Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясында педагогтер қауымының ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, олардың мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жариялады. Білім мен тәрбие сапасын арттыру, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу, жастарды адал әрі еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеу – алдағы жылдардың басты міндеті болмақ.
Президент дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтай келе, бұл жиын өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу екенін атап өтті, сондай-ақ ұстаздар қауымына өлшеусіз еңбегі үшін алғыс айтты.
– Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Ұстаздың әлеуметтік жағдайы – басты назарда
Қ.Тоқаев өз сөзінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алғанын, мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шыққанын, заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастағанын, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрғанын атап өтті. Осы өзгерістерді біржола орнықтыру жолында ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашылды, тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
– «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазір 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатыл-ды, – деді Қ.Тоқаев.
Озық елдер тәжірибесін зерттеген жөн
Әзірге қол жеткен табыстар аз емес. Алайда арқаны кеңге салатын уақыт емес, өйткені алдағы міндеттер бұдан да көп. Осы тұрғыда Президент білім беру жүйесіне қатысты бірқатар ұсынысын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, біріншіден, білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе.
– Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек, – деді Қ.Тоқаев.
Тағы бір өзекті міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Президенттің айтуы бойынша, соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылған. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Жауапкершілік бәріне ортақ
Екінші ретте Президент кез келген қоғамның қос тұғыры – білім мен тәрбие саласына баса назар аударды.
– Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ.
Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болатынын, ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиістігін қадап айтты.
Бұдан бөлек, Президент еліміздің түкпір-түкпірінде іске асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына тоқталды.
«Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз», – деді Қ.Тоқаев.
Мектеп қауіпсіз жер болуға тиіс
Үшінші мәселе ретінде Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау қажеттігін жеткізді.
– Балаларды жауапкершілікке баулып, оларға кез келген әрекеттің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдаманың мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдістер арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, – деген Президент бұл іске директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтерінен бөлек, барша ұстаздар қауымы атсалысуға тиістігін, өйткені бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет екенін айтты.
Қ.Тоқаевтың сөзінше, нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады.
– Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мен бұл туралы жақында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айттым. Бірақ ең бастысы, әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет, – деді Президент.
Бұдан соң Мемлекет басшысы балалар арасындағы әлімжеттік мәселесіне тоқталды. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиістігін, зорлық-зомбылыққа, яғни буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керектігін жеткізген Президент соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін қабылданған нақты шараларды мысалға келтірді: атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейді.
– Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады, – деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект дағдыларын меңгеру маңызды
Басқосуда көтерілген төртінші маңызды мәселе – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу қажеттігі болды. Бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Сондықтан Президенттің айтуынша, жаһандық үрдістерге бейімделу – біздің басты міндетіміз. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады.
– Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн, – деді Қ.Тоқаев.
Тағы бір үлкен мақсаттың бірі – балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқыту. Болашақта жастардың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті саналатын бұл дағдыны меңгеру міндеті педагогтерге де қатысты. Осы орайда Мемлекет басшысы мұғалімдерге өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керектігін тапсырды.
Педагог беделін арттыру – міндет
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тамыз конференциясы барысында мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керектігін жеткізді.
– Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек.
Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек, – деп қадап айтты Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санайды. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру.
Мектептегі тамақ сапасы да жиынның басты тақырыптарының бірі болды.
– Маңғыстауда балалар сапасыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі толығымен өз міндетіне алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек. Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе, – деді Президент бұл жайында.
Мемлекет басшысының сөзінен-ақ білім беру ісі – ел дамуының стратегиялық өзегі екені анық сезіледі. Ұстазға көрсетілген құрмет пен жасалған қолдау – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашып қана қоймай, Қазақстанның озық, жаңашыл мемлекет ретінде өркендеуіне берік іргетас қалайды. «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – дей келе, Президент Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын, бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілетінін жеткізді. Осы жиында көтерілген бастамалар мен берілген марапаттар – педагогтің қоғамдағы мәртебесін биіктетіп, ел ертеңіне деген сенімді бұрынғыдан да бекемдеді.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ