in

Жас ғалымдардың жарқын жеңісі

Қазір халықаралық олимпиадаларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген білімді оқушылар саны артып келеді. Соның бірі «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында жақында Бейжіңде өткен 45-ші Ғылым және технология байқауынан екі бірдей оқушымыз бірінші орынмен елге оралды. 

Кейінгі жылдары білімдегі мұн­дай жағымды жаңалықтарды жиі естіп жүрміз. Мәселен, был­тыр халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралған. Сөйтіп, жалпы есепте 1 006 медаль жеңіп алып, халықаралық аренада рекордтық жылды орнатты. Ал енді тақыры­бымызға тұздық болып отырған су жаңа олимпиада жеңімпаздарына оралайық. Олар «Алматы дарыны» орталығының оқушылары – Әмірәлі Кибаров пен Әлімжан Әділдабек. Екі өрен де 10 елдің жас ғалымдарынан оқ бойы озық шығып, жобаларын сәтті қорғап, бірінші орынға қол жеткізді. Бай­қау екі кезеңнен тұрды. Бірінші ке­зеңде жобалар байқаудың ғы­лы­ми бағыттарына, сәйкестігіне қарай іріктелді. Екінші кезеңге қатысу үшін Қазақстан, Италия, Чехия, Түркия, Малайзия, Оңтүс­тік Африка, Нигерия, Тайланд және Ресей командалары, сондай-ақ Қытай бойынша мектеп оқушыларының ең үздік ғылыми жобалары іріктелді. Әмірәлі хи­мия санаты бойынша жеңімпаз атан­са, Әлімжан ботаника (тірші­лік туралы ғылымдар) санатын­дағы жобалардың ішінде үздікке лайық болды. 

– Менің жұмысым жабайы орхидеяларды зерттеуге және оларды дұрыс көшіріп отырғызу арқылы жақсы жерсіндіру жолдарын анықтауға арналған. Зерттеу жұмысына шамамен 2 жыл уақыт жұмсадым. Жұмыс барысында кәдімгі көшіріп отырғызу кезінде саңырауқұлақ жіпшелерін (микориза) қолдану арқылы өсімдіктердің 100% тір­шілік етуіне қол жеткізуге бола­тынын дәлелдедім. Болашақта биотехнолог мамандығында білім алып, өсімдіктер негізінде меди­циналық препараттар әзірлеумен айналысуды жоспарлап отырмын, – дейді Әлімжан.

Болашақта дәрігер болуды армандайтын Әмірәлі Кибаров бұл байқауға шамамен алты айға жуық дайындалған. Оның ғылы­ми жобасы гибридті суперконден­саторларға арналған көміртекті материал жасауға бағытталған.

«Қарапайым тілмен айтқанда, энергияны жинақтап, сақтауға тиімді материал әзірлеумен айна­лыстым. Жобамның ерекшелігі – бұл материалды күріш қауызы­нан, яғни қарапайым ауыл шаруа­шылығы қалдығынан алуым. Бұл әзірлемені тек ғылыми тұрғыдан қызықты етіп қана қоймай, соны­мен қатар практикалық тұрғыдан да тиімді етеді, өйткені ол қол­жетімді әрі арзан шикізатқа негізделген. Зерттеу нәтижесінде менің материалым коммерциялық YP80F материалымен салыстыр­ғанда жоғары көрсеткіштер көр­сетті, бұл оның болашақта қолда­нылуы үшін аса маңызды. Жоба барысында күріш қауызы­нан гиб­ридті суперконденсатор­ларға арналған көміртекті мате­риал әзір­лей алдым. Оның басты ар­тық­шылығы – өндірісінің ар­зан­дығы, себебі ол қалдықтан жаса­лады. Мен үшін бұл –маңыз­ды ғылыми нәтиже, өйткені жоба практикалық пайда мен ресурс­тарды тиімді пайдалану идеясын ұштастырады.

Болашақта дәрігер болуды ар­мандаймын. Әсіресе стоматология саласы, оның ішінде имплантоло­гия бағыты ерекше қызықтырады. Мен адамдарды емдеп қана қой­май, олардың өмір сапасын жақсартуға, денсаулығын, сенімін және күлкісін қайта қалпына кел­тіруге мүмкіндік беретін маман­дықты таңдағым келеді. Бұл мен үшін жай ғана кәсіп емес, үздіксіз дамуға және қоғамға пай­да ти­гізуге жол ашатын өмірлік ба­ғыт», – деді ол.

Беделді байқауға балаларды «Ғылымдағы балалар» – «Дети в науке» жобасының негізін қалау­шы, педагог-ғалым Ләззат Абай­қызы алып барған. 

«Ұшақта келе жатқанда оқу­шы­лар менен бұл марапаттың Қазақстанда қандай маңызы бар екенін сұрады. Олар грант иегері бола ала ма немесе «Болашақ» шәкіртақысына үміткер бола ма, қызықтыратын сұрақтары – осы. Бұл сұрақты жыл сайын халық­ара­лық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары да қояды. Бірақ жауап әлі жоқ. Ғылыми кадр же­тіспейді деп академия ылғи айта­ды. Ертеңгі ғалымдар қазір мектеп қабырғасында отыр емес пе?!», – дейді Л. Абайқызы.

Әртүрлі халықаралық деңгей­дегі байқауда жеңіске жететін болашақ ғалымдарды дайындай­тын жобаның негізі қаланғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Не­гізін қалаған Ләззат Құсайынова­ның айтуынша, жоба ғылымды насихаттау, жастарды ғылыми салаға тарту мақсатында ғылыми білім беруді дамыту, сондай-ақ қазақстандық оқушыларды ше­тел­дегі халықаралық конкурстарға даярлауды (Индонезия, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тунис және т.б.) көздейді. Және мектеп оқушыларының халықаралық ғылыми байқауларға қатысуы ұйымдастырылады.

«Болашақ ғылыми кадрлар бүгін мектеп партасында отырған балалардың арасынан шығатыны анық. Осыны ескеріп, біз «Ғы­лым­дағы балалар» жобасы аясын­да түрлі іс-шараны тұрақты түрде өткізіп келеміз. Соның бірі – ғы­лыми лагерь. Бұл лагерьге келген балалардың басым бөлігі ғылымға қызығады, болашақта ғалым болуды армандайды. Жалпы, ғылым саласындағы іс-шаралар­дың ішінде ғылыми сауаттылықты арттыру, ғылыми білімді кеңінен тарату және ғылымды насихаттау­дың орны ерекше деп санаймын. Тек білім беріп қана қоймай, жас­тардың интеллектуалдық және шығармашылық еңбегін қол­дап, оны құрметтей білу маңыз­­ды. Сонда ғана олар өз әле­уе­тін толық жүзеге асыра алады. Ғылыми сауаттылықпен бірге академиялық адалдық қағида­ларын қалыптас­тыруға да ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі осы екі ұстанымсыз сапалы ғылым қалып­тас­пайды. Ал сапалы ғылым ғана нақты нәтиже беріп, қоғам­ның дамуына үлес қоса алады», – дейді педагог-ғалым.

Бүгінде «Ғылымдағы балалар» жобасы қарқын алып, жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Тәлімгерлер әр баланың дарынын байқап, оған дұрыс бағыт сілтеуге ерекше мән береді. Биыл жоба аясында тағы бір қуанышты жаңалық бар. Енді халықаралық ғылыми байқауларда топ жарған оқушылар жоғары оқу орындары­ның грантына ие болып қана қоймай, ақшалай марапаттарға да қол жеткізеді. Бұл – жас зерттеу­шілер үшін үлкен мотивация. Әрине, «Ғылымдағы балалар» жобасындағы оқушының әрқай­сысы болашақта ғалым болып кетпейтін шығар. Алайда олар алған білім мен тәжірибе кез келген салада қажет болары анық. 

Сымбат БЕГІМБАЙ