in

Зүлфия Төребекова: «Сириус – Қазақстан» жобасы – талантты оқушыларға жаңа мүмкіндік

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Зүлфия Төребекова «Сириус – Қазақ стан» жобасы дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға және олардың оқуы мен өсуі үшін заманауи білім беру ортасын құруға бағытталған деп санайды. Ол бұл туралы Aikyn.kz сайтына айтып берді. 

Зүлфия Төребекованың айтуынша, «Сириус – Қазақстан» жобасы елдегі дарынды мектеп оқушыларын қолдаудың тұрақты экожүйесін қалыптастырады .

– Әрине, бұл жобаның дарынды балаларға берері өте көп. Ең алдымен, «Сириус – Қазақстан» олардың қабілетін ерте анықтап, оны жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай ортада оқушылар тек теориялық білім алып  қоймай, ғылыммен, зерттеумен, технологиямен және жобалық жұмыстармен айналысады. Бұл олардың шығармашылық және аналитикалық ойлауын дамытады.

Сонымен қатар жоба дарынды балаларға өз әлеуетін толық ашуға жағдай жасайды. Себебі әр баланың мүмкіндігі бірдей емес: кейбір өңірлерде сапалы білім мен заманауи ресурстарға қолжетімділік шектеулі болуы мүмкін. Ал «Сириус – Қазақстан» осындай талантты оқушыларға жаңа мүмкіндік беріп, олардың халықаралық деңгейде дамуына жол ашады.

Меніңше, бұл жоба Қазақстанның білім жүйесі үшін өте маңызды бастама. Өйткені қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі білім, ғылым және технологиямен өлшенеді. Қазақстандық оқушылар қазірдің өзінде халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, ал мұндай жобалар сол жетістіктерді одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды тұсы – жобада заманауи білім мен ұлттық құндылықтардың қатар берілуі. Яғни, оқушылар тек технологияны меңгеріп қана қоймай, өз мәдениетін, ұлттық өнері мен дәстүрін де құрметтеуге тәрбиеленеді. Сондықтан «Сириус – Қазақстан» жобасын дарынды жастарды қолдауға және еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды әрі болашағы зор жоба, – дейді Зүлфия Темірханқызы.