in

Келесі жылдан бастап мектепте стоматология кабинеттері ашылады

Оқу ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бірқатар жобалар жүзеге асыратынын мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қос министрлік білім беру ұйымдарында медициналық қызметті ұйымдастыру, инклюзивті кабинеттер, сондай-ақ педагогтердің денсаулығын сақтау, психологтердің біліктілігін арттыру мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істемек.

Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық шаралар мен кейбір нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралмақ.

“Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен балалардың денсаулығын нығайту бойынша бірлескен жоба аясында келесі жылдан бастап ірі мектептерде стоматология кабинеттері ашылады”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік сапалы тамақтануды ұйымдастыру үшін мектеп асханаларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілетінін, ол мектептегі тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұрын болған келеңсіз жағдайларға жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталғанын атап өткен. Елде облыстық басқармалар мен аудандық білім бөлімдерінің жанынан барлығы 222 ведомствоаралық сараптамалық топ құрылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram   арнасынан таба аласыз.