in

Министр Саясат Нұрбек Шерхан Қалмұрзаға ректорлық грант табыстады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Шерхан Қалмұрзамен жүздесіп, оған оқуына ректорлық грант табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән береді.

– Президент өз сөзінде: “Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе”, – деген еді. Осы бағытта біз де жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жағдай жасап келеміз. Сондай-ақ барлық спортшылар халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет екенін атап өткім келеді. Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда қалыптасуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкілқазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен құттықтаймын және алдағы ойындарда сәттілік тілеймін, – деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында министр жастарға үлгі көрсету мақсатында ақылы бөлімде білім алып жүрген Шерхан Қалмұрзаға ректордың білім беру гранты табысталды. Сонымен қатар алдағы уақытта да дарынды жастарға айрықша көңіл бөлінетіні жеткізілді.