in

Энергетика саласындағы жағымды жаңалық

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Манарбек Қылышқанов металл бөлшектерді жоғары температура мен агрессивті ортадан қорғау мәселесін шешуге бағытталған маңызды жобаны жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік грантқа ие болған бұл жоба энергетикалық жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға және жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін берік антикоррозиялық жабындарды жасауға арналған инновациялық технологиялық процесті әзірлеуді көздейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Біз екі заманауи әдісті біріктіретін кешенді технология әзірлеп жатырмыз: газотермиялық бүрку және лазерлік өңдеу. Бұл тәсіл арқылы никель, хром, бор және кремний негізіндегі өздігінен ағып, тығыз жабын түзетін қорытпаларды (Ni-Cr-B-Si) металға жағуға мүмкіндік туады, – дейді Манарбек Қылышқанов. – Осындай материалдар өңдеуден кейін тозуға төзімді, тығыз әрі ыстыққа берік қабат қалыптастырады.

Энергетикалық машина жасау – ең күрделі және жоғары талап қойылатын салалардың бірі. Мұндағы жабдықтар өте жоғары температура, қысым және химиялық әсер жағдайында жұмыс істейді. Кез келген ақау өндірістің тоқтауына, тіпті апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан металл бөлшектерді арнайы жабындармен қорғау – жай ғана қажеттілік емес, өнеркәсіп үшін маңызды қауіпсіздік шарасы.

Аталған жоба өзінің ауқымдылығымен де ерекше – ол материалтану, механика, физика және химия сияқты бірнеше ғылыми бағытты біріктіреді. Осындай пәнаралық тәсіл шын мәніндегі инновациялар көбіне туындайтын ғылымның түйісу нүктелерінде тың шешімдер жасауға жол ашады.

Сонымен қатар жоба аясында жас мамандарды даярлау жоспарланған. Университет қазіргі заманғы технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды одан әрі дамыта алатын жаңа буын инженерлер мен зерттеушілерді тәрбиелеуді көздеп отыр. Бұл – отандық өнеркәсіптің болашағына қосылатын қомақты үлес.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.