– Педагогикалық ұстанымым бойынша, бүгінгі оқушыға ең алдымен мықты білім қоры, терең әрі жылдам ойлау қабілеті, өзін-өзі басқару және өзгермелі ортаға бейімделу дағдылары қатар берілуі керек.
Бірінші орында – базалық, терең білім қажет. Өйткені соңғы жылдарда білім беруден бұрын құзыреттілікке басымдық беріп, білімнің өзін екінші орынға түсіріп келеміз. Оқу, жазу, математикалық сауаттылық, ғылыми түсінік, тілдік сауаттылық – барлығы білімнен кейінгі дағдылардың іргетасы. Оқушыда пәндік, пәнаралық, практикалық және теориялық білім терең болуы қажет. Сондықтан бірінші кезекте:
– мәтінді терең түсініп оқуы;
– өз ойын сауатты ауызша және жазбаша жеткізуі;
– математикалық есептеуді ғана емес, сандық ақпаратты түсіндіруі;
– ғылыми дерек пен болжамды ажыратуы;
– алған білімін жаңа жағдайда қолдануы керек.
Меніңше, дәл қазіргі кезде мектептегі білім берудің басты қателігі – білім мен дағдыны бір-біріне қарсы қою, б ілімсіз сыни ойлау да, шығармашылық та толық қалыптаспайтындығын ескермейтіні. Бұған көп жағдайда жалпы білім беретін мектептер бекітілген стандарттан шығып, баланың қабілеті мен дағдысына сай білім бере алмайтыны қосылады.
Екінші орында – сыни және аналитикалық ойлау. Қазіргі бала ақпарат тапшылығынан емес, ақпараттың шамадан тыс көптігінен қиналады. Мектептегі білім «ақпаратты есте сақтауға» құрылады да, баланың «ақпараттың дұрыстығын анықтау» қабілетін тәрбиелеуге көңіл бөлінбейді немесе өте аз көңіл бөлінеді. Бұған мұғалімдердің де стандарттан асып кете алмайтыны себеп болып жатады. Оқушының аналитикалық ойлауы – ең маңызды негізгі дағды.
Оқушы кез келген ақпаратты талдағанда өзіне мына сұрақтарды қоя білуі керек:
– Бұл ақпараттың дереккөзі қандай?
– Бұған қандай дәлел бар?
– Факт пен пікірдің айырмашылығы неде?
– Басқаша түсіндіру мүмкін бе?
– Менің қорытындым дәлелге сүйене ме?
Бұл – тек информатика немесе қазақ тілі сабағының емес, барлық пәннің міндеті. Мектеп оқулықтарында оқушыны қызықтырмайтын, еліктірмейтін, ұғымына өте ауыр, ғылыми негізі жоқ ақпараттар, ескірген ақпараттар көп берілген. Оқулықтар мазмұны 2018 жылдан бері жаңартылмағанын айтсақ, тіпті ақпараттардағы қайшылықтардың өзі сыни көзқарасты қажет етеді.
Үшіншіден, оқушыға аса қажет дағды – өздігінен білім алу қабілеті. Қазіргі мектептің ең басты нәтижелерінің бірі ретінде «оқушының мұғалімсіз де үйрене алатын деңгейге жеткізуін» атар едім. Оқушының мақсат қоя білуін, әрекетін жоспарлауын, өз нәтижесін бақылауын, кері байланысты пайдалануын және жауапкершілік алуын маңызды дер едім. Ондайда оқушы: мақсат қояды → әрекет жоспарын жасайды → орындайды → нәтижесін өлшейді → қатесін анықтайды → қайта әрекет етеді.
Бұл оқушы «бүгін өзімнің қай дағдымды қандай деңгейге көтердім, ертең нені жақсартамын?» деп ойлауы керек. Бұл жерде мұғалімнің оқушыны бағалауы – жазалау немесе жарыстыру құралы емес, бағалау оқушы үшін «өз прогресін көру құралы» болуы тиіс.
Төртіншіден, цифрлық және жасанды интеллект сауаттылығы. Бүгінгі оқушы технологияны қолдана алады деген сөз оның «цифрлық сауатты» екенін білдірмейді. Оқушы:
– ақпаратты іздеу;
– дереккөзді тексеру;
– цифрлық қауіпсіздік;
– авторлық құқықты сақтау;
– дербес мәліметті қорғау;
– жасанды интеллект мүмкіндігі мен шектеуін түсіну;
– AI берген жауапты тексеру;
– AI-ды дайын жауап көшіретін құрал емес, ойлауды жетілдіретін құрал ретінде пайдалану дағдыларын меңгеруі керек.
Бесіншіден, коммуникация, қарым-қатынас мәдениеті. Білімі өте жақсы, бірақ ойын жеткізе алмайтын оқушының мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мектепте: тыңдау → түсіну → сұрақ қою → пікір айту → дәлелдеу → пікірталас жүргізу → келісу/келіспеу мәдениеті жүйелі түрде қалыптасуы қажет. Әсіресе, қазақ тілін оқытуда оқушыға ережені жаттатумен шектелмей, ойын қазақ тілінде дәлелді, мәдениетті, логикалық жеткізуге мүмкіндік беру маңызды. Бұл жерде айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым бір-бірінен бөлінбеуі керек. Біздегі көп әдіскерлер осы төрт дағдыны бір-бірінен бөліп қарастырады. Тіпті, айтылым мен тыңдалым мақсаттары араласып кетсе, оны үлкен мәселе көреді. Мұғалім дағдыланбай оқушы қалай дағдылансын. Оқыту әдістемесі жасалмай, оқушыны қалыптастыру мүмкін бе? Мүмкін емес. Оқушыны қалыптастыру үшін оқыту әдістемесі де жасалуы керек.
Алтыншыдан, оқушының шығармашылық және мәселе шешу дағдысы қалыптасуы керек. Болашақта жасанды интеллект көптеген стандартты әрекеттерді орындай алады. Сондықтан адамның құндылығы – жаңа идея ұсыну → мәселені көру → бірнеше шешім жасау → ең тиімдісін таңдау → нәтижесін тексеру қабілетінің артуында. Сондықтан сабақтағы «Дұрыс жауабы қайсы?» деген сұрақпен қатар, «Тағы қандай шешім болуы мүмкін?» деген сұрақ та тұрақты қойылуы қажет.
Жетіншіден, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру. Қазіргі бала тек білімді емес, өз эмоциясын басқара алатын, өзгемен жұмыс істей алатын, жауапкершілік ала алатын тұлға болуы керек. Оған:
Демек, «жақсы оқушы» ұғымын тек жоғары баға алатын оқушымен шектеу дұрыс емес.
Сегізінші, қаржылық, тұрмыстық және өмірлік сауаттылық. Мектеп бітірген бала:
Меніңше, «ХХІ ғасыр мектебінің идеалы – бәрін білетін оқушы емес, жаңа нәрсені өздігінен үйрене алатын, дұрыс сұрақ қоя алатын, ақпаратты талдайтын, технологияны саналы пайдаланатын, өз шешіміне жауап беретін және алған білімін өмірде қолдана алатын оқушы болуы керек. Сондықтан қазіргі мектептің мақсаты: «көп білетін оқушы» тәрбиелеуден «білгенін дұрыс қолдана алатын, өздігінен ойлайтын, ақпаратты саралайтын, үйрене алатын тұлға» қалыптастыруға қарай ауысуы керек. Ал мұғалімнің басты міндеті — оқушыға дайын жауап беру емес, дұрыс сұрақ қоя алатын және жауапты өзі іздей алатын деңгейге жеткізу. Демек, оқыту бағдарламасы, оқыту мақсаттары, оқыту әдістері, оқулықтар мен әдістемелер де осыған сай жасалуы тиіс.