Астана қаласының оқушысы Жанайым Жанибекқызы бірыңғай тестілеуден 140 балл жинады. Бұл қуанышты жаңалықпен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өз парақшасында бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құрметті достар!
Дарынды қыз балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жанайым Жанибекқызы Рашит Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, зор жетістікке қол жеткізді.
Білімді де талапты оқушымыз Жанайым Жанибекқызын осы жоғары нәтижесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл қуанышты жаңалық – тек Жанайымның қажырлы еңбегі мен білімге деген ынта-жігерінің, мақсаткерлігінің жемісі ғана емес, сонымен қатар бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстаздары мен қолдауын аямаған ата-анасының да зор еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Жанайым Рашитқа алдағы үлкен өмір жолында толағай табыс, биік белестер мен жарқын болашақ тілеймін! Еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастары қатарынан көрініп, ел үмітін ақтай беріңіз!, – деп жазды Қасымхан Сенғазыұлы.
Бұған дейін Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балды Жәнібек Асқарұлы Әбілхан жинады. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі екені туралы жазған болатынбыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.