Соңғы жылдары өмір салтымызға «цифрлы аутизм» деген термині ене бастады. Бұл – баланың гаджетке тәуелді болуынан туындайтын психологиялық ауытқу. Яғни, бала адамдармен қарым-қатынасқа түскісі келмейді, сыртқы ортаға енжар, эмоциясы әлсіз, жалғыздықты жақсы көреді. Бұл туралы Ayqin газетінің “Балалық шақ – экранның ар жағында емес” деген мақалада жазылған, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Психологтердің айтуынша, бала алғашқы үш жаста көбірек адаммен байланыс жасап, сөйлесуі керек. Ал егер бұл кезеңде ол экран алдында отырса – мидың сөйлеуге, ойлауға, шешім қабылдауға жауап беретін нейрондары тежеледі. Бұл кейіннен оқу үлгеріміне, қоғамға бейімделуіне әсер етеді. Сондықтан бүгінде балалардың гаджетке тәуелділігі жиі кездесетін құбылысқа айналды.
– Баланың гаджетке тәуелді болуы көбінесе жалғыздық пен назардың жетіспеуінен туындайды. Көп ата-ана үшін телефон баланы тыныштандырудың «құтқарушы құралына» айналып кеткен. Алайда бұл уақытша шешім ғана, оның арты баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін, – дейді психолог маман Лимана Қойшиева.
Психологтің айтуынша, тәуелділіктің алғашқы белгілері – гаджетті алып қойған кезде баланың агрессия көрсетуі, әлеуметтік қарым-қатынасқа қызықпау, зейіннің тұрақсыздығы және ұйқы бұзылыстары.
– Смартфондағы жылдам ауысатын бейнелер үнемі дофамин бөлінуін туғызады. Бұл – ми үшін жасанды ләззат көзі. Нәтижесінде, бала шынайы өмірден қуаныш табуды тоқтатып, кітап оқу, сөйлесу, ойнау сияқты әрекеттерге қызығушылық жоғалтады, – дейді маман.
Психолог баланы гаджеттен мүлде ажырату емес, сапалы қарым-қатынасты күшейту керегін баса айтады.
– 3-6 жас аралығындағы балаға экран алдында ең көбі 15-20 минут қана уақыт беруге болады, ал мектеп жасындағы балаларға – 1 сағаттан аспауға тиіс, – дейді ол.
Оның орнына баламен бірге серуендеу, ойын ойнау, кітап оқу немесе шығармашылықпен айналысу ұсынылады.
– Ең бастысы ата-ана баласына үлгі бола білуі керек. Егер ересектер өздері де үнемі телефонға телміріп отырса, баланың одан бас тартуы қиын. Гаджет емес қарым-қатынас пен көңіл бөлудің орны ешнәрсемен толтырылмайды, – деп түйіндеді Лимана Қойшиева.