in

«Ұстаз» деген ұлы есімді мектепке қайтару керек

Діни экстремизм бағытын­­­­­дағы «ұстаздардың» да гаджет экранда­рының ар жағында отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Жастар неліктен «Ұстаз» деген ұлы есімді басқаша түсіне бастады? Оны неліктен әлем желіден тауып жүр?

Ұстазды «подписчиктерімен» бағалайтын қоғам пайда болды. Ға­ламторсыз бойына ас батпайтын жастар солардың арасынан өзде­ріне ұнағандарын «ұстаз» санап, табынып жүргендері де жетерлік. Бұрын ұлт ұстаздарының еңбек­терін оқып-біліп, таным көкжиегін көркейткен жұрт біртуар перзент­терді өздеріне ұлық ұстаз ретінде көріп, «болмаған бөкейхановтар» мен «әлжуаз әуезовтерге» дес бер­мейтін. Қазір екпіндеген эгоның кесірі оған иек те қақтырмайды.

Интернетте діни бағытта уағыз жүргізетін тұлғаларды ұстаз санай­тындарға не деріңді білмейді екен­сің?! Жап-жас өскіннің ғалам­тордағы бәзбіреулердің пікірлеріне құдайдай сеніп, соларды мұғалім­нен артық қоятыны күн санап кө­бейіп келеді. Ұлт ағартушыларының еңбектеріне бас қатырмайтын­дар­дың педагог қызметіне салғарт қа­райтыны анық.

Кезінде әлемнің «Екінші ұста­зы» әл-Фараби туралы роман жаз­ған Әнуар Әлімжанов қазақтың «ағар­тушы» деген ғажайып сөзін орыс тіліне аудару мүмкін емес еке­нін, «просветляющий, отбе­ливаю­щий» деген сөзбе-сөз аудармасы мағына­сын толыққанды бере ал­май­тынын жазғаны бар. Демек, «Ұстаз» ұғы­мының астары өте ауқымды.

Ежелгі Грекиядан шығып «бала жетектеуші» мағынасын беретін құлға айтылған «педагог» сөзі бі­лімсіз, үйге және балаға деген шек­сіз адал, мектеп ішінде де, одан тыс жерде де баланы қорғау негізгі мін­деті саналған қарулы адамдарға арналған. Шығу тарихы осындай жағдаятқа тиесілі педагог замана ағысында басқа маңызға ие болды. Қазақ халқы оның мәнін арттырып, әркімнің педагог болуға мүмкіндігі бар екендігін, ал олардың ішінен ұстаз болып шығудың кім көрін­­­генге бұйыра бермейтін бақ екенін айшықтап берді. Яғни, «Ұстаз», «Ағартушы» деген ұлық атаулар жайдан жай берілетін құрмет емес. Біз осы қастерлі ұғымның қасиетін тарих қойнауында қалдыруға еш бейіл болмасақ, мектептегі ең қадірлі мамандықтың енді қасиетін барынша оралтқанымыз жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогика­лық ма­мандықтардың мәртебесін кө­теруде алдымызға үлкен міндет­тер қойып отыр. Ақпараттық тех­но­ло­гиялар түрлі тәуекелдерді то­сыннан туындатқан тұста, жасанды интел­­­лект дәуірі күн сайын жаңа­лық әкеліп жатқан сәтте болашақ қоғам мүшелерін тәрбиелеп шыға­ратын ұлт тәрбиешілеріне артыла­тын жүк пен жауапкершілік орасан.

Ел Президентінің: «Мен Қазақ­стан ұстаздарының қажырлы еңбе­гін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің кү­шіне сенемін. Шын мәнінде, ұс­таз­дық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетіс­тікке жетіп, биікке шықса да, ұста­­зының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жар­қын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауап­кершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бере­сіздер деп сенемін. Сіздердің ең­бек­теріңіз ең жоғары құрметке ла­йық», – деуі бекер емес.

Мемлекет қазіргі уақытта жо­ғары білім мәселесіне, мамандық даярлау ісіне аса құнтты қарап отыр. Жасырары жоқ, Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституцияда ғылым, білім және инновация ел дамуының бас­ты стратегиялық бағыттары ретінде бекітіліп, мемлекеттік саясаттың басымдығына айналды. Сондықтан алдағы уақытта жоғары білім мен ғылым саласында үлкен өзгерістер орын алмақ. 

Мемлекеттік саясаттың өзегін­де азаматтардың зияткерлік әле­уетін дамыту, кәсіби құзыреттерін арттыру, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру және жаңа техноло­гияларды игеру қабілетін күшейту мәселелері тұр. Президент тапсыр­масына сәйкес, технологиялық өзгерістер мен саяси реформаларды жүзеге асыруда білім беру және кадрлар даярлау жүйесін транс­формациялау жүзеге асырылмақ. Цифрландыру, жасанды интеллект жағдайында білім беру жүйесінің жаңа технологиялар мен заман талаптарына сай болуы шешуші факторға айналады.

Үкіметтік деңгейде кадрлық мәселелер бойынша отандық 73 мың кәсіпорынды қамтитын са­уалнама жүргізіліп, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жұмысы қолға алынды. 700-ге жуық білім беру бағдарлама­сы қысқартылып, оның орнына ақпа­раттық технология мен жасан­ды интеллектке негізделген 21 ба­сым бағыт іске қосылмақ. Со­ны­мен қатар 35 бағыт бойынша білім беру бағдарламалары жан-жақты жаң­­­ғыр­тудан өтіп, тәжірибеге бағ­дар­ланған оқытуға басымдық беріледі. 

Алдағы уақытта педагогикалық білім беру саласы ерекше назарға алынады. Яғни, заманауи ұстазға жүктелер жауапкершілік айрықша. Олар білім беріп қана қоймай, рухани құндылықтар мен Әділетті Қазақстан идеологиясының, жаңа технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық ортадағы этика мен қауіпсіздіктің, экожүйенің жетекшісі болмақ.

Педагогика саласы күн өткен сайын ақпараттық прессингті бастан кешіріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан әріптестеріміз оған қандай жағдай болмасын дайын болып, кез келген жаңалықтың алдында тұруға бәс тігуде. Ақиқатын айтсақ, дүкенге баруға ерінетін жұрт көбейген заманда GatGPT-мен тапсырма орындайтын жастар саны артып барады. Шығармашылық тұрғыдан педагогтың табиғи қарым-қаты­­­насы оны дамытатынын ескергіміз келмейді. Ертеңгі күні ChatGPT дайындаған медициналық «кітап­пен» адам емдеуіміз де мүмкін де­ген ой келеді.

Жасанды интеллект қарыштап дамыған қазіргі уақытта жазудан, эсседен бас тартып, басқа алгоритм керек деп жүргендер де бар. Өз басым онымен келісе алмаймын. Расында, әркім ақпаратты әртүрлі қабылдайды, ал жазу – сұлулыққа іңкәрлік, тәртіп пен тазалық.

Иә, мектептер мен жоғары оқу орындарында визуалды құралдарға басымдық беріліп жүр. Презента­циялар, инфографикалар, қысқа бей­нематериалдар мен түрлі ви­зуалды тапсырмалар оқу мазмұнын жеткізудің негізгі тәсілдеріне ай­налды. Мұндай әдістердің тиімді тұстары жеткілікті. Бүгінгі ұрпақ ақпаратты жылдам ұғынады, көр­не­кілік арқылы түсінуге бейім. Олар ұзақ мәтіннен гөрі қысқа әрі нақты мазмұнды жақсы қабыл­дайды. Дегенмен осы үрдістің бір­жақты дамуы бізді алаңдатуға тиіс. Өйткені жазудың орнын ешбір визуалды құрал толық алмастыра алмайды.

Жазу тек сауаттылықтың белгісі емес, ол – ойлаудың, талдаудың, дә­лелдеудің, жүйелеудің негізгі құ­ра­лы. Адам өз ойын қағазға түсірген сайын, өз ойымен жұмыс істейді. Әр сөйлемді құрастыру барысында дә­лел іздейді, салыстырады, қоры­тын­ды жасайды. Осы үдеріс адам­ның сыни ойлау қабілетін қалып­тас­ты­рады. Егер оқушы немесе сту­­дент тек көру арқылы қабылдау­ға үйренсе, ал жазып жеткізуге ма­шық­танбаса, оның ойлау жүйесі үстірт қалыптасуы мүмкін. Мұндай жағ­дай­да білім сырттай бар сияқты кө­рінеді, бірақ оның тереңдігі жеткіліксіз.

Әсіресе, эссе мен шығарма жа­зу – шығармашылықтың көрінісі. Жазу барысында білім алушы тек ақпаратты қайталап қана қоймай­ды, өз көзқарасын білдіреді. Өз тәжірибесін, дүниетанымын, ой-тол­ғанысын сөз арқылы жеткізеді. Осы арқылы өз ойын жүйелеуге үйренеді. Шығарма жазбаған бала өз ойын ұзақ әрі нақты жеткізуге қиналуы мүмкін. Бұл оның бола­шақтағы кәсіби қызметіне де әсер етуі ықтимал. Ал жасанды интел­лект мәтін құрастыра алады, бірақ ол адамның ішкі сезімін, өмірлік тәжірибесін алмастыра алмайды. Ол қуаныш пен сағынышты, ала­көңіл мен үмітті адамның жүрегін­дей сезінбейді. Қағазға түсіру ар­қы­лы адам өз жан дүниесімен жұ­мыс істейді. Егер бала дайын мә­тінге үйренсе, ол ойланудан да, сезінуден де алыстай бастайды. Бұл – тұлғалық дамуға тікелей әсер ететін құбылыс. Сонымен қатар қате жіберсе, оны түзетуге тырыса­тын, мәтінді қайта қарап, өңдеуге үйрететін, тіл ұстартып, сауатты­лық­қа жетелейтін шығармашылық жұмыс білім алушыны жауапкер­шілікке жетелейді.

Жаһандық жасанды интеллект дәуірінде және жаңарған саяси реформалар кезеңінде педагогика саласына уақыттың талабы мен мем­лекеттік саясаттың маңызды­лығына сәйкес жауапкершілік те биіктей бермек. Ең алдымен, дү­ние­жүзі бетпе-бет келіп отырған ЖИ дәуірінде өскелең ұрпаққа бі­лім беру әдістемесі өзгеретіні анық. Кешегі төрткүл дүниенің сан түрлі деректерін жеткізетін «Ол кім, бұл не?» энциклопедиясының орнын әп-сәтте кез келген сұрағыңа жауап беретін ғаламтор мен жасанды ин­теллект басты. Соған сәйкес, ақпа­раттық қолжетімділік деңгейі арт­қа­нымен, оны синтездеу әркімнің өз еркіне байланысты. Бүгінгі ба­ланың техниканы меңгеру шебер­лігі әлдеқайда жоғары, кейбір ересектерден де асып түсері анық. Сондықтан мұғалім – баланың алдында барлық қырынан озық, үлгі тұтатын маман болуы қажет. 

Қазіргі уақытта баланың білім­ге деген қызығушылығын арттыру, гаджеттегі қызылды-жасылды ойын-сауықтан алшақтата алатын әдістеме керек. Жасанды интеллект құралын жетік меңгерген, зияткер­лік әлеуеті жоғары педагогтың бәсі жоғары, беделі биік боларын у­а­қыттың өзі көрсетіп тұр. Яғни, бү­гінгі ахуалға, тенденцияға бейім­деле білу әрқашан маңызды. 

Рас, мұғалім деген – мамандық, ұстаз деген – ұлылық. Аражігін айы­рар болсақ, ұстаз – адамның өмі­ріне ұстын болатын, болмыс-бі­тімі, пайым-парасатымен баланың тұлға болып қалыптасуына септігі тиетін жан.

Әлеуметтік желі арқылы ақпа­ратты сіңіруге үйренген жұрт су сі­ңіргендей, хабарды құлақпен не­месе көзбен қабылдауға дағды­ланып барады. Ол үшін басқа біреу іздену керек, ең қажет дүниені қыз­қаша жүйелеп беру керек, бұл – даярға маяр. Ізденімпаз кешегі оқырман бүгінгі тыңдарман мен көрермен болуға көшті.

Білімге құштар, талдауды өзі жасауға тиіс қазақ оқырманынан тыңдарман мен көрерменді туды­рудың тиімсіз жағдайы көп. Оны Мемлекет басшысы да дөп басып айтты. Жасанды интеллект құрал ға­на болып қалуы керек. Президент тап­сырмасына сәйкес, еліміздің ға­сырға жуық тарихы бар тұңғыш уни­верситеті – Абай атындағы ҚазҰПУ жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық мамандықтарды оқытуда аса қажетті тұңғыш жоба – Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факуль­тетін ашуды жоспарлап отыр. Мақ­сат – «жаңа буын» аталатын «цифр­лық педагогтарды» даярлау. Яғни, онда технология мақсат санал­май­ды, ақпараттық технология мен жа­санды интеллект арқылы білім беруді күшейту жағы қарастыры­лады. Сондай-ақ педагогикалық білім беру жүйесіне цифрлық тех­нологиялар мен жасанды интел­лектіні тиімді енгізе алатын, сыни ойлайтын, әдістемелік тұрғыдан мықты мұғалімдер мен зерттеу­ші­лерді сомдап шығару. Бұл факуль­тет – технология арқылы сапалы оқыта алатын мұғалімдерді қалып­тас­тыратын орталық болуға тиіс.

Педагогикалық бағытта әлем­дік деңгейдегі көшбасшы универ­ситеттердің арасында 41-орынға тұрақтаған Абай университеті – құндылықтардан тұрғызылған мұ­нара емес, өткен тарихи жетістіктер мен жаңаша ойлауға трансформа­циялаудың арасындағы алтын көпір. Ұлттық болмысын берік ұс­тана отырып, шәкірттерге жа­һан­дық жасанды интеллект қуат­тарын игеру жолын ұсынбақ.

Түсінген жөн, жасанды интел­лект мұғалімді алмастырмайды, ЖИ оны қара жұмыстан босатып, бірақ зор жауапкершілік жүктейді. Біздің мақсат – ЖИ-мен жекпе-жек ұйымдастырып, жеңу емес, оны басқаратын әрі дербес ойлауда талғамын жоғалтпайтын Ұстаз қа­лыптастыру. Өйткені жүрек пен сезім берілмейтін ЖИ-ді «мыл­тық­сыз майданда» сапалы игеруге Абай­ша айтсақ, «толық ұстаздың» ғана қауқары жетеді. 

Адам алгоритмі жасанды зерде­ге сауатты промт-жолдарды көр­сете отырып, дирижерлік етуге ұм­тыла бастады. Ол сапалы да са­уатты, па­ра­сат-пайымы биік, ішкі мәдениеті жоғары, білімі мен білігі мол мұға­лімнің ғана қолынан келері сөзсіз. Себебі кез келген түлға ұстаздың алдынан өтеді. Ал ондай жағдайда қоғам алгоритм тетіктерін игерген ұстазды ғаламтордың қалтарыс-бұлтарысынан емес, мектеп пен университеттен ғана іздейді.

Болат ТІЛЕП,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Басқарма Төрағасы-Ректоры