in

Астанада дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған “Жазғы мектеп” ашылды

Астанада дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен ғалымдарды біріктіретін халықаралық “Жазғы мектеп” жобасының ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл білім беру жобасы дене тәрбиесі мен спорттық дайындық саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған және Халықаралық Олимпиада күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның ұйымдастырушылары – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Дене шынықтыру ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті.

Жобаның негізгі серіктесі – Кореяның Спорттық ғылымдар институты (KISS). Бұл – Корея спортын дамыту стратегиясын айқындайтын жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі.

KISS командасы спорт саясаты, спорт индустриясы және спортшыларды ғылыми тұрғыда қолдау салаларындағы сарапшылардан құралған. Олар дәрістер мен шеберлік сабақтары барысында бұқаралық спорт жүйесінде және дарынды балалар мен жас спортшылармен жұмыс істеуде қолдануға болатын заманауи әдістемелерді, сараптамалық тәсілдерді үйретіп, тәжірибесін бөліседі.

“Жазғы мектеп” – бұл жай ғана білім беру алаңы емес, елдегі дене шынықтыру саласының болашағын айқындайтын кәсіби қауымдастық қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз Кореяның Спорттық ғылымдар институтына озық білімдері мен әдістемелерін үйретуге дайын болғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ спорт арқылы тәрбие беруге бар күшін салып жүрген ұстаздарға зор құрмет білдіреміз.

Оқыту барысының Халықаралық Олимпиада күні қарсаңында өтуі де ерекше мәнге ие. Себебі білім мен тәжірибе алмасу – Олимпиадалық қозғалыстың негізгі құндылықтарының бірі. Мектеп қатысушылары тек жаңа білім алып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақпен, болашақ чемпиондармен және еліміздің белсенді азаматтарымен жұмыс істеуге кәсіби шабыт алатынына сенімдімін,” – деді ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев.

Халықаралық Олимпиада күніне орай Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті өткен жылдардағы жетістіктер, шабыт пен мақтанышты бейнелейтін естелік олимпиадалық төсбелгілер көрмесін ұйымдастырды.

“Жазғы мектеп” 15 маусымға дейін жалғасады. Қорытынды күндері Қазақстан білім беру жүйесіндегі дене тәрбиесін дамыту стратегияларына арналған панельдік сессиялар өтеді. Кейін сарапшылар Щучье қаласында дәрістер өткізеді.