in

Инклюзивті білім беруді енгізген алғашқы колледж

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін бейімделген бағдарламалар, педагогикалық қолдау және қолайлы оқу ортасы жасалған.

Қазір колледжде 82 студент ерекше білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледж «Дала Skills» сияқты ірі кәсіби конкурстар мен іс-шаралар өткізді, оған ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер де қатысты.

– Жұмысшы мамандықтар жылы аясын­да қарағандылық жастар техникалық және кәсіптік білімді саналы түрде таңдай бас­тады. Бүгінде жұмысшы мамандықтар тек сұранысқа ие болып қана қоймай, бұрынғы беделін қайта қалпына келтіріп, кәсіби және жеке дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді колледж директоры Әсел Сапарова.

Мұнда студенттер 15 бағыт бойынша дайындалады: сәулет, құрылыс, дәне­керлеу ісі, ландшафттық және өнер­кә­сіптік дизайн, ақпараттық қауіпсіздік, жиһаз өндірісі және тағы басқа ма­ман­дықтар бар.

Колледждің шеберханалары мен зерт­ханалары заманауи жабдықтармен жаб­дықталған, бұл студенттерге жоғары дәл­діктегі дәнекерлеу, BIM жобалау және басқа практикалық жұмыстарды меңгеруге мүм­кіндік береді.

–  Бүгінде студенттеріміз кәсіби білім алып, болашаққа сенімді қадам жасай ала­ды. Біздің түлектердің 80-85%-ы оқу бі­тірген соң бірден жұмысқа орналасады. Жұ­мысшы мамандықтарға деген қызығу­шылық артып келеді, сол арқылы колледж­дің мәртебесі де өсуде. Тек биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 390 студент қабыл­данды, былтырғы жылмен салыстырғанда 50 адамға көп. Бұл сапалы техникалық бі­лімге сұраныстың артқанын көрсетеді, – дейді оқу орны басшысы. 

Колледж дуальді білім беруді белсенді дамытып, облыстың жетекші кәсіпорын­дарымен ынтымақтастық орнатқан. Оқу өндірістік ортаға жақын жағдайда жүргізі­леді: 1-курс студенттерінен бастап заманауи жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесін алады. Бұл оларға тек теориялық білім емес, өндірісте практикалық дағдыларды жетіл­діруге мүмкіндік береді. Колледждің серік­тестері қатарында «ЦентрЭнерго­Меха­ни­зация», Prof Invest, «Барусан Макина Қа­зақ­стан», Alina Group, «ЖАККО Кара­ганда», «Сантехпласт» және өңірдің басқа жетекші кәсіпорындары бар.

Студенттер мен түлектердің жетістік тарихы – алған сапалы білімнің айқын дәлелі. Мысалы, колледж түлегі Асанәлі Батыршин өз ісін бастап, қазір 25 адамнан тұратын бригаданы басқарады, ішкі әрлеу жұмыстарын орындап, мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырады. «Колледж маған кәсіби база мен сенімділік берді. Бүгін мен  құрылысшы ғана емес, өз жеке бизнесім бар кәсіпкермін, – дейді Асанәлі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы