Президент өз Жолдауында осы түйткілдерді шешіп, кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігін айтты. «Кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ: «бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту», – деп атап өтті. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін қандай қадамдар қажет? Шағын кәсіптің орта бизнеске айналуына не сеп болады? Осы сауалдарға Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Ниязалиевпен әңгімеде жауап іздедік.
– Президент Жолдауында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды. Осы бағытта «Әділет» партиясы орта бизнестің үлесін 20 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір бизнесін кеңейтуге ұмтылған шағын кәсіпкерлердің жолында қандай кедергілер бар?
– Кәсіптің өркендеуін кәсіпкердің қабілеті мен қолындағы қаражатына ғана қарап бағалауға болмайды. Адам ісінің қыр-сырын жетік біліп, аянбай еңбек етіп, тапқанын кәсібіне құюы мүмкін. Бірақ сол еңбектің жемісін көруі қандай ортада жұмыс істеп отырғанына да байланысты. Алдын негізсіз талаптар кес-кестеп, өндірген тауарын нарыққа шығара алмаса немесе меншігінің қорғалатынына сенбесе, кәсібін қалай кеңейтеді? Сондықтан кәсіпкердің өзіне талап қоюмен бірге оның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек.
Президенттің орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу туралы тапсырмасының мәні де осында деп білемін. Қаржыландыру, өндірісті жаңғырту және өнім өткізу мәселелері өзара сабақтаса қарастырылуы қажет. Кәсіпкерге жаңа жабдық алуға қаражат беріп, сол жабдықпен шығарған өнімін кімге сататынын ескермесек, қолдаудың қайтарымы қандай болмақ? Өндірісті жолға қоюмен қатар оның әрі қарай жұмыс істеуіне негіз болатын мүмкіндіктерді де ойластыру қажет.
Мәселен, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында орта бизнестің үлесін 20 пайызға жеткізу көзделген. Бұл меженің артында кәсібін өсіруге талпынған азаматқа жол ашу міндеті тұр. Ісін кеңейткен кәсіпкер қосымша адамды жұмысқа алады, жергілікті жерде өнім шығарады, өзге кәсіпорындарға тапсырыс береді. Сөйтіп, бір кәсіптің өркендеуі айналасындағы жұрттың да нәпақа табуына сеп болады.
Осы мақсатқа жету үшін партияның «111+ шешім» атты құжатында үш бағыт белгіленген. Олар – бизнес тиімді жұмыс істей алатын салаларда мемлекеттің қатысуын қысқарту, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту, қаржыландыру мен мемлекеттік тапсырысқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мұның бәрі кәсіпкердің өз күшіне сеніп, жұмысын ұлғайтуына жағдай жасауға бағытталған.
Жолдауда кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысатыны айтылды. Демек, кәсіпкерліктің өзге бағыттарын, соның ішінде өндірісті дамытуға да көңіл бөлуіміз қажет. Сауда жүргізу мен өндіріс ашудың қам-қарекеті бірдей емес. Өндіріске бет бұрған адамға жабдық керек, оны іске қосуға қаражат қажет, шығарған тауарын өткізу жолын да алдын ала ойластыруға тура келеді. Сондықтан қолдау шаралары әр саланың осындай ерекшеліктерін ескеруге тиіс.
Әрине, әрбір шағын кәсіп міндетті түрде орта бизнеске айналуы керек деген ұғым жоқ. Біреу отбасылық кәсібін жүргізіп, соның берекесін көргісі келеді. Енді біреу өндірісін ұлғайтып, жаңа нарыққа шығуды көздейді. Біз өсуге ұмтылған азаматтың жолына қолдан тосқауыл қоймай, талабын жүзеге асыруына мүмкіндік беруіміз керек. Жиырма пайыздық меженің мәнін де осыдан көремін.
– Жолдауда орта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту мәселесі көтерілді. Бұл бағытта кәсіпкерлерге қандай қолдау ұсынылады?
– Біздің ұсыныстарымыздың бірі – отандық инвестор мәртебесін заңмен бекіту және жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын енгізу. Өз елінде қаражат салып, өндіріс ашып, жұмыс орындарын құрып отырған азаматтың еңбегі ескерілуі керек. Бұл Жолдауда айтылған орта бизнесті күшейту міндетімен сабақтас.
Технологиялық жаңғыртуға да осы көзқарас қажет. Кәсіпорын жаңа жабдық алғанда өндіріс көлемін ғана емес, өнім сапасын жақсартуды, шығынын азайтуды көздейді. Қаржылық қолдау осындай нақты қажеттілікке жауап бергенде пайдалы болады. Кәсіпкер алған қаражатын қалай пайдаланатынын, оның шаруасына қандай өзгеріс әкелетінін алдын ала түсінуге тиіс.
Ауылдағы кәсіпке қатысты ұсынысымыз да бар. Тұрғындардың табысын арттыру үшін жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несиелеуді кеңейту көзделген. Мұны өнім өткізу, мал азығын дайындау үшін бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерімен қатар қарастырамыз. Себебі шаруашылыққа несие берілгенімен, өнімін сата алмаса немесе күнделікті қажеті өтелмесе, қаржының қайтарымы төмендейді.
Салық мәселесінде кәсіпкерге түсінікті әрі алдын ала болжауға болатын тәртіп қажет. Адам бүгінгі шығынымен бірге ертеңгі міндетін де есептей алуы керек. Сонда қанша адамды жұмысқа алатынын, табысының қандай бөлігін жабдыққа жұмсайтынын байыппен шешеді.
Одан бөлек, еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту, салықтық жеңілдіктердің тиімділігін бағалау тәсілдерін қайта қарау ұсынылған. Жаңа өндіріс нысанын салып, жабдық сатып алып, қуатын арттыратын кәсіпорындарға қосылған құн салығын қайтаруды жеделдету де қарастырылған.
Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікке салықтық ынталандыру мен мүліктік қолдау ұсыну көзделеді. Демек, қолдау кәсіптің қызметі мен қажеттілігіне қарай берілуі керек. Ең бастысы, кәсіпкер қандай мүмкіндік барын, оған қалай жүгінетінін және өзінен не талап етілетінін анық білуі қажет.
– Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынды. Бұл бастаманы қалай бағалайсыз?
– Меніңше, бұл ұсыныстың басты мәні кәсіпкердің күнделікті жұмысына түсетін әкімшілік қысымды азайтумен байланысты. Адам уақытын тексерушілерге құжат дайындауға емес, өнім шығаруға, қызметін жақсартуға, жұмыс орындарын сақтауға жұмсауы керек. Президент айтқандай, бизнеске кедергі келтірмеудің өзі үлкен көмек.
Микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу жөніндегі ұсыныс осы тұрғыдан құнды. Бұған дейінгі тәжірибе де өзінің тиімділігін көрсетті. Енді оның нәтижелерін ескере отырып, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік салмақты жеңілдетуге жол ашылып отыр. Бұл кәсіп иелерінің ертеңгі күнге сенімін нығайтып, жұмысын кеңейтуіне, жаңа бастамаларды қолға алуына дем береді.
Жолдауда мораторийді бақылау-қадағалау жүйесін өзгертіп, цифрлық реттеуге көшуге арналған стратегиялық үзіліс ретінде қарастыру ұсынылды. Мұның мәні терең. Осы кезеңде кәсіпкерден бір мәліметті қайта-қайта сұрататын рәсімдерді азайтып, мемлекеттік бақылауды ашық әрі түсінікті етуге мүмкіндік бар. Кәсіп иесі өзіне қойылатын талапты да, қабылданған шешімнің негізін де анық білсе, жұмысын соған сай жоспарлайды.
Бұл жұмыста кәсіпкерлердің тәжірибесіне сүйенген жөн деп есептеймін. Қай рәсімнің уақыт алатынын, қай талаптың қолбайлау болып отырғанын күнделікті сол іспен айналысатын адам жақсы біледі. Олардың ұсыныстарына құлақ ассақ, артық әуре-сарсаңды азайтып, бақылау тәртібін жеңілдете аламыз.
– Мемлекет маңызды тапсырыс беруші болып қала беретінін Президент атап өтті. Шағын өндірушінің мемлекеттік сатып алуға қатысып, ірі кәсіпорындарға өнім өткізуіне қалай жол ашылады?
– Кәсіпкер үшін тұрақты тапсырыстың маңызы зор. Ол тауарын кімге сататынын, келесі тапсырысы болатынын шамалай алса, жұмысын сенімді жоспарлайды. Жолдауда сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындардың еншісіне қалдыру мүмкіндігі айтылды. Өнім жеткізушілерге қойылатын талаптарды жұмсарту мәселесі де көтерілді.
Бұл ұсыныстарды іске асыруда тең мүмкіндік қағидаты сақталуы қажет. Шағын кәсіпорынның сатып алуға қатысуына қойылатын талаптар оның мүмкіндігін негізсіз шектемеуі керек. Сонымен бірге өнім сапасы мен шарттағы міндеттемелердің орындалуы маңызды. Кәсіпкер тапсырыс алудың тәртібін түсініп, өз күшін бағалай алатындай жағдай қажет.
Біз отандық өндірушілермен ұзақмерзімді шарттарды кеңінен қолдануды ұсынамыз. Өнімді алдын ала сатып алу туралы келісімдер де қарастырылған. Мұның мәні қарапайым: кәсіпкер болашақта шығаратын тауарына сатып алушы барын алдын ала біледі. Соған сүйеніп, шикізатын, жұмыс күшін және өндіріс көлемін жоспарлайды.
Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жетілдіру туралы ұсынысымыз да осы мақсатты көздейді. Өнімнің ел ішінде қаншалықты өңделетіні, жергілікті өндірістің үлесі, технологиялық жұмыс пен қосылған құнның қалыптасуы жөніндегі өлшемдерді толықтыру көзделген. Қолдау нақты өндіріс жүргізіп отырған кәсіпорынға жетуі керек.
– Жолдауда отандық өнімдердің нарыққа шығуына әдейі кедер-гі келтіру мәселесі де айтылды. Осындай кедергілерді қалай жоямыз?
– Президенттің осы мәселеге назар аударуы орынды. Меніңше, алдымен өндіруші мен сауда желісінің арасындағы келісімдерге үңілген жөн. Тауарды сөреге қоюдың шарты, алынатын төлемдер, есеп айырысу мерзімі алдын ала белгілі болса, кәсіпкер шығынын есептей алады. Ал келіссөз үстінде жаңа талаптар шыға берсе, шағын өндірушінің оған төтеп беруі қиын.
Сондықтан сауда желілерінің тауар қабылдау талаптарын ашық жариялауын ұсынар едім. Өнімді қабылдаудан бас тартса, себебін жазбаша түсіндірсін. Сонда мәселе сапада ма, жеткізу көлемінде ме, әлде өндірушіге негізсіз шарт қойылып отыр ма, ажыратуға болады.
Екінші мәселе – өткізілген тауардың ақысын уақытында алу. Ақшасы кідірген кәсіпкер шикізат сатып ала алмайды, келесі тапсырысын орындай алмай қалады. Сондықтан шарттағы төлем мерзімінің сақталуы да назарда болғаны жөн.
Даулы жағдайда өндірушінің шағымын жедел қарайтын тәртіп ұсынар едім. Шағымданғаны үшін серіктестіктен айырылып қаламын деген қауіп болмауға тиіс. Кәсіпкер өз құқығын қорғай алса, жасырын талапқа көнуге мәжбүр болмайды. Мұндағы мақсат саудаға араласу емес, екі тараптың келісілген шартты сақтауына қол жеткізу. Тауардың жолын оның сапасы мен тұтынушы сұранысы айқындағаны дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН