Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға көп. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарына балалары бар 4,5 мың әйел орналастырылған. Бұл – «барар жер, басар тауы жоқ», шарасыздыққа шырмалған әйел мен баланың соңғы үміті. Біз ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ақмарал Серікбаевамен еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес саясаты және әйелдер мен балаларды қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелестік.
– Елімізде кейінгі жылдары дағдарыс орталығына жүгінетін әйелдер санының артқаны байқалады. Әйел үшін жылылық пен тыныштықтың мекені отбасы, қасиетті қара шаңырағы емес пе еді? Жанына сая іздеген ана мен балаға өз үйі пана болмай, үрей құшағына айналуының себебі не?
– Елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында заң қабылданды, заңнама қатаңдатылды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де азаймай отыр. Зорлық-зомбылық – бір отбасының ғана қасіреті емес, тұтас қоғамның дерті.
Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ішкі істер органдары көптеген жұмыс атқарды. Әсіресе бұл бағытта әйелдер полиция бөлімшелерінің жұмысын атап айтсақ болады. Солардың қатарында 2023 жылы Қарағандыда жергілікті атқарушы органның қолдауымен облыстық полиция департаменті жанынан құрылған Отбасыларға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы бар. Қарағанды тәжірибесінің маңызды ерекшелігі – полицияның және басқа да мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі арқылы отбасыларға бірыңғай көмек көрсету. Мұндай орталық 2025 жылы қыркүйекте Қызылорда облысында да ашылды. Бұл орталықтар жергілікті атқарушы органның қолдауымен облыстық полиция департаменті жанынан құрылып, отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Оның жұмысына полиция қызметкерлерімен қатар медиаторлар, жеке сот орындаушылары, пробация қызметінің өкілдері, әлеуметтік сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мамандар тартылған.
Сонымен қатар 2025 жылғы қаңтарда ІІМ құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің базасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Аталған бөлімшелердің жеке құрамында әйелдердің үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін жергілікті бюджеттер есебінен қосымша 728 штаттық бірлік қарастырылды. Бұл штаттар бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 256 штаттық бірлігі бар Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің базасында мамандандырылған жұмысты ұйымдастыруға бағытталды. Сондай-ақ мұнда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында маманданған әйел қызметкерлердің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады. Мамандандырылған полиция бөлімшелерінің қызметі ІІМ жүйесінде жүзеге асырылса, орталықтарды дамыту өңірлік қажеттілікке және жергілікті органдардың мүмкіндіктеріне байланысты. Осы тәжірибелердің тиімділігін бағалау олардың одан әрі дамуы жөніндегі шешімдерге негіз болады.
– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелерге қызметкерді іріктеу қандай талаптар бойынша жүргізіледі?
– Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамның сенімі ең алдымен полиция қызметкерінің кәсібилігіне, әдебіне, құпиялылықты сақтауына және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білуіне байланысты. Сонымен бірге кейбір әйелдер үшін өз басынан өткен жағдайды әйел қызметкерге айту психологиялық тұрғыдан жеңілірек болуы мүмкін. Сондықтан мамандандырылған бөлімшелерді құру кезінде әйел қызметкерлерді барынша тарту міндеті қойылды. Бірақ қызметкерлердің жынысын кәсібиліктен жоғары қоюға болмайды. Негізгі талап – әрбір азаматқа құрметпен қарап, заң аясында сапалы көмек көрсету.
Нақты айтар болсақ, қызметкерлерді іріктеу полиция қызметіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес жүргізіледі, ал мамандандырылған бағытта кәсіби даярлыққа, азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасауға, тәуекелдерді бағалауға және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу дағдыларына ерекше мән беріледі. Мұндай жұмыста құқықтық біліммен қатар, жанжал жағдайында дұрыс әрекет ету, жәбірленушінің қауіпсіздігін ескеру және басқа мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеу қабілеті маңызды.
– Басқа да өңірлерде отбасыларға көмек көрсетудің Қарағанды мен Қызылорда облыстарының тәжірибесі негізінде бірыңғай орталық құру қажеттілігі жоқ па? Жалпы, аталған орталықтарда атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі қандай?
– Еліміздің барлық өңірлерінде барлық маман бір ғимаратта орналасқан бірыңғай жүйені толық енгізудің өз тәртібі бар. Ол өңірлердегі қажеттілікке қарай реттеледі.
ІІМ-нің мамандандырылған бөлімшелері өз құзыреті шеңберінде құқықбұзушылықтардың алдын алу, өтініштерге ден қою, қауіп-қатерді бағалау және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жұмыстарын жүргізеді. Негізгі мақсат – жәбірленушінің әртүрлі мекемелерге қайта-қайта жүгіну қажеттілігін азайтып, оған қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру. Ал Қарағанды мен Қызылордадағы отбасыларға көмек көрсету орталықтары – бірнеше қызметтің өзара іс-қимылына негізделген кешенді көмек көрсету алаңдары. Бұл орталықтарға жүгінген азаматтар бір уақытта құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және басқа да көмек түрлерін ала алады. Бұл ретте полицияға түскен өтініштер мен тіркелген құқықбұзушылықтар, сондай-ақ сотқа жолданған істер бөлек есептеледі.
Мәселен, жыл басынан бері Қарағандыдағы отбасына бірыңғай көмек көрсету орталығында шамамен 1 884 адамға көмек көрсетілді. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 82 өтініш қабылданып, тіркелді, 126 адамға психологиялық, 132 адамға құқықтық көмек көрсетілді, 63 азамат медиаторға жүгінді. Қорғаншылық және инклюзия мәселелері бойынша 8 мәселе шешіліп, қиын өмірлік жағдайға тап болған 9 адам, оның ішінде 2 бала анықталды. Дағдарыс орталықтарына 54 әйел мен 69 бала орналастырылып, 28 адам жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ сот орындаушыларына 1 311 азамат жүгініп, олардың өтініштері бойынша 263 млн теңге алимент өндірілді. Отбасылардың татуласып, қайта қосылуына байланысты 19 атқарушылық құжат өндіріп алушыларға қайтарылып, 9 отбасы медиациялық келісімге келді. Бұдан бөлек, 150-ден астам қоғамдық іс-шара, соның ішінде акциялар, семинарлар, тренингтер, дәрістер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.
– Жалпы тәжірибеде әйелдердің полицияға түсірген арызынан бас тартатын жағдайлар жиі кездесе ме? Мұндай жағдайда заң әйелдің қауіпсіздігін қалай қорғайды?
– Жәбірленушінің бастапқы өтінішінен бас тартуына немесе құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтан бас тартуына әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында агрессордың қысым көрсетуі, кек алуынан қорқу, материалдық тәуелділік, туыстардың азғыруы, балалардың жағдайына алаңдау, тұрғын үй мәселелері және отбасылық жағдайдың өзгеретініне үміттену бар. Сондықтан мұндай жағдайларда жәбірленушіні кінәлау емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті қолдау көрсету маңызды.
Өтінішті қайтарып алу немесе татуласуға ниет білдіру құқықтық процесті тоқтатпайды. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында жәбірленушінің арызына тәуелділік құқық бұзушылықтарды анықтау мен оларға ден қоюда белгілі бір кедергілер туғызатын. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға енгізілген өзгерістермен тұрмыстық құқық бұзушылықтарға ден қоюдың арыздану сипатынан анықтау сипатына көшу қамтамасыз етілді.
Қазір жәбірленушінің арызының болмауы немесе оның кейіннен арызынан бас тартуы құқықбұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылдауға өздігінен кедергі келтірмейді. Құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалып, материалдар соттың қарауына жолданады. Соңғы құқықтық бағаны сот береді.
Сонымен қатар құқықбұзушылық туралы ақпарат тек жәбірленушінің өзінен ғана түспеуі мүмкін. Оны куәгерлердің, үшінші тұлғалардың хабарламалары, бейнебақылау камераларының жазбалары және өзге де ақпарат көздері арқылы анықтауға болады. Мұндай мәліметтер заңнамада көзделген тәртіппен тексеріліп, тиісті шаралар қабылдауға негіз бола алады.
Сондай-ақ заңнамалық өзгерістер татуласу мүмкіндігіне де шектеу қойды. Қазіргі тәртіп бойынша тараптардың татуласуына тек сотта және бір рет қана жол беріледі. Осылайша, негізгі қағидат – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қою жәбірленушінің арыз беруіне немесе оны қайтарып алуына ғана тәуелді емес. Полицияның міндеті – құқықбұзушылықты анықтау, заңда көзделген шараларды қабылдау және оның қайталануына жол бермеу.
– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасырын жағдайларын анықтау үшін полиция қандай жаңа тәсілдер қолданып жатыр?
– ІІМ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда тек түскен өтініштерге ден қоюмен шектелмей, қауіп-қатерді ерте анықтау және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қолданады. 2025 жылдан бастап мамандандырылған бөлімшелерінің қызметін күшейту осы жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Қызметкерлер отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарды талдайды, тәуекел деңгейін бағалайды, профилактикалық жұмысты жүргізеді және бұрын зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасылардағы жағдайды бақылауға қатысады. Сонымен қатар азаматтардың полицияға жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту, халықпен кері байланыс орнату, дағдарыс орталықтарымен және басқа ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды. Мақсат – зорлық-зомбылықтың ауыр салдарға әкелуіне жол бермей, алдын алу, қауіптің алғашқы белгілерінде тиісті шаралар қабылдау.
– Жәбірленушілердің полицияға қайта-қайта шағымдануына тура келмейтіндей «бір терезе» қағидатын қалыптастыру жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Қазіргі тәжірибеде жәбірленушіге кешенді көмек көрсету үшін бірнеше қызметтің өзара іс-қимылы ұйымдастырылып келеді. Қарағанды мен Қызылордадағы отбасыларға көмек көрсету орталықтары осы тәсілдің нақты мысалы. Дегенмен 2024 жылдан бастап елімізде Отбасын қолдау орталықтарының қызметі заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды жергілікті атқарушы органдар құру тәжірибесі енгізілді.
Бүгінгі күні республикада 161 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту. Орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмекті үйлестірілген түрде алуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда отбасылар тиісті мемлекеттік органдарға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге бағытталады. Бұл тәсіл мәселені тек салдарымен күресу арқылы емес, оның туындау себептерін ерте анықтап, отбасыға уақытылы қолдау көрсету арқылы шешуге мүмкіндік береді. Отбасын қолдау орталықтары мен полицияның мамандандырылған бөлімшелерінің өзара іс-қимылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, тәуекелдерді ерте анықтауға және зардап шеккен адамдарды қажетті көмекпен қамтуға ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ