in

Әнуар Бектас, актер: Жүйелі айтылған сынды қабылдай аламын

Олар табиғаттан сұлулық, айналадан әдемілікті де бірінші көреді. Біз Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Әнуар Бектаспен сұхбаттастық. Жас талант Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» спектаклінде Жеңісханның, Роза Мұқанованың «Бопай ханымында» Шыңғыстың, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Жарастың рөлін жоғары деңгейде сомдап, көрерменнің көзайымына айналып жүр. 

– Өнерге деген құштарлық қашан пайда болды, бала кезіңізде актер боламын деп ойладыңыз ба?

– Әр адам маңдайына жазылғанын көреді. Менің өнерге келуім де солай шығар. Әкем мен анам басқа мамандық иелері болса да, ауылдағы концерттерде домбырамен екі дауыста ән айтатын. Туған ағам Ақылбек Бектасов – Құрманғазы оркестрінде күйші, ал әпкем бимен айналысқан. Сондай отбасыда туған менің де құлағыма қазақтың әні мен күйі сіңіп өсті. Ал нағыз актер болсам деген ой, қызығушылық, 6-сыныпта мектебіміз Оралдағы драма театрға апарғанда пайда болды. Басқа сыныптастарым шулап, орындарын ауыстырып, көрмей отыр­ғанда, мен шымылдық жабылғанша міз бақпай қатып қалыппын. «Бұл не? Қалай адамдар басқа бір тағдырды сахнада көрсетеді?» деген сұрақтар мазалады. Кейін облыстық, республикалық поэ­зия оқуларына қатыстым. Өнер академиясына оқуға түсемін деп бекінгенде театрда (Х.Бөкеева драма театры) тегін жұмыс істеп тәжірибе жинап жүрдім. Жалпы, бұл салаға келуіме қай баспалдақта болмасын, жақсы адамдар көмек беріп септігін тигізіп, себепші болып отырды. Сол кісілердің барлығына алғысымды білдіремін. Ал әкем соңына дейін өзінің ізін қуып, менің физик-инженер болғанымды қалады.

Әр кейіпкерді терең зерттеймін

– Ең алғашқы сахнадағы тәжірибеңіз есіңізде ме?

– Сахнадағы ең алғашқы тәжірибем мектеп қабырғасында басталған екен. 1-сынып. Наурыз мерекесіне орай анам екеуміз әжесімен немересі болып көрініс ойнадық. Сондағы қызығы «Әже» деп айтып келе жатып кей жерінде «Мама» деп қалады екем. Сосын «Ой, иә, Әже» десем көрер­мен ду күледі. Ал театрдағы ең алғашқы сахнаға шығуым Ер Төстік рөліне вводқа түсумен басталды. Ввод – актер болмай қалғанда, сұранғанда орнына тез арады шығу. 3 күн дайындалып, ертегіге шықтым. Қобалжып не айтып не қойғанымды білмей шыққан едім.

– Бүгінде сіз Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актерісіз және «Ақ жауын», «Ұйқым келмейді», «Алтайдан ауған ел», «Бопай ханым», «Ер Төстік» сынды көптеген қойылымдарда ойнаған екенсіз. Өзіңізге ең жақын рөл қайсысы болды?

– Мен үшін әрбір спектакль – ең алдымен процесс. Процесс деген сөз менің ұғымымда өсу, өркендеу, жетілу деген мағынаны білдіреді. Әр спектакль жаңадан басталған ақ парақ сияқты. Жаңадан басталған қойылымда барлығын зерттеп, кез келген құбылысқа жаңадан қарайсың. Тіпті, бұған дейінгі тәжірибелеріңнің де көмегі тимей қалуы мүмкін. Қызығымен, қиындығымен есте қалған спектакльдер бар. Мысалы, «Қарагөз» премьерасында Сырымның рөлі қиын болды. Себебі Әуезовтің тілін, сөз саптауын үйрену, қазақтың классикасын, кесек-кесек монологтарын игеру, сонымен қатар сахнада қазақтың көп актерлерінің арманына арналған рөлді сомдау оңай емес. Асан деген кейіпкердің Сырымға қатысты «Өз ауылы тентек дегенмен, ол – сұлудың албастысы» деген суреттеуі бар. Сондай маркаға, сондай үлкен спектакльге сай болу – үлкен жауапкершілік. 

– Рөлге дайындалу процесіңіз қалай болады? Өз кейіпкеріңізді зерттейсіз бе? 

– Әрине, әр кейіпкер терең зерттеуді талап етеді. Режиссер бізге рөлді бірден бермейді, яғни этюдтар арқылы әр актерді неше түрлі рөлге салып, содан кейін ғана тағайындайтын кездер болады. Сондай уақыттарда кейіпкердің түпкі мақсатын, ішкі толғанысын ғана емес, бұған дейін (сахнадағы көрсетіліп жатқан ситуацияға дейін) не болғанын драматург жазбай кеткен жағдайды да логикалық негіздерге сүйене отырып зерттейміз. Бұл мәселе режиссерге және актердің өзінің ішіндегі режиссерге байланысты. 

Актерді өсіретін де, өшіретін де режиссер

– Спектакльдің сәтті шығуы үшін режиссура мықты болуы керек пе? Әлде актерлік ойын ба?

– Менің ойымша, ең алдымен режиссер мықты болуы керек. Режиссер актердан 4-5 бас жоғары тұрады. Ол мықты болса, өзінің соңынан актерлерді ерте алады. Режиссер актердің қойған кез келген сұрағына логикалық тұрғыдан да, басқа жағынан да актер қанағаттанатындай жауап бере алуы керек. Мүмкін қазір актерлік тұрғысынан аздап эгоизммен айтып тұрған шығармын, бірақ меніңше актерді өсіретін де, өшіретін де режиссер. Мысалы, кейбір қойылымдарда актерлік ойын жоғары деңгейде болғанымен, режиссура, тіпті драматургия болмауы мүмкін, ол жағдайда актерлерге обал болады. Әрине, мықты режиссерлер де бар. Жоғарыда айтқанымдай, ең бастысы – процесс. Мысалы, керемет актриса Шолпан Хаматованың бір сөзі бар: «Маған нәтиже маңызды емес, маған үдерістің өзі маңыз­дырақ. Мен жобаны басынан аяғына дейін дайындықпен өткізіп, оны премьерада басқа актер немесе актриса орындауы үшін бере аламын». Енді Шолпан Хаматованың қаншалықты олай істей алатынын білмеймін, бірақ мәселе солай ойлай алуында. 

– Кәсіби жолыңызда сізге ең қиын тиген сын қандай болды? Жалпы, сынды қабылдай аласыз ба?

– Иә, негізі сынды өте жақсы қабылдаймын. Әсіресе, жүйелі айтылған сын болса. Кейде өзіңе не жетпей тұрғанын біліп тұрған кезде тура сол сын айтылса, әрине келісемін, түзеуге тырысамын. Барлығын тыңдаймын, бірақ керегін қабылдаймын. Сонымен қатар театрда жанашыр адамдарым бар, сол кісілерді дайындыққа шақырамын. Мысалы, менің театрдағы ұстазым – Жасұлан Ерболат деген актер ағам. Ол кісінің ойы мен үшін өте маңызды. Сондай-ақ марқұм ұстазым жайлы айтпасқа болмас. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаевтың «Әнуар, бұрынғыдай жұмыс істемей жүрген сияқтысың» деген бір ауыз сөзі мені екі есе жұмыс істеуге ынталандырды. 

– Киноға қаншалықты жиі түсесіз? Сценарий таңдайсыз ба?

– Жалпы, кино әлеміне жаңадан келіп жатырмын деп айтсам болады. Осы уақытқа дейін 3-4 жобаға түстім. Киноға қатты қызығамын, ол жерде де үлкен-үлкен психологиялық рөл ойнағым келеді. Дәл қазіргі уақытта Астана қаласында бір жобаға түсіп жатырмын. Әзірге құпия күйінде қалсын. Осы жазда жарыққа шығады деп ойлаймыз. Әрине, сценарий ұтымды болса, әдемі сахналары болса, тіпті керемет. 

– Сүйікті хоббиіңіз бар ма? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Иә, хоббилерім бар. Футболды қатты жақсы көремін. Аптасына бір-екі рет театрдағы дос­тарымызбен жиналып, футбол ойнап тұрамыз. Сондай-ақ бильярд ойнағанды жақсы көремін. Бос уақыт бізде аз болады, дегенмен отбасыма, жан-жарыма көңіл бөлуге тырысамын. Мен өзім өнерге қатты беріліп, отбасын ойламай кететін адамдардың қатарынан емеспін. Барлығына уақыт табуға тырысамын. 

– «Махаббатым сен» қойылымында Сәбиттің рөлін ойнадыңыз. Сәбит қойылым бойы сюжетке ерекше көңіл күй береді. Сізге бұл рөл қаншалықты жақын?

– Сәбит – шынымен де өте жарқын рөл. «Махаббатым сен» қойылымында ең ерекше рөл. Бұл жерде Тұрдықылыш пен Нұрикамалдың және Ханбибінің тағдыры алдыңғы планда, ал Сәбит қосалқы рөл, дегенмен де өзіндік айтар ойы, алып жүретін жүгі бар. Негізінен, Сәбит менің болмысыма мүлде қарама-қарсы. Өйткені ол – пайымы, түсінігі басқаша, өнерге ешқандай қатысы жоқ еңбек адамы. Қойылымда Тұрдықылышқа келіп: «Творчествоңнан не пайда, не хайыр? Сен бәрібір Шәмші бола алмайсың. Сен Нұрғиса бола алмайсың» деген жері бар. Ол кісінің түсінігі сондай. Бірақ Сәбит антагонист емес, ешкімге артық арам ойы жоқ. Бірақ оның шындығын түсіну тұрғысынан айтқанда маған жақын кейіпкер емес. 

– Қай режиссермен жұмыс істеу процесі көңіліңізден шықты?

– Осы уақытқа дейін көп режиссермен жұмыс істедім деп айта алмаймын. Бірақ өзіміздің театрдағы және Ресейден келген режиссерлермен жұмыс істеп көрдім. Әрине, бөліп-жарудан аулақпын, бірақ дегенмен де маған ұнайтын режиссер – материалға жан-жақты дайын келетін, идеясы бар, режиссерлік шешімдері бар мамандар. Актермен жұмыс істейтін режиссерлер кемде-кем, бірақ бар. Қай режиссермен жұмыс істеу де үлкен сабақ, үлкен тәжірибе. Мүмкін болашақта ойым өзгерер, бұл пікірлермен келіспей қалармын, бірақ әзірге осы. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Баян МАХСЕТ, ЕҰУ студенті