in

Еліміздің үздік студенттерін электрондық журналдан тамашалауға мүмкіндік туды

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Talap КЕАҚ Қазақстан Республикасы колледждерінің «ТОП-100 студенті» республикалық байқауының қорытындысы бойынша электрондық журнал әзірледі, –  деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

– Электрондық журналда байқаудың мақсаты мен міндеттері, ұйымдастырушы, оператор, серіктестері мен қатысушылары ақпарат жинақталған. Әсіресе еліміздің 100 үздік колледж студенті туралы мәліметтерге ерекше назар аударылған. Журналда олардың аты-жөні, оқу орны, мамандығы, іріктеу принциптері, жетістіктері, қоғамдық белсенділігі, сондай-ақ жобаларды іске асыру нәтижелері –  жұмысқа орналасуы, тренингтер мен кәсіби даму бағдарламаларына қатысуы туралы ақпараттар қамтылған», –  деді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұхамбетов.

Электрондық журнал Talap КЕАҚ-ның www.talap.edu.kz ресми сайтында жарияланып, студенттерге, оқытушыларға, колледж өкілдері мен жұмыс берушілерге қолжетімді болмақ. 

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі осы жылдың наурыз айында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «ТОП-100 студент» республикалық байқауының басталғанын жариялаған болатын. Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды әрі болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау.