Білімге іңкәрлік құдай берген ең аяулы және жаратушыға ғашықтығының айқын көрінісі іспеттес. Оразмағанбеттің қазақ елінің қиян-кесті тарихының аласапыран жылдарына қарамастан, білім алуға ұмтылғанын қазақ тарихының бір белесі деп білемін. Өйткені әр елдің өркениеті оның білімді азаматтарымен өлшенеді. Олар елге мақтаныш және халқына өнегелі тұлға ретінде заманының әрі келешегінің үлгілі аяулысы болып қала бермек. Сондықтан Оразмағанбет – қазақ тарихының шамшырағы болған білім мен ғылымға құштарлығының арқасында халқы үшін «ұстаз» лақабына лайық жан.
Оразмағанбеттің білім алу жолының бастауы діни сауаты бар, молда болған өз әкесі Тұрмағанбет атаның білім қазынасы мен тәжірибесі болады. Қазақ мақалында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөзінде айтқандай, Оразмағанбет те ұяда инабатты да иманға берік әкесінің үлгісін көрді. Және «Әке көрген оқ жонар» дегендей, бастапқы діни білімін өз шаңырағынан алған соң бел буып, түркі тарихында білім мен ғылым ошағы болған Бұхара қаласына аттанды. Ол қала – мұсылман қауымының бағыттаушысы болған әйгілі хадисшы Мұхаммед Бұхари (810-870) дүние келген шаһар. Имам Бұхари – «әс-Сәһиһ» атты хадистер жинағының жинақтаушысы және діни заңдарының, яғни шариғаттың білгірі болғаны үшін бүкіл сұнни мәзһабтағы мұсылман қауымы мойындаған хадис кітабының иесі. Бұхара – мыңдаған жыл тарихы бар қала ретінде бүгінгі Өзбекстан Республикасының миллиондаған саяхатшыны өзіне қызықтырып келе жатқан тарихи әсем шаһар. Бұл – Бұхара облысының орталық қаласы. 2024 жылғы санақ бойынша 274 мың халық саны бар және Мир Араб медресесімен әлемге танымал болған қала. Бүгінгі күні Өзбекстандағы туризмнің басты қалаларының бірі. Демек, ежелден бері «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» бұл қалада Оразмағанбеттің оқығаны үлкен мәдени өрісінің биіктігін көрсетеді. Оразмағанбеттің орта ғасырда түркі және ислам әлемінің ғылыи-мәдени орталығы болған Бұхара сынды қалада оқып, білім алуының өзі ғылыми ортаның айтулы құбылысы деуге болады.
Бұхара – Мир Араб медресесі
Оразмағанбеттің Бұхарадан кейін Хиуа қаласына барып, ол шаһардың мектеп-медресесінен білім алғаны айтылады. Хиуа қаласы тарихи тұрғыдан өзіндік маңызға ие. Қазіргі Өзбекстанның Харезм облысының құрамындағы бір қала. 2025 жылғы санақ бойынша халық саны 115 мың адамды құрайды. Хиуа 2500 жылдық тарихымен 1990 жылы қаланың көне бөлігі Орталық Азияда бірінші болып ЮНЕСКО-ның дүниежүзінің мұралар тізіміне енгізілді. Ал осы қаланың ғылым мен мәдениет өрісі де ауқымды болғанына әйгілі Мұхаммед Әмин хан медресесінің өзі айғақ бола алады. Сондықтан Оразмағанбет сияқты қазақтың дара перзенті аталған қалаларда өзінің елге деген сүйіспеншілігі үшін құны өшпес ғылым мен білім қазнасына қол жеткізу үшін барғанын атап айтуға болады.
Хиуа – Мұхаммед Әмин хан медресесі
Оразмағанбет Бұхара мен Хиуа сынды қазірге дейін әлемге мәшһүр қалаларда болып білім алғаны оның діни және дүниеуи сауаттылының қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді. Зерттеуші ғалым Қобидолла Сыдиықұлы (1934-2001) Оразмағанбет жайындағы зерттеулерінде оның Бомбей университетінде оқып жоғары білім алғандығын жазған. Онда заманауи және техникалық салада бірнеше бағытта өзінің білім аясын кеңейткен. Атап айтқанда, «жер құрылысы, қазба байлығы, ауа райы, өсімдігі, шығыс медициясы, халық емшілігі» сияқты мамандықтарды меңгергені оның жан-жақты білімдар ғалым болғанын байқатады. Менің жастық шағымда естігенім, Оразмағанбет геолог болған және оның зер салған мұнай кендері жайындағы болжамдары ұдайы тура болып шығады екен. Сондықтан оның жер қойнауындағы мұнай кендерін нақты диагноз қоя алатын көрегендігіне ел-жұрт тәнті болған. Сол себептен Кеңес үкіметінің жансыздары оның ізіне түсіп, соңында Иранның сол кездегі Мазандаран провинциясы, кейінгі жылдары Гүлістан провенциясы болып дербес болған аймақтың Бәндәр Түркімен қаласы маңынан оны қарауылдап жүріп, бір түні ұрлап кеткен. Одан кейін көп жылдар оның геологиялық ғылымының білімін өз мүдделеріне пайдаланған деген қауесет желдей ел арасында есіп жүрді. Әрине, ондай әңгіме санаулы жақын сырлас достар арасында оңашада тілге тиек болатын. Себебі ол жылдар иранның патшалық режимі Батыс саясатының бағытын ұстанғаны үшін Кеңес Одағымен жақын достығы бола қойған жоқ. Және іштей коммунистік жүйеге сенімді көзқарасы болмағаны үшін бұндай әңгіме сыбыс түрінде оңашада айтылатын еді. Алайда Оразмағанбеттің қан мен тауқыметте өтіп жатқан ауыр тағдыры көкірегі ояу қарияларымызды қынжылтатынын сезгендей күн кештік. Оразмағанбеттің әлемге кеуде көрсетіп, жаһан билеушісі болуға мүдделі Кеңес үкіметінің нақ назарында болуы оның қазақтан шыққан айтулы ірі тұлға болғанының дәл айғағы екенін көрсетеді. Ғалым мен жақсы адамға әркімнің әрдайым таласы бар. Сол үшін Оразмағанбет – қазақтың терең білімді жақсысы болған тұлға.
Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы жөнінде зерттеп, көптеген мұраларын жинақтап, тиісті мұрағатқа тапсырған фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықұлының берген мәліметі бойынша, 1882 жылы Маңғыстаудағы Қызылсу мекенінде дүниеге келді. Геология инженері және парсы, араб, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 1919 жылы туған мекені Қызылсуда мешіт, мектеп салдырып, 1930 жылына дейін сонда сабақ беріп оқытушылықпен айналысады. Математика мен орыс тілінің мамандарын алдыртып оқу бағдарламасына аталған пәндерді қосқан. 1916-1930 жылдары Маңғыстаудың жерасты қазынасын зерттеп, барлау жұмыстарына кіреседі. Сондай-ақ тау жыныстарының коллекциясын, шипалы шөптерді жинайды. Сонымен бірге мал, адам ауруларын емдейді. Оразмағанбеттің геологиялық зерттеулерінде Украинаның Одесса қаласында 1861 жылы туып, Чехияның Прага шаһарында 1924 жылы қайтыс болған әйгілі геолог және палеонтолог, академик, Киев университетінің профессоры Николай Иванович Андрусовтың шәкірті болған Михаил Викентьевич Баярунас (1882-1939) – белгілі Ресей геологы, стратиграф және палеонтолог, 1920-1930 жылдары Маңғыстау мен Қарабұғаз өңірінің геологиясын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым. Ол сол жылдары Маңғыстау мен Қарабұғаз аймақтарында геологиялық-геоморфологиялық экспедицияларға қатысып, маршруттық түсіру жұмыстарын жүргізді. Және Маңғыстаудың тұйық ойыстарын Қарақия мен Қауындыда зерттеу жұмыстарына қатысты. 1926-1930 жылдар аралығында жұмыс бабымен қазақтың тұңғыш геолог ғалымы Оразмағанбет Тұрмағамбетұлымен кездесті. Жұмыс барысында Оразмағанмбет және өзге де зерттеушілермен өңірдің табиғи байлығының барлау жүмыстарын бірге атқарды. Сол жылдары Оразмағамбетпен жақсы достық қарым-қатынаста болған екен.
Оразмағанбет ғалым болды. Бірақ ғылымның жолы адамның иманымен тоғыспаса, оның толық адам болуына жеткіліксіз болатынын жақсы білді. Сол үшін өзінің ғылыми жолында берік иманды болуды ісі мен сөзінде теңестіруге тырысты. Оразмағанбет тағдыр тәлкегіне түспей мамандығы бойынша жұмысын туған өлкесінде жалғастыра білгенде, бәлкім, Сафи Өтебайұлы (1909-2007) сияқты елінің құшағында талай марапаттарға ие болар еді. Мен Оразмағанбеттің геолог ретінде қазақтың мұнай барлау жұмысында орнын білгім келді. Қазақ жерінде мұнай барлау жұмысы жайында бұрынырақ мұнайшы достарымнан Атыраудағы Доссарға (Доссор – Атырау облысының Мақат ауданындағы кент) барып жақыннан танып, оның тарихымен танысқанмын. Оның өкініші көңілімде қадалып қалғанын айта аламын. Алайда «мұнай барлау жұмыстары 1892 жылы Доссорға, 1894 жылы Қарашүнгілге де берілді. Ю.Лебедев 1893 жылы өз рұқсатын Н.Леман, Доппельмаер және Грум-Гржимайлоға сатты. Ал олар іздестіру және барлау құқығын ала отырып, 1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрды. Cөйтіп, қазақ жерін зерттейтін алғашқы мұнай мекемесі дүниеге келді. Н.Леман құрған компанияға белгілі кен орындарының көпшілігі концессияға берілді. Сол кезеңде оған Орал облысының Гурьев, Калмыково уездерінің болысындағы кен орындары қарады. Осы жылы Гурьев қаласында компанияның сенімді өкілі басқаратын арнайы мекеме ашылды. Зерттеуші Л. Бердіғожиннің есебінше 1898 жылы мұнайды іздестіру барысындағы түрлі жұмыстарға 59 қазақ тартылған екен. Олар мұнай экспедицияларына жол бастаушы, керуен жұмысшысы, атшы, жүк тиеуші, күзетші, қара жұмысшы ретінде тіркелген» қазақтар 1898 жылында мұнай істерімен араласқанын білген жөн. Сондай заманда, яғни ғылым, зерттеу, зерделеу деген дүниелерден бейхабар жүрген заманда Оразмағанбет бар ынтасын жан-жақты білім алуға арнағаны – ерлікпен парапар іс.
Оразмағанбеттің екінші артықшылығы – «кітап мәдениеті». Кітап мәдениеті жалпыға арналған және жеке тұлғалардың кітапхана атауымен байланысты. Өткен ғасырларда көпшілік және тұлғаға тән кітапханалар – тарих беттерінің жарқын бейнесі.
Әлем мәдениетінің тарихына назар салсақ б.з.д. 2700 жыл бұрын шумер патшалық сарайының балшықтан жасалған тақталарға жазбалармен қамтылған кітапханасы болған. Шумерлер – б.з.д. IV–III ғасырларда Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығында, қазіргі Ирак аумағында өмір сүрген адамзат тарихындағы ең көне өркениеттердің бірі болған. Екіншісі, Ашшур мәдениеті: б.з.д. II-I ғасырларда қазіргі Ирак аумағында салтанат құрған әйгілі патшасы Ашшур Банипал кітапханасы тарихта ұлы өркениет таңбасын қалдырды. Үшіншісі – Мысыр еліндегі екінші үлкен қаласы Искендерия қаласындағы Ескендір (Александр Македонский) атындағы жүз мыңдаған папирус шиыршығына жазбалары бар б.з.д. III ғасырда әйгілі болған кітапханасы. Бұндай тарихи фактілер кітап мәдениеті адамзат тарихында өзіндік орынға ие екенін дәлелдейді. Елдердің өркендеуі және әлемдік өркениетке жету жолы тек қана кітап мәдениеті арқылы жүзеге асады. Оның құндылығын жақсы білген Оразмағанбет елден шетке кетуге мәжбүр болғанның өзінде 1935 жылы Иранға қоныс аударды. Кетерінде үш нарға жүк болатын бай кітапханасын бөліп-бөліп тау үңгірлеріне жасырады. Олардың 51-і Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорына сақтаулы тұр.
Оразмағанбеттің тағы бір артықшылығы – оның қайраткерлік болмысы. Қоғамда адамдар екі топқа бөлінеді. Бірі – қайраткер. Ол – саясат, экономика, қоғам, мәдениет салалары бойынша көпшілікке бағыт беруші жетекші. Екіншісі – тобыр. «Тобыр – белгілі бір ортақ мүддемен уақытша топтасқан адамдар жиыны. Тобырдың әлеуметтік құрылымы қарапайым: көсемінен және өзгелерінен тұрады. Дегенмен тобыр жекелеген тұлғалардың жай ғана жиынтығы да емес. Зерттеушілердің пікірінше, Тобырға тән жалпы сипаттамалар:
1. Әсершілдік. Тобырдың ішіндегі адам одан басқа адамға қарағанда әлдеқайда әсершіл. Олар көпшіліктің пікірін, сезімін, әрекетін неғұрлым тез қабылдап, ортақтасады; анонимділік – жеке тұлға өзін көптің ішінде танылмайтындай сезінеді. Тобыр біртұтас топ ретінде әрекетке барып, оның жекелеген мүшелері өзін жеке тұлға деп санамайды;
2. Тұтқиылдық. Тобыр құрамындағы адамдар болжамсыз мінез-құлыққа, эмоцияға бейім, олар көптің ішіндегі өз әрекеттері жайлы ойланып, сарапқа салмайды;
3. Қамсыздық. Тобыр құрамындағы адам топпен біртұтас қимылдайтын танылмайтын көптің бірі болғандықтан, өздерін әлеуметтік бақылаудан, жауапкершілік пен жазадан тыс сезінеді.
Оразмағанбет өз заманында саяси, қоғам және мәдени қайраткері болған. Ол сол кездегі елге танымал, белсенді, зиялы ел азаматтары – Бақытжан Қаратай, Ахмет Байтұрсынұлы сынды рухани тұлғалармен қарым-қатынаста болды, осылар арқылы Алаш қозғалысына араласты. Көз көрген жерлестері Тобанияз Әлниязұлы мен Жалау Мыңбай, Оңғалбайлар «халық жауы» деп ұсталған сәтте, бұл да құрықтан тыс қалмады. Қара күйе оған да жағылды. Әсіресе діндарлығы оны Кеңес үкіметіне қарсы етіп көрсетіп, өзгелердің «қорқынышына» айналды.
Міне, Оразмағанбет осындай артықшылықпен қазақ тарихында айтулы тұлға ретінде өз орнын алған. Ол – сақтарға, одан кейін оғыз мен қыпшақтарға мекен болып, Бекет атаға аманат болған киелі Маңғыстаудың тумасы. Маңғыстаудың киелі ел болғаны дүниежүзі мәдениетінің сарапшы ұйымы – ЮНЕСКО тарапынан мойындалды. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Бекет ата және жиырма әулиелі мекендер ЮНЕСКО тарапынан мойындалып, тарихи маңызды мекендер қатарына бекітілгенін жариялады.
Тұрмағанбет кезінде елінің жоғын жоқтады. Бүгін оны елі жоқтап жатыр. Елін жоқтаған ерлердің жоқтаушысы болмаған – қасірет. «Ел барда ер қор болмас, ер барда ел қор болмас» деген қазақтың нақыл сөз осымен парапар. Бұл – қазақтың түркілік тарихынан келе жатқан өмірлік дәстүрі. Оған дәлел – бұдан үш мың жылға жуық бұрын түркілердің, тұранның патша сардары Алып Ер Тоңаға жырлаған «жоқтау» жыры:
– Алып Ер Тоңа өлді ме,
Жалған дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар…
Қазақ халқы өзіне қорған болған жандарына, ел қорғаушы ерлеріне жоқтау айту дәстүрін күні кешеге дейін сақтап келді. Ел қамын ойлаған ерлерін еске алып, ұрпаққа оның елдік арман-мақсатын таныстыру мен дәріптеуі – сол жоқтау дәстүрінің бір түрі. Осы елдің Алып Ер Тоңаға айтқан жоқтау жыры арқылы «Тұраннан бастау алған қазақ тарихына» көзіміз жетеді. Сондықтан бүгінгі еліміздің жоқтаушысы болған Оразмағанбет – ел мүддесін қорғаушысы ретінде Маңғыстау өңірінің мақтан тұтар халық қаһраманы. Жоқтау мен еске алу – қатар жүретін ұғым. Бұл – елдің нағыз ерлерін бағалайтын қажеттіліктен туындаған көшпенділердің көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Жоқтаушысы болмаған ел тарихи процесінде «тірі өлікке» айналады. Оған Америка тарихындағы үндістердің тағдыры дәлел. Үндістер ақ нәсілділердің отарлау саясатының аяусыз құрбандары болғанын 1492 жылы Солтүстік Америкада үндістердің саны бір миллион адам болса, 1890 жылында небәрі үш жүз мыңға төмендеп кеткенінен байқауға болады. Бұл трагедияның орын алуына ақнәсілділердің жауыздығы себеп болды. Америкалық ғалым Ди Браун «Американың қызыл терілері» немесе «Жүрегімді жерлеші» атты еңбегінде ақ нәсілділер 1861-1890 жылдар аралығында, яғни бар-жоғы отыз жыл шамасында үндістерді тірідей өлікке айналдырғанын жазды.
Табиғатқа ғашық, қарапайым өмірге бейім үндістер табиғатпен, жан-жануарлармен бірге салтанат құрып өмір сүретін. Оған дәлел біріншіден, Христофор Колумбтың алғашқы сапарында үндістер Отанында бұғылардың саны жетпіс бес миллион шамасында болған болса, 1890 жылы жерасты мен жерүстінің байлығына құмартқан пайдакүнем еуропалықтардың қырып-жоюының кесірінен, бұлардың саны бірнеше жүзден аспаған, екіншіден, үндістердің «қызыл бұлт, жуан жылан, арық аю, қара бұғы, қара қазан» сияқты есімдеріне қарап, табиғат олардың өмір шындығымен етене жақын болғандықтарын айта аламыз.
Ди Браун үндіс халқының трагедиясын былай қорытындылайды: үндістердің атақты басшылары кейінгі отыз жылда тарих арнасында аңызға айналғандары тағдырдың ісі еді. Яғни 1861 жылдан бастап 1890 жылға дейін созылған «Этноцид» саясаты. Үндістердің ақпейіл мінезі мен асқан жауынгерлік рухын қорғаштаған қаһарман перзенттерін тұтқындап, лагерге қаматқан, керек десе өлтірген. Ал оларды қанға бояған ақ нәсілді шабуылшыларды «Американдық қаһармандар» деп тарихқа енгізген. Бұл тарихтың парадокс көрінісі біздің елде де қайталануы ықтимал. Елдің тарихи жаңғыруы тікелей халықтың саяси санасының ұдайы ояу болуына байланысты. «Алтын Орда» хандығы XV ғасырдың І жартысынан бастап біртіндеп бөлшектене берді де, бірнеше шағын хандыққа бөлініп кетті. Қырым хандығы, Қазан хандығы, Сібір хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай Ордасы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы, міне бұл аталған мемлекеттердің бәрі – Жошы Ұлысының немесе Алтын Орданың шекпенінен шыққан мемлекеттер, Алтын Ордадағы мемлекеттік дәстүрді одан әрі жалғастырушы. Бір өкінішті жәйт, кейін оның территориясының басым бөлігін патшалық Ресей жаулап алды. Қалған бөлігі қазақ, өзбек, қырғыз тәрізді түркі халықтарының еншісіне тиді. Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Осылай Тұраннан бастау алған қазақ тарихи үш мың жылдық түркілік тарихының мұрагері болуға лайық бүгінге жетті.
Үндістердің тарихи трагедиясы 1890 жылғы желтоқсан айында жаппай қырудың соңғы қанды қырғынымен аяқталды. «Воундед ни Грек» қамалында болған қырғын үндіс халқының жойылу тарихының соңғы нүктесі еді. Міне, сол қамалда панасыз қалған жас пен қария жандарды өлім орағымен орған ақ нәсілділер «Этноцид» саясатының жеңісіне де жеткен күн еді. Өйткені 1890 жылдың сол күнінен бастап қазірге дейін үндістер «Қаһармансыздық кезеңін» бастан өткізіп жатыр. Халықтың соңғы қаһарманы өлген соң, «Қаһармансыздық кезеңі» басталады. Яғни жоқтаушысы жоқ елге айналады. Ал бұл – үндіс халқының «тірі деген аты бар өлік» болған соң, өлім кезеңінің басталғаны деген сөз. Ұлт үшін, халық үшін саяси сахнада, экономикалық салада, рухани айдында жан салып, елінің мүддесі үшін күресетін соңғы «Қаһарманы» өлген соң, ол ұлттың ұлт ретінде өмір сүруі мүмкін еместігін үндістер тарихынан көреміз. Еліне қорған болған «Қаһармандар» көп болса, елдің баянды өмір сүруіне соншалықты үміт арта түседі. Керісінше, «Қаһармандар» азая түскен сайын бір елдің ел болып қалуы екіталай екенін үндістердің тарихи тәжірибесінен байқаймыз. Адамзаттың осындай тарихи тәжірибесіне қарағанда, елдің елдігін жоқтайтын қаһарман перзенттері бар жерде, елдің тағдыры баянды болмақ.
Бүгінгі Оразмағанбетке арналған еске алу күні – ұлттық идеямыздың бір парасы. Бұл шараны ұйым-дастырған ұжым да елінің жоқтаушы қаһарманының жоқтаушылары. Бұл шараға қатысушылар – ел арма-ны үшін құрбан болғандарды жоқтаушыларының бір бөлігі. Ел мүддесі үшін білімін, даналығын, іскерлік пен тапқырлығын жұмсаған Оразмағанбеттер – ел тарихының өшпес жұлдыздары, тарихи жадымызды жаңғыртушылар! Оларды ұмытпайық, ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының
директоры, профессор