in

Қазақстанда тұңғыш рет университет мерейтойына арналған пошта маркасы шықты

Салтанатты жиынға Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен «Қазпошта» компаниясы «Пошталық қызмет» филиалының директоры Гүлназ Кавлиева қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Гүлназ Кавлиева іс-шараға жиналғандарды осы ерекше оқиғамен құттықтап, университет ұжымына сәттілік тіледі және жастарды осындай үлкен жетістіктерге шабыттандыруға шақырды.

 

– Бүгінгі шығарылған маркалар жай ғана қағаз емес, бұл Қазақстан тарихында тұңғыш рет университетке арналып шығарылған мемлекеттік белгі. Бұл маркалар қазір аз ғана тиражбен шығарылып отыр, ал 10 жылдан кейін олардың құны өте жоғары болатынына сенім мол, – деді өз сөзінде Гүлназ Асылбекқызы. 

Мейрам Бегентаев та жиналғандарды құттықтап, әсіресе осы жобаны жүзеге асыруға демеуші болған Сәтбаев университеті мен «Қазпошта» командасына ерекше алғыс білдірді. 

 

Осы құттықтауларға белгілі ғалым, профессор Ұлықпан Сыдықов пен университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаева да қосылды.

Офсеттік баспа мен ультракүлгін бояулардың заманауи технологияларын қолдана отырып жасалған естелік маркалар университеттің ғылым мен білім беру қызметінің маңызды жетістіктерін дәріптейді, әрі олар университеттің тарихи фотосуреттеріне негізделіп жасалған. Таралым бес маркадан тұрады, олардың әрқайсысы Сәтбаев университетінің Қазақстанда техникалық білім беру саласының дамуына қосқан зор үлесін білдіреді. 

 

Салтанатты жиында алғашқы маркаларды өшіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді: университет пен «Қазпошта» басшылығы арнайы естелік конверттеріне жапсырылған маркаларға түпнұсқалық штемпель, яғни «Сәтбаев университеті» маркаларының шығарылған күні мен айналымға енгізілген күні көрсетілген арнайы штамп бастырды. Бұл – маркаларды жинаушы коллекционерлер арасында жоғары сұранысқа ие болатын «алғашқы маркалар». 

Осыдан кейін жиынға қатысушылар өздері қолдарын қойған маркалармен алмасып, осы оқиғаның маңыздылығын айқындай түсті. 

Ал маркалар еліміздегі ежелгі техникалық университеттің 90 жылдық тарихы мен жетістіктерінің маңызды символына  айналды.