Елордадағы №17 және №91 мектеп гимназияларының, Алтынсарин және Қадыр мырза Әли атындағы Бином мектептерінің, «Дарын Астана» мамандандырылған лицейінің, Қарағанды қаласының мамандандырылған мектеп лицейі-интернатының жоғары сынып оқушылары отандық «форин-офистің» қонағы болып қайтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрлікке сілтеме жасап.
Оқушылар Сыртқы істер министрлігінің мұражайын аралап, дипломатиялық қызметінің егемен Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесіне арналған тарихи жәдігерлерімен, протокол қызметінің негіздерімен танысып, еліміздің жаңа тарихының маңызды кезеңдерін бейнелейтін деректі фильмдерді тамашалады.
Дипломаттар студенттердің география, жаңа тарих және шет тілдері бойынша білімдерін ерекше атап өтіп, олардың мұғалімдеріне қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде ұстаздар «экскурсияның танымдық және қызықты болғанын» айтып, ұйымдастырушыларға жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді.
Сыртқы істер министрлігі қоғамдық дипломатия элементтерінің бірі ретінде мұндай экскурсияларды тұрақты түрде өткізіп тұрады және бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.