in

«Серпін» бағдарламасының арқасында мамандығыма жол таптым – Ұлар Қайратұлы

Мұндағы мақсат – Солтүстік және Шығыс өңірлердегі кадр тапшылығын, жастар үлесінің аздығын оңтайландыру. 2014 жылдан бері бағдарлама аясында студенттер жоғары оқу орында тегін білім алып, жатақхана мен шәкіртақы қамтылған. Тіпті, жұмыс орнын дайындап береді. Диплом алғаннан кейін жас маман 2 жыл жұмыс өтілін атқаруға міндетті. Гранттың көпшілігі СҚО, Ақмола облысы, ШҚО, Абай облысы, Павлодар облысы, Ұлытау облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарына бөлінеді.

Сондай түлектің бірі – Ұлар Қайратұлы, жасы – 23-те. Түркістан облысы Төлеби ауданы Ақбастау ауылының тумасы.

Айтуынша, 2018 жылы Ақбастау жалпы орта мектебін бітірген.

– Жоғары оқу орнына тапсырарда «Серпін» бағдарламасы жайында естіп, бағымды сынап көрмек болдым. Оқуы тегін, шәкіртақысы бар, жатақханамен қамтылған.  Барлық жағдайы жасалғанын көріп, бағдарламаны таңдауды жөн көрдім. Сол шешімді қабылдағаныма өкінбеймін, – дейді Ұлар Қайратұлы.

Оған өзге жаққа келіп, ортаға бой үйрету оңай түспеді. Бүгінде ол – орман шаруашылығының жас маманы.

–  «Серпін» бағдарламасының пайдасы көп тиді. Жаңа қала, жаңа ортаға түстім. Жаңа таныс, дос таптым. Соның арқасында мамандығыма жол  аштым.  Бағдарлама арқылы жұмысыма орналастым. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі Орман ресурстарының  және орман шаруашылығы бойынша бітіріп, диплом алдым, – деді ол.

Ұлар өзі төрт ағайынды, екі қарындасы мен інісі бар. Әке-шешесімен бірге әжесі тұрады.

Айтуынша, ол – орман аумағының  бас маманы.

–  Жұмысым табиғатпен байланысты өсімдік егіп, өсіп-өнгенін бақылаймыз. Олар да бейне бір адам секілді күтім мен баптауды қажет етеді. Өзіме табиғат аясында қоршаған ортамен жұмыс істеу ұнайды. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Оқуымның ақысын сол жақта үш жыл жұмыс істеп өтеуім тиіс. Өтеп  тастадым, көзді ашып-жұмғанша 3 жыл өте шықты. Соған қарамастан елді мекеніме оралу ойда жоқ. Әзірге өзіме жұмысым да, істеп жүрген жерім де ұнайды, – дейді жас маман Ұлар Қайратұлы.