Қаланың білім беру жүйесінде жаңа оқу жылына дайындықпен қатар әрбір баланың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және өз құқықтарының қорғалуына мүмкіндік беретін кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді.
2025-2026 оқу жылында Шымкент қаласындағы 1 388 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алды. Оның ішінде 658 мектепке дейінгі ұйым мен 291 жалпы орта білім беру мекемесі жұмыс істеді. Бұл көрсеткіш қаланың білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің ауқымын аңғартады. Бұл туралы Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында атап өтті.
Өткен оқу жылында қала мектептерінде 277 мыңнан астам оқушы білім алды. Олардың қатарында 16 003 түлек мектеп бітіру туралы куәлігін алса, 24 178 оқушы 9-сыныпты аяқтады. Білім алушылардың оқу жетістіктері де жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 766 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болса, 1 196 оқушы мектепті үздік аттестатпен тәмамдады. Ал 9-сыныпты аяқтаған 1 608 оқушы үздік куәлік алды.
Шымкенттік оқушылардың республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында қол жеткізген жетістіктері де қаланың білім беру жүйесіндегі оң өзгерістердің бір көрсеткіші. 80-нен астам түлек әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алып, халықаралық білім гранттарын жеңіп алды. Қала оқушылары ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінді.
Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы Керімбай Саян. Ол халықаралық «Regeneron ISEF-2026» ғылыми-техникалық байқауының финалдық кезеңіне жолдама алып, Шымкент оқушыларының халықаралық аренадағы білім-бәсекесіне қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл ретте білім сапасын арттыру тек оқушы жетістігімен ғана өлшенбейтіні анық. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен ізденісі де маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта жүзеге асырылған «Сапалы білім» жобасы аясында 13 мыңнан астам педагогтің қатысуымен «Білім беру шебері» байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысында үздік деп танылған 10 педагогке бір жыл бойы ай сайын 200 мың теңгеге дейін қосымша сыйақы тағайындалды.
ӘРБІР БАЛА ҚАМҚОРЛЫҚТА БОЛУҒА ТИІС
Баланың қауіпсіздігі, оның білім алуға, денсаулығын сақтауға, қолайлы ортада тәрбиеленуге деген құқығын қамтамасыз ету – қаланың әлеуметтік саясатының маңызды бағытының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларымен ғана шектелмейді. Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдау, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға жағдай жасау, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және олардың құқықтарының сақталуын бақылау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Қазір ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 857 бала арнайы ұйымдарда және жалпы білім беру мекемелерінде тиісті қолдауға ие. Инклюзивті білім беруді дамыту арқылы әрбір баланың қабілеті мен мүмкіндігіне қарай білім алуына жағдай жасалуда. Балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға да басымдық берілген. Бүгінде 112 мыңнан астам оқушы қосымша білім беру үйірмелерімен қамтылған. Жазғы демалыс кезінде Kitap Camp, PROF START және EduCampShym жобалары ұйымдастырылып, оларға 224 мыңнан астам оқушы қатысты.
Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға айрықша назар аударылуда. Биыл алғаш рет QOSYMSHA ақпараттық жүйесі енгізіліп, балаларға арналған сауықтыру демалысына жолдамаларды бөлу процесі цифрландырылды. Бұл шешім ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, балаларды әлеуметтік мәртебесіне қарай қолдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Осы бағытта Шымкентте цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. AIQYN жобасы аясында енгізілген биометриялық бақылау жүйесі қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Ал бейнеаналитика құралдары арқылы мектептердегі қауіпсіздік жағдайы мен оқу процесіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Сонымен бірге Qarqyn бірыңғай цифрлық платформасы арқылы білім беру жүйесінің 12 негізгі бағыты толық цифрландырылды. Оның ішінде мектеп қауіпсіздігі, биометриялық бақылау, тамақтануды ұйымдастыру, сабақ сапасын бақылау, бухгалтерлік есеп, еңбекақы төлеу, мемлекеттік қызметтер, мемлекеттік білім беру тапсырысы және балалар контингентін басқару процестері бар. Цифрлық жүйе арқылы жүргізілген талдау нәтижесінде қаржыландыруға, оқу жүктемесіне және балалар контингентіне қатысты бірқатар сәйкессіздік анықталып, оларды реттеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Шымкентте 2026-2027 оқу жылына дайындық жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Қала мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 18 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған. Мектепалды даярлық тобын өз мектебінде аяқтаған балалардың бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылдануы ата-аналар үшін де, білім беру ұйымдары үшін де қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл жеті білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы жылы тағы сегіз мектеп пен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Өткен оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бірқатар білім беру ұйымдарында қосымша оқу корпустарының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта тағы бес мектептің қосымша ғимараттарының құрылысы жүргізілуде.
Баланың сапалы білім алуы мектеп табалдырығын аттаған сәттен емес, мектепке дейінгі кезеңнен басталады. Сондықтан Шымкентте мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында қаладағы 76 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілгелі бері 99 мыңнан астам ваучер берілді. Қазір 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 84,5 пайызға жетті.
Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен жекеменшік балабақшаларда 3 500 жаңа орын ашу жоспарланып, оның 2 114 орны пайдалануға берілді. Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдардағы қызмет сапасы мен заң талаптарының сақталуына бақылау күшейтілген. Мемлекеттік тапсырыстың орындалуына жүргізілген мониторинг барысында талаптарға сәйкес келмеген тоғыз балабақша мемлекеттік тапсырыстан шеттетілді.
Шымкентте техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға да басымдық беріліп келеді. Қаладағы 37 колледжде 49 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 10 мыңнан астам студент дуальды оқыту жүйесі арқылы тәжірибелік даярлықтан өтуде. Жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 6 мың грант бөлініп, құжат қабылдау науқаны басталды.
Шымкенттегі білім беру саласындағы өзгерістердің барлығы бір мақсатқа – баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өйткені бала құқығын қорғау тек белгілі бір мекеменің немесе мамандардың ғана міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, қоғам және мемлекет бірлесе атқаратын ортақ жауапкершілік.
Шаһарда қолға алынған кешенді шаралар білім сапасын арттырумен қатар, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіз ортада білім алып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін еркін дамытуына мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының қарқынды жүргізілуі де осы мақсаттың айғағы. Жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустарының бой көтеруі, білім беру ұйымдарының жөндеуден өтуі, әлеуметтік қолдау көлемінің артуы, мектепке қабылдау процесінің жүйеленуі және цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуі – мегаполистегі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы