Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астанада алғаш рет техникалық және кәсіптік ұйымдардың студенттері арасында Astaufest-2025 VI халықаралық гастрономиялық фестивалі өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестивалға алыс-жақын шетелдерден 45-тен астам оқу орны қатысуда. Үш күнге созылатын іс-шараға 230-дан астам студент, педагог және өндірістік оқыту шеберлері жиналып, тәжірибе мен идеялар алмасу алаңына айналды. Болашақ аспаздар мен кулинарлар әлемнің түрлі дәмдерін әзірлеп, мәдениеттерін таныстыруда.
Айта кетерлігі, фестиваль аясында қоғамдық тамақтану және сервис колледжі базасында Кондитерлік академия ашылады.
«Бұл фестиваль гастрономия саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, техникалық және кәсіптік білім беруге заманауи стандарттар мен талаптарды енгізуге мүмкіндік береді. Студенттер бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, өздерінің авторлық жобаларын қорғайды, кулинарлық гастрономия саласындағы инновациялармен танысады», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Қатысушылардың кәсіби шеберлігін Қазақстанмен қатар, Гонконг, Үндістан, Франция, Түркия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келген 13 сарапшы бағалайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.