Бүгін Түркістанда жаңа дәуірдің оқу орны саналатын Woosong University Kazakhstan университетінің ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Университет еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыратын, жаңа технологияларға жол ашатын алғашқы халықаралық жоғары оқу орны. Бұл білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауын іске асыруға жасалған нақтылы қадам.
Университеттің ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Woosong білім қорының» Құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг қатысып, көпшілікті қуанышты жаңалықпен құттықтады.
Жаңа буын оқу ордасының ашылу салтанатына Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, басқа да ресми өкілдер, ғалымдар, іскерлік орта өкілдері, облыстық және мәслихат депутаттары, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.
Woosong University Kazakhstan университетінің ашылуында сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев ашылып жатқан жоғары оқу орны қосымша университет деңгейінен әлдеқайда жоғары тұратын оқу емес, Корей мемлекетінің бағдарламасымен оқитын, біздің студенттер корей дипломын алатынын атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 1,5 жыл бұрын Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Woosong білім беру қоры арасында жаңа университет ашу бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі сәт – жаңа оқу орнының ашылуы ғана емес, халықаралық серіктестікке негізделген сапалы білім берудің бетбұрыс кезеңі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты биылғы Жолдауында аталғандай, еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Түркістанда ашылып отырған шетелдік университет дәл осы Президентіміз белгілеген стратегиялық бағыттың нақты іске асуының айқын дәлелі», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Салтанатты шараға келген қонақтар университетті аралап, оқу аудиторияларын көрді және студенттермен жүздесті. Білім алушылар үшін қажетті барлық жағдай жасалғаны айтылып, заманауи оқу құралдары мен жабдықтар ұсынылғаны таныстырылды.
Қонақтар «Тілектер кітабына» өздерінің ізгі лебіздерін жазып, қолтаңбаларын қалдырды. Тарихи мәні бар бұл сәтке орай көпшілікке облыс өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ Түркістан жастары мен Кореядан келген студенттер бірігіп би қойылымын орындап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Назгүл Назарбек,
Түркістан облысы