Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін бейімделген бағдарламалар, педагогикалық қолдау және қолайлы оқу ортасы жасалған.
Қазір колледжде 82 студент ерекше білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледж «Дала Skills» сияқты ірі кәсіби конкурстар мен іс-шаралар өткізді, оған ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер де қатысты.
– Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қарағандылық жастар техникалық және кәсіптік білімді саналы түрде таңдай бастады. Бүгінде жұмысшы мамандықтар тек сұранысқа ие болып қана қоймай, бұрынғы беделін қайта қалпына келтіріп, кәсіби және жеке дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді колледж директоры Әсел Сапарова.
Мұнда студенттер 15 бағыт бойынша дайындалады: сәулет, құрылыс, дәнекерлеу ісі, ландшафттық және өнеркәсіптік дизайн, ақпараттық қауіпсіздік, жиһаз өндірісі және тағы басқа мамандықтар бар.
Колледждің шеберханалары мен зертханалары заманауи жабдықтармен жабдықталған, бұл студенттерге жоғары дәлдіктегі дәнекерлеу, BIM жобалау және басқа практикалық жұмыстарды меңгеруге мүмкіндік береді.
– Бүгінде студенттеріміз кәсіби білім алып, болашаққа сенімді қадам жасай алады. Біздің түлектердің 80-85%-ы оқу бітірген соң бірден жұмысқа орналасады. Жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылық артып келеді, сол арқылы колледждің мәртебесі де өсуде. Тек биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 390 студент қабылданды, былтырғы жылмен салыстырғанда 50 адамға көп. Бұл сапалы техникалық білімге сұраныстың артқанын көрсетеді, – дейді оқу орны басшысы.
Колледж дуальді білім беруді белсенді дамытып, облыстың жетекші кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатқан. Оқу өндірістік ортаға жақын жағдайда жүргізіледі: 1-курс студенттерінен бастап заманауи жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесін алады. Бұл оларға тек теориялық білім емес, өндірісте практикалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді. Колледждің серіктестері қатарында «ЦентрЭнергоМеханизация», Prof Invest, «Барусан Макина Қазақстан», Alina Group, «ЖАККО Караганда», «Сантехпласт» және өңірдің басқа жетекші кәсіпорындары бар.
Студенттер мен түлектердің жетістік тарихы – алған сапалы білімнің айқын дәлелі. Мысалы, колледж түлегі Асанәлі Батыршин өз ісін бастап, қазір 25 адамнан тұратын бригаданы басқарады, ішкі әрлеу жұмыстарын орындап, мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырады. «Колледж маған кәсіби база мен сенімділік берді. Бүгін мен құрылысшы ғана емес, өз жеке бизнесім бар кәсіпкермін, – дейді Асанәлі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы