз жұмды, екі ұлым кетті, артынан анам алыс сапарға аттанды… Біршама уақыттан кейін өмірді қайта бастадым. Рас, елуден асқан шағымда жақын адамдарымнан айырылу оңайға соқпады. Майра өте сирек кездесетін, жазылуы қиын склеродермиямен ауырды. Бұл уақытта науқастың терісі қарая бастайды. Ауру бүкіл ішкі ағзаның жұмысына кері әсер етеді екен. Еміне шипа іздеп сонау Ресейге, Германияға бардым. Бірақ әрекетімізден нәтиже болмады. Майра Германияға барған бойда ес-түссіз күйге түсті. Апам Майраны жанындай жақсы көруші еді. Тіпті, өз қызындай тәрбиеледі. Майра қайтыс болған кезде апамның «Періште болып келіп еді өмірге, періште болып кетті-ау» деп жылағаны әлі есімде. Бағдат – Майраның көшірмесі. Ол қартайған шағымда кездескен жақсы адам болды. Бағдат – адамшылдығы мол жан. Өмірде айтқан сөзінен қайтпайтын, өмірі өтірік айтпайтын адам. Бағдат келгелі өмірімнің бәрі қайта басталғандай.
– «Майраның әні» кітабы – бір жанның тағдыры ғана емес, сіздің тұтас өмірлік тарихыңыздың да айнасы. Сол кітапта көрініс тапқан естеліктерді қайта еске алып, Майра апамыздың сіздің өнер адамы ретінде қалыптасуыңызға тигізген әсерін айтып берсеңіз…
– Майрамен кездесу – өмірімде болған бүтін бір тарих дер едім. Ол да үлкен тағдыр. Студенттік жылдары екеуміз консерваторияда бірге оқыдық. Ол қаланың қызы болса, ал мен ауылдың баласымын. Ауылдағы үлкендердің айтуы бойынша, қаланың қыздары үйдің тіршілігіне икемі болмайды деп еститінбіз. Сондықтан мен бастапқыда Майраға аса мән бере қоймадым. Бірге дәлізде бір-бірімізді көріп қалатынбыз. Бірде жаңа жылдың балында Майраны биге шақырып, барлығы сол биден басталып кетті. Майрамен шаңырақ көтерген соң ол маған басынан-ақ: «Тек өз жұмысыңды біл, үйдің тіршілігіне араласпай-ақ қой» деп ашып айтты. Содан бері үй тіршілігіне де, бала тәрбиесіне де аса араласпадым. Таңнан кешке дейін театрда жұмыс істеп, сомдайтын рөлдеріме көбірек көңіл бөлдім.
Майра о дүниеге аттанған уақытта «Майраның әні» атты кітапты жазамын деп ойлаған жоқпын. Бұл көңілімді жұбату үшін Майрамен әңгімелесейін деп жазылған кітап. Жаза бердім, жаза бердім. Бір күні Ақселеу досым жазбаларымды оқып отырып: «Бұл кітап қой, мұны баспадан басып шығару қажет» деп ұсынысын білдірді. Кейіннен Мұхтар Құл-Мұхаммед кітапты басып шығарды.
– Өткен өміріңізге «ризамын» деп айта аласыз ба?
– Өміріме өкпе арта алмаймын. Балалық шағым сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де, анамның қамқорлығының арқасында жетімдіктің тауқыметін сезіне қоймадым. Балалық кезеңде де, одан кейінгі өмірімде де ауыр трагедияларды бастан өткердім. Дегенмен өмір деген солай ғой. Өмірдің жақсылығын да, жамандығын да көрдім. Шаңырағым шайқалмады. Жақсы өмір сүрдім деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет, ата! Ғұмырлы болыңыз!
Сұхбаттасқан Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ