Ғылым мен өндірістің үйлесімі – ел болашағы үшін маңызды стратегиялық бағыт. Бүгінде әлем елдері өндірістің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылуда. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ғалымдары әзірлеген жаңа технология – селен өндірудің тың әрі заманауи тәсілі – ерекше назар аударуға тұрарлық.
Ғылыми қауым назарын аударған «Кондициялық емес түсті металлургия шикізатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын дайындау және оның өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» атты жоба – отандық ғылымның зор жетістігі. Б.К.Кенжалиев жетекшілік еткен авторлық ұжым (Володин В.Н., Оспанов Е.А., Требухов С.А., Шахалов А.А.) әзірлеген бұл технология – ғылым мен өндірістің үндестігін, сондай-ақ табиғатқа жанашыр көзқарасты нақты іс жүзінде жүзеге асырудың үлгісі.
Жаңа әдіс – селен өндіруде бұрыннан қолданылып келген, экологиялық тұрғыдан тиімсіз тәсілдердің орнын басатын, әлемдік стандарттарға сай экологиялық қауіпсіз шешім. Бұрынғы тәсілдер өнімнің төмен сапасымен қатар, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлетіндігімен ерекшеленсе, вакуумдық айдау әдісіне негізделген жаңа технология химиялық реагенттерді мүлде қолданбайды. Бұл – өндіріс процесіндегі зиянды сұйықтықтар мен газдардың түзілуін күрт азайтып, қоршаған ортаға жүктемені төмендетеді.
Сонымен қатар технология құрамында инерциялық тазарту жүйесі бар. Бұл жүйе бу ішіндегі аэрозоль мен сұйық тамшыларды тиімді ұстап, өндірістік жабдықтардың ластануына және өнімнің қайталама былғануына жол бермейді. Мұндай техникалық шешімдер өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің осы жобаға қатысты пікірі де ел ғылымының бағытын айқындап береді:
«Бүгінгі ғылым – табиғат алдындағы жауапкершілікті сезіне алатын, адами құндылықтарға негізделген ғылым болуы тиіс. Бұл жоба – тек технологиялық жаңалық емес, ол – болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыруға бағытталған ізгі қадам», – деді министр.
Жобаның тағы бір артықшылығы – жарамсыз шикізаттар мен өндірістік қалдықтарды тиімді қайта өңдеу мүмкіндігін ұсынуында. Бұл – «жасыл экономика» қағидаттарына негізделген, ресурстарды үнемдеуге бағытталған өркениетті бастама. Циклдік экономика элементтерін қамтыған бұл технология еліміздің халықаралық экологиялық міндеттемелерін орындауына да сеп болары анық.
Ең бастысы, осындай ғылыми жобалардың өміршеңдігі – олардың экономикалық әлеуетінде. Жаңа технологияларды енгізу арқылы отандық кәсіпорындар сапалы өнім өндіруге, өндірістік шығынды азайтуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік алады. Бұл – Қазақстанның ғылыми-инновациялық даму стратегиясымен толық үндесетін бағыт.
Ғалымдардың іргелі ізденістері тек бір салаға ғана емес, тұтас экономикаға серпін берері анық. Мұндай бастамалар жаңа өндірістердің ашылуына, жоғары білікті кадрлардың қалыптасуына, елдің технологиялық тәуелсіздігіне жол ашады. Демек, ғылымды қолдау – экономиканы қолдау деген сөз. Бұл тұрғыда ұсынылып отырған еңбек – ғылым мен технологияның ұлттық мүдде үшін қалай қызмет ете алатынын көрсететін айқын мысал.
Қорыта айтқанда, бұл жоба – ғылым мен өндірістің табысты тоғысуы ғана емес, қоғамның табиғатпен үндестікте дамуға деген ұмтылысының көрінісі. Аталған еңбек әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2025 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық. Бұл тек ұлттық мәртебе ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастық алдында да Қазақстан ғылымының абыройын асқақтататын бастама болмақ.
Даулетхан Смағұлов,
Ө.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен-металлургия институты
Материалтану, нанотехнология және инженерлік физика кафедрасы-
техника ғылымдарының докторы, п рофессор