Ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 50-ден аса рөл сомдаған. «Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп білетін өнер иесі өзіндік ұстанымдарымен, берік көзқарасымен, адамгершіліктің ақ жолын кесіп өтпес мінезімен қадірлі. Биыл халқының сүйіспеншілігіне бөленген актер алпыстың асуын бағындырды. Біз Бекжан Тұрысты мерейтойымен құттықтап, аз-кем сұхбаттастық.
– Бекжан аға, 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Өмірдің алпысыншы белесінен өткенге көз салсаңыз, қандай баға бересіз? Сізді адам ретінде қалыптастырған қандай сәт немесе сабақ өміріңізде ерекше есте қалды?
– Өмір өткендер мен өткелдерден тұрады. Өткеніме өкпем жоқ. Ақсақал көріп өскен, қазыналы қарттың айтқанын тыңдап, кимешегі кірлемеген әженің тектеуімен ержеткен буынның өкілімін. Құдайға шүкір, өмір жолымда жүріс-тұрысымен, іс-әрекетімен, тіпті киген киімі, сөйлеген сөзімен жақсы жаққа бағыттап, тәрбиелеген аға-апаларым көп болды. Сондай адамдардың әрқайсысының бір жақсы қасиетін өзіме жұқтыра алдым. Өткен өмірдің бәрі менің бүгінгі болмысымды қалап шығарған кірпіштер.
Қара бастың қайғысын құлдық тірліктің рахатына айырбастаған емеспін. Ел мүддесін екі елі естен шығарғам жоқ. Негізгісі мағыналы өмір сүре білу ғой. Сен өлгенде бір адам сен туралы жаман айту түгілі жаман ойлай алмаса, нағыз мағыналы өмір – сол. Қазір әжептеуір жасқа келдім. Оң-солыма баға беретіндей көргенім, түйгенім бар. Алды-артыма қараймын. Өз басым кіршіксіз таза өмір сүрдім деп айта алмаймын. Себебі біз періште емеспіз, қатесіз адам болмайды. Кейде сөзден, кейде ісіңнен жаңыласың. Бірақ негізім дұрыс. Құдай қалған ғұмырымды естілермен өткізсе деймін. Тағдырдың адам баласының маңдайына жазған сыйы болады. Менің маңдайыма бұйырған несібе – өнер.
Ұлттың рухы көтерілгенде ғана беделі артады
– Осыдан он жыл бұрын «Ұлым, саған айтамын, ұлтым, сен тыңда» деп көкейде жүрген көп ойды моноспектакліңізде жеткіздіңіз. Содан бері де бірнеше жыл өтті. Сіз айтқан ақыл ескеріліп, үміт ақталды ма? Қоғамның бүгінгі беталысына көңіліңіз тола ма?
– Мен ол кезде ұлым арқылы ұлтымыздың болашағына, саулығы мен салауаттылығына, бүкіл болмысы мен қадір-қасиетін арттыруға ойларымды ортаға салдым. Ұлтты сүю, ұлтты сыйлау дегеннің не екенін ұлттың рухы көтерілгенде ғана өзге жұрттың алдында беделді болатынын ұғындырғым келген. Ұлтын сүйе білетін терең ойлы текті ұрпақ қана ұлт рухын жоғары көтере алады.
Бүгін де көңілдің күпті екені рас. Қазір біз қатал заң мен қатал күнкөрістен қорқып қана тірлік құратын торыққан тобырға айналып барамыз. Жоғалған өнер, ескірген дәстүр, шашылған білім, қомағай қоғам, өнегесіз өркениет… Өтірік қоғамда өтірік ғұмыр кешуді өмір сүрудің негізгі тірегіне айналдырып алдық. Ел ішіндегі шектен шыққан парақорлық пен әділетсіздік, мансаптың тағы үшін мақтанға салынып, басының бағы үшін ар-ұятын саудаға салып, жағымпаздықтың жарапазанын айтып жүрген «жасампаздарды» көргенде «апыр-ай, жұмыр жер неге жыртылып кетпей шыдап тұр» деген ойға қаласың. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы? Керекке жарамайтындарды керемет тұтқан бүгінгі қомағай қоғам көмейі бүлкілдегеннің бәрін шешен, көптің үстінен зіркілдегеннің бәрін көсем етіп қойды. Көлгірсіп сөйлеп көптің көңілін аулайтын жылтырлар көбейді. Азаматтық позицияның жоқтығы мен тапшылығы мұңайтады. Ұлтының жанын ұқпай ұлы болғысы келетіндерін қайтесіз! Тоғышарлық жайлаған қоғамдағы кеселдерге қарсы тұра алмай келеміз. Ұлттың ұлағатты дәстүрі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді. Дәстүрлі өмір салтымыздан жаңылып, ата-бабамыз қалыптастырған ұлтымыздың ең тамаша қасиеттерінің бірі болып табылатын адамдар арасындағы өзара кісілік, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің қатынас қалыптарының шырқын бұзып алдық. Қазақтың кез келген ұлттық әдет-ғұрпында кісілік, адамгершілік, мейірім бар еді. Сол ұғымның шырағын сөндіріп алдық.
Осының бәрі айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным мен сенімге мойынсұнбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ. Қулық пен сұмдықтың құдығына сүйреген қуаяқ, сұмауыз болып барамыз. Өзекті өртеген осы ойлар көңілге тыным, жүрекке маза бермейтіні рас.
– «Өнер ұлтпен бірге жасайды» деп жүрміз. Қазақ қоғамында өнердің миссиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Өнер ұлтқа қызмет етуі керек. Қазіргі өнер жеке бастың қамына қарай һәм атақ пен абыройға қызмет ететін болды. Мәдени, рухани болмысымызды көмескілеп, мүлде басқа мәдениетті қайталаушы рухани құлға айналдық. Кез келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің халқы үшін керек. Сондықтан өзінің ұлы өнерін әлемге таныту үшін кез келген адам кез келген ұлт алдымен өзі талпыныс жасауы керек. Әдебиет пен өнер – әрбір ұлттың рухани уызы. Ал «уызына жарыған» деген сөздің астарлы мағынасын саналы қазақ жақсы түсінеді. Ұлттық өнер ол – бүкіл бір ұлттың жүрегі, ақыл-ойы, ар-намысы. Өнеріміз өрелі болса, елдің де еңсесі биік тұрмақ. Аспан астында, жер үстінде өмір барда, өнер де бар. Өнер адамына бардан гөрі жоқты көбірек айту пайдалы. Бардың парқын жоқтың нарқы өсіреді. Ұлттың өмір сүруінің кепілі және мұраты-ұлттық төлтумалықты сақтау. Ата өнерінен ажырамаған ұлттың болашағы жарқын жолы айқын болады.
Шындықты айтқан шын мұратына жете бермейді
– Ал әртіс үшін шынайылық пен шеберлік қалай ұштасуы қажет?
– Актерлік – міндет. Бұл ұғымның аясы өте кең. Оған актердің асыл мұраты, асқақ мақсаты, адамдық парасаты, ордалы ойлары жатады. Үлкен жүрегі бар адамнан үлкен өнер туады.
– Адам ретінде, актер ретінде қандай құндылықтарды жоғары қоясыз?
– Әр ұлттың өз болмысы, өз ерекшеліктері бар. Оның әрқайсысы –бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық мәңгілік құндылық. Біз бүгінде өз құндылығымыздың ішінен қажетімізді таба алмай жүрміз. Адамзат үшін ең құнды нәрсе өмір болса, сол өмірді мәнді де сәнді ететін – адамгершілік. Мен адамгершілікті жоғары қоямын.
– Актер шындықты жеткізуші ғана ма, әлде оны өзгерте алатын тұлға ма?
– Актерлік өнер бұзылмаған табиғаттың өзіндей кіршіксіз, таза өнер. Шындықты айту – парыз. Шындықты айта алмайтын болсақ, болмыс берген талант дейтін құдіреттің құны бес-ақ тиын.
Ақиқат болмаған жерде ұлы өнер туындамайды. Бірақ соны айтпайды. Шындықты айтқан шын мұратына жете бермейді. Өйткені досы аз, дұшпаны көп. Шындықты айтқан адамды рухани қорғап қолдай бермейміз.
Шындық көзге шұқиды қашаннан да,
Шыбын жаның шындықтан қаша алғанба!
Ар-ақиқат үкімі жасалғанда,
Қолға түсер ноқтасыз асаулар да…
…Шындық деген-шымылдық біреулерге,
Қалқа қылып шындықты жүрер пенде.
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,
Шыбыны ұшып, бейшара, кірер жерге,
– Мұқағали ағамыз осылай дейді.
Асыл мен жасықты айыра алмайтын дертке ұшырадық
– М.Әуезов театрының сахнасында бұрын Бекжан Тұрыс пен Елжан Тұрыс бар еді. Қазір бұл тізімде Мағжан Бекжанұлы да бар. Ұлыңыздың өнеріне әке ретінде баға бересіз бе, әлде әріптес ретінде ме?
– Әке ретінде де, әріптес ретінде де баға беремін. Мағжан о баста өнер жолын таңдағанда, соншама қарсылық танытып, ақыры Алматы энергетикалық университетіне құжат тапсыруға көндіріп едім. Оны өте жақсы бітірген соң «Әке, оқы дедіңіз, оқыдым, дипломыңыз, міне. Енді менің өз қалауыммен жүруіме рұқсат етіңіз» деді де, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжат тапсырып, оқуға түсті. Студент болып жүргенде курстастарымен бірге бір-екі өзіндік жұмыс істеп, онысын Мәскеуге апарып қойып, кішігірім жүлде алып келіп жүретін еді. Оқуын бітіретін кезде Жалғас Толғанбаевтың баласы екеуі тағы да өзіндік жұмыс істеп, онысын Ассоциация жиыны болғанда, өздері өтініш білдіріп, сондағы театрлардың алдына әкеп қойып, екі баланың еңбегі жоғары баға алыпты. Ол жұмысты мен де көрген едім, тәп-тәуір дүние болып шыққан екен. «Бағыты жаман емес екен» деп іштей риза болдым. Бірақ театрға қалдырады деп ойламаған едім. Сөйтсем кішкентайынан театрдың ауласында ойнап, бес жасынан бастап немересін кейіптеп, ұлылардың табаны тиген киелі сахнаның шаңын жұтып, иісін иіскеп өскендіктен болар, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі ағалар осылай шешімін шығарып қойыпты.
– Бір сұхбатыңызда: «Ұстаз болудың жауапкершілігі үлкен. Қазір университетті кеше ғана бітіріп, сол жерде ұстаздық етуге қалып қойған балалар бар. Солар көп болса, менің баламмен жасты. Күлкің келеді» депсіз. Ұстаздықтың жүгін сіз сезінгенмен, басқалар неге сезіне алмайды?
– Бұл сұраққа сол адамдардың жауап бергені дұрыс-ау.
–Театр мен кинода қатар еңбек еттіңіз. Ал қазір бұрын КВН ойнаған немесе қалтасында ақшасы бар кез келген адам кино түсіріп жатыр. Олардың фильмдерін көресіз бе? Арзан әзіл көрерменге опа таптыра ма?
– Кино өнері арқылы, теледидар арқылы тасқындап құйылып жатқан шет жұрттың рухани үрдістері қойны-қоншымызды кеулеп, төрімізде тайраңдап салтанат құрып, өз ұрпағымызды өзімізге жат етіп бара жатқанын көргім келмейді. Бұл келеңсіздікті түзету былай тұрсын, айтқан адамның өзін «ескіні көксеуші», «артта қалған», «ұлтшыл» деген қарғыс таңбасымен күстәналайды.
«Өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино» – дейді Ленин. Біз қазір асыл мен жасықты өз бетімізбен айыра алмайтын дертке ұшырадық. Бүгінде боғауыздан тұратын кинолардың көп екені рас. Өкініштісі, сол кинода Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер жүр. Бізге қазір ұлтты руханиятсыздықтың дертінен аман сақтаудың жолдарын қарастыру керек.
– Сіз еліңіз үшін баяғыдан «Халық әртісісіз». Былтырдан бері бұл атақ қайта жаңғырды. «Халық әртісі» атағын ресми түрде неге бермеді, әлде сізді ұсынбады ма?
– Жоқ, ұсынған жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН