Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттерге стипендия мөлшері ұлғайтылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған студенттерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
«Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді. Сонымен қатар биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясының өлшемі өседі. Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», – деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алуда. Түлектердің ең көп саны келесі бағыттар бойынша: педагогикалық мамандықтар – 48,4 мың студент; бизнес, басқару және құқық – 24,6 мың.; инженерлік ғылымдар – 24,3 мың.; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13,4 мың.; денсаулық сақтау – 10,3 мың.; ауыл шаруашылығы –1,8 мың.