Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан ғылыми және сараптамалық тұрғыдан құқық қорғау қызметіне тұрақты негізде қолдау көрсету мақсатында консультативтік орган – Ғылыми комиссия құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Комиссия адам құқықтары, халықаралық құқық, құқықтану, саясаттану, әлеуметтану және іргелес салалар бойынша танылған тәжірибесі бар жетекші ғалымдарды, зерттеушілер мен оқытушыларды біріктіреді. Оның құрамына академиялық қауымдастық өкілдері, практик мамандар мен еліміздегі құқық қорғау тақырыбының дамуына мүдделі сарапшылар енді.
Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – адам құқықтары саласындағы аналитикалық, ғылыми-әдістемелік және пәнаралық қолдауды күшейту, халықаралық стандарттарды енгізу және Қазақстанда ғылыми құқық қорғау ой-санасын дамыту.
Ғылыми комиссия құру туралы бастама биылғы сәуір айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің кеңейтілген отырысында ұсынылған болатын. Бұл ұсынысты «Астана» халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили білдірді. Ол қазіргі құқық қорғау күн тәртібінде ғылыми тәсілдің жүйелі түрде қолданылуының маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде құқық қорғау қызметі барған сайын күрделі сын-қатерлерге тап болуда. Сондықтан ғылыми бағытты күшейтетін кез келді. Бұл құқық қорғау жағдайларын тереңірек талдауға, ғылыми қауымдастықпен тұрақты байланыс орнатуға және зерттеушілердің жаңа буынын тартуға мүмкіндік береді», – деді профессор.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бұл бастаманы қолдап, оның стратегиялық маңызын атап өтті. Артур Ластаев Ғылыми комиссия ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлейтін және ұзақ мерзімді құқық қорғау күн тәртібін қалыптастыратын маңызды алаңға айналатынын мәлімдеді.