in

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді:
– Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.
* 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.
– Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған.

«Жұмысшы мамандықтары жылында осындай заманауи зертханалардың ашылуы – еліміздің болашақ инженерлері мен техниктерін дайындаудағы үлкен стратегиялық қадам. Fab-Lab жастардың тек оқып қана қоймай, нақты өнім жасап, инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл – еңбек нарығына қажетті жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы маңызды бастама», – дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.

Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.