Айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ең алдымен, еліне қызмет етіп, өзінің жас маман ретінде қалыптасуына көмектескенін жасырмады.
– «Болашақ» бағдарламасына шексіз ризамын. Бұл мен үшін жай ғана шәкіртақы емес, келешегімді басқаша қабылдауға мүмкіндік берді. «Сенің қолыңнан бәрі келеді, тек алға» деген үміт отын жан дүниемде тұтатты, өзіме деген сенімділікті күшейтті. Білікті маман болып, кәсібилігіңді арттырсаң, өсіп-өнуге болатынына көз жеткізді. Шет елде бәсекелестік өте күшті, бізде ондай жоқ. Өсіп-өнуге мүмкіндік көп. Сондықтан еліміздің болашағы зор, әлі асар асуы көп. Ал оның бәрі өскелең ұрпақтың қолында. Екіншіден, осыған ұқсас дүние бізде жоқ. АҚШ-та оқып жүргенімізде өзге елдің студенттері біздің жолымызды, билетімізді, сақтандыруды, оқудың ақысын мемлекет төлейтінін білгенде таңданысында шек болмады, – дейді жас маман Дана Ғазиз.
Ол бағдарлама жайында құрбысынан естіген. Алайда оған ілігіп кетемін деп ойламаған. Дегенмен бағын сынап көрмек еді.
«Қатарынан бірнеше университетке хат жіберетін тиыным болмаған соң тек біреуіне жібердім. Бұйырған кетпейді екен, екі аптада әлгі оқу орнынан шақырту келді. Содан «Болашаққа» тапсырып едім, өтіп кеттім», – дейді бас маман.
Дананың сөзінше, ол жаққа баруға шешім қабылдаудың өзі оңайға түспеген.
– Жолдасың, балаң, ата-енең бар. Олардың әуелдегі қарсылығынан кейін бас тартамын деген ой келді. Сол кезде әкем «мұндай ұсыныс екінің біріне түсе бермейді, ештеңе жоғалтпайсың, бағыңды сынап көр» деп қайрап жіберді. АҚШ-ты көрген менің ғана емес, балам мен әкемнің де өмірге деген көзқарасы өзгерді. «Болашақ» бағдарламасы бір емес, үш ұрпақтың өмірін өзгертуге ықпал етті. Бізде қарттарымыз зейнет жасына жетсе, болдым-толдым деп отырады. Ол жақта жаңа өмір басталады. Қазір 70-ке келген әкем ағылшын оқып, замандастарымен хор құрып, әр күнін әсерлі өткізуде, – дейді Дана Ғазиз.
Дана Ғазиз 2022 жылдың 25 желтоқсанында АҚШ-тың Мичиган штатындағы Мичиган мемлекеттік университетінің 2023 жылдың көктемгі семестріне түскен.
– АҚШ-та толығымен екі жыл болдым. Бірден өзге ортаға үйренісу, ағылшын тіліне күмп ету қиынға түсті. Шыны керек, алғашқы төрт айда біреуге тіл қатып, ағылшынша сөйлеуге қысылдым. Өзім экономиканы бітіргендіктен байланыс саласы маған жаңа бағыт еді. Біреулер сабаққа бір сағатта дайын болса, мен 3 сағат дайындалатынмын. Салаға байланысты түрлі терминдер, кейбір сөздер маған таңсық еді. Оның түп төркінін түсіну үшін қаншама сөздіктер мен кітаптарды ақтардым. Бір сөзбен айтқанда сабақтан бас алмадым. Нәтижесінде оқудың соңында ортаға үйренісіп, емін-еркін сөйлеп, қымсынуды ұмыттық, – дейді ол.
«Әр бес доллар маған ақша болды» деген Дананың бірінші жарты жылдықта тек шәкіртақыға күн көргенін айтты. Жаз кезінде Қазақстанға барып келген соң сағатына 10 доллар төлейтін жұмыс та тапқан. Алайда аяқасты ұстаздық етуге ұсыныс түскен.
– Магистр студенттерге сабақ бере алмайды. Соған қарамастан маған мұғалімнің ассистенті боласыз ба деген ұсыныс түсті. Яғни, студенттерге сабақ беріп, лекция оқисыз. Аптасына 20 сағат, оның әр сағатына 20 доллар төленеді. Он шақты кампустың ішіндегі ең жалақысы жоғары ұсыныс еді. Әрине, келістім. Лезде ойыма сан мың ойлар келді. «Бәрі PhD студенттері, әрі америкалықтарға сабақ қалай беремін, мені аудитория қалай қабылдайды» деп, бойымды үрей биледі. Бәрі ойлағанымнан жақсы өтті. Иә, олар өте талапшыл. Десе де өзге елдің мәдениетін, өмір сүру қалпын қабылдай алады, – деді Дана Ғазиза.
Тіршіліктің қамымен ол бір емес, үш-төрт жұмысты қатар істеген кезі болған. Арасында волонтерлік жұмысты да ұмытпаған. Тіпті, екі бірдей зерттеуге қатысқан. Сонымен қатар Аустралияда өтетін конференцияға 3 автормен бірлесе жазылған мақала таңдалған. Дана сол мақаланың зерттеуіне атсалысып, жоғарғы оқу орнына үлес қосқаны үшін қазақтың екі қызы азғантай сыйақымен марапатталған.
– Сабақ беріп жүрген үшінші семестрде «Халық фейк өнімдерді неліктен сатып алып жатыр?» деген зерттеу тобына қосылдым. Негізі менің өзіме денсаулық саласындағы коммуникация тақырыбы қызықты. Соның ішінде тұрғындардың неге көбіне фейк медициналық өнімдерді сатып алуға бейім дегенді зерттедік. Ол жақта бәрінде бірдей сақтандыру бола бермейді. Антибиотик рецепт бойынша ғана беріледі. Сондықтан америкалықтар көбіне дәрі-дәрмекті сайт арқылы алады. Бұл – олар үшін қалыпты дүние. Біз осы мәселені жан-жақты қарастырдық, – дейді Коммуникациялар жөніндегі бас маман.
Оның айтуынша, басты мәселе – шәкіртақымен оқып келу емес, еліңе қызмет ету, аз да болса қоғамға пайдаңды тигізу. «Шет елде жұмыстың он пайызы қоғам игілігі үшін істеу керек деген көзге көрінбейтін қағида сақталған. Қазір ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жүргендіктен қоғамның бір мүшесі ретінде жұмысыма өз пайдамды тигізгім келді. Сөйтіп Speaking English club ашып, академия студенттері мен қызметкерлеріне ағылшынша еркін сөйлеп, ойын жүйелі жеткізуге көмектесіп жатырмын», – деді Дана Ғазиз.
Жас маман АҚШ-тан денсаулық саласы және ондағы қауіп-қатер жайлы коммуникациясы арнайы сертификатын алған. Айтуынша, халық көп мәселеде толық ақпараттандырылмайды.
– Көпшілігі коммуникация мамандығы не береді деп ойлайды. Егер де covid кезінде әсіресе, екпе салу талабы қойылғанда халыққа дұрыс ақпарат тарағанда өтірік анықтамалықтар сатылмас еді. Міне, осындай мәселе шаш етектен. Әсіресе, денсаулық саласындағы ақпараттандыруды күшейтуіміз керек. Қазір UMC-мен донорлық жайында ақпараттандыру жұмысының басы-қасында жүрмін. Сондықтан әзірге өзімнің жобамды ойластыруға уақыт жетіспей жатыр. Дегенмен ойымда жүр, бәрі уақыт еншісінде…», – дейді Дана Ғазиз.