Әсіресе адамзаттың болмысы мен санасын, қоғам мен руханияттың күрделі мәселелерін зерделейтін іргелі ғылым саласына жататын философия бағытында еңбек ету үлкен парасат пен биік мәдениетті қажет етеді. Осындай өнегелі жолды абыроймен жүріп келе жатқан ғалымның бірі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия саласының білікті маманы, Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымына сүбелі үлесін қосып келе жатқан Лесхан Әмірханұлы Асқарды айтар едік.
Биылғы жыл Лесхан ағайдың оқытушылық-шығармашылық өмірі айтулы белеспен – 70 жылдық мерейтоймен қатар келіп отыр.
Лесхан ағаймен біздің таныстығымыз да 1992 жылы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің философия мамандығына оқуға түсіп, сол заманда «сельхозка» деп аталатын Алматы қаласының іргесіндегі көп колхоздың бірінде қызылша, картоп секілді өнімдерді жинауға барған ауылшаруашылық науқанында бастау алып, одан бері уақытта беки түсті. Студенттік шақтың екпінімен жұмысты жапырып істеп, кешке қос басындағы ән-күй мен қызықты әңгімелермен өткен 3 апталық сельхозка бір-бірімізді етене тануымызға себеп болып еді. Кешкі астан кейінгі жиі болып тұратын басқосуларда Лесхан ағайымыз адамзат тарихындағы философиялық ойлар, мектептер мен ізденістер туралы жанды баурап әкететін пікірлерімен бөлісіп отыратын. Лесхан ағайдың осындай кездесулердің бірінде айтқан «Білім алуда да, беруде де көп нәрсе өзгереді, өйткені бұрынғы жүйе жоқ, ал жаңа жүйе жаңа шешімдерді қажет етеді. Бұл – заңдылық. Сондықтан сіздердің көңілдеріңізді де «Философия мамандығын неге таңдадым, мен осы мамандыққа дұрыс түстім бе және бұл маған не береді?» деген сауалдар жиі мазалайтын болады. Әрине, оған әркім өз мүмкіндігіне қарай жауап берер, біреулеріңіз мүлдем кетулеріңіз, екіншілеріңіз басқа мамандыққа ауысуларыңыз әбден мүмкін. Алайда бір нәрсені анық айта аламын: қоғамда өмір сүріп, оның алдымызға қоятын сан түрлі сауалдарына ой жүгіртетін адам ешқашан философиядан алыс бола алмайды. Ал өзін ғылым саласымен байланыстырғысы келетін адам үшін философия базалық ғылым, дүниетанымдық бағдар ретінде мәңгі қала береді» деген толғанысы әлі күнге дейін жадымызда.
Жалпы, 1992-1996 жылдар аралығында біздің қазақ тобымызға куратор болған Лесхан Асқаров ағайымыздың орны бөлек. Лесхан ағамыз біздің тобымызға философия тарихы мен формальды логика пәндерінен дәріс беріп, зейінімізді ашқан ұстаз болуымен қатар өзінің кісілік қасиеті мен адамгершілік болмысымен үнемі жанымыздан табылатын жанашыр аға болып қалды.
Енді қысқа түрде Лесхан ағамыздың өмірбаянына тоқтала кетейік. Лесхан Әмірханұлы Асқаров 1956 жылғы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. 1974 жылы Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, 1976-1978 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери қызметін өтеді. 1978-1983 жылдар аралығында сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Философия және экономика факультетінің философия бөлімін тәмамдады. 1983-1987 жылдары Алматы cәулет құрылыс институтында ұстаздық етті.
1987-1990 жылдар аралығында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде философия мамандығы бойынша аспирантурада оқып, сол жерде «Ұлтаралық қатынастардағы идеологиялық үдерістерді реттеу мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
1992 жылдың қаңтар айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде доценттік қызмет атқарып келеді.
1992-1993 жылдары Түркия Республикасының Ыстамбұл университетінде біліктілігін жетілдірді.
Ғылыми-оқытушылық салада логика, түркі мәдениеті мен философиясы, қазақ философиясы, ғылым тарихы мен философиясы, сыни ойлау тақырыптарына баса көңіл бөледі. Ұзақ жылғы оқытушылық, шығармашылық жұмыстары мен ғылыми ізденісінің нәтижесінде 200-ден астам ғылыми мақалалар, оқулықтар, оқу құралдары мен монографиялары жарық көрді.
Лесхан ағамыз философия ғылымының іргелі бағытын құрайтын логика саласындағы ғылыми ізденісінде Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың логика іліміне қосқан үлесін талдап, салыстырмалы зерттеулер жасады. Атап айтқанда, 2014 жылы жарық көрген «Логика как феномен культуры мышления в контексте истории философии» атты монографиялық еңбегінде логика ғылымының тарихына сараптама жасап, батыстық және шығыстық ғалымдардың логика туралы ізденістері мен идеяларын талдап көрсете келе, жұмыстың үшінші тарауының екінші бөлімінде әл-Кинди, әл-Фараби және Ибн Сина логикасының ерекшелігін антика дәуіріндегі ойшылдардың дүниетанымдарымен салыстыра талдап, олардың логика саласына қосқан өзіндік үлесін толық түсіндіріп бере алды.
Лесхан Әмірханұлы 2019 жылы жарық көрген «Фарабитану» атты оқу құралындағы ұжымдық еңбекте және 2015 жылғы баспадан шыққан «Өрісті логика» атты еңбегінде әл-Фарабидің таным теориясы мен логикалық трактаттары туралы еңбектеріне терең пайымдағы түсіндірмелер беріп, өз зерттеулерінің нәтижесі мен төлтума тұжырымдарын ғылыми ортаға паш етті.
Философ ғалымның басты ерекшелігі – дайын жауапты ұсынудан бұрын, адамды ойлануға жетелеу. Осы тұрғыдан алғанда, Лесхан Әмірханұлы – өзі білім алған қара шаңырақтың қабырғасында дәріс оқып, жас ұрпақтың санасына білім нәрін беріп жүрген ұлағатты ұстаздықтың үлгісін көрсетіп жүрген жан. Өйткені қай дәуірде де ұстаз алдынан өткен әрбір шәкірт үшін өнегелі тұлғаның айтқан сөзі, берген бағыты мен ғылыми ізденіске бағдарлаған ұстанымы өмірде басшылыққа алатын ұстын болып қала берері хақ.
Сондықтан біздің тобымыз үшін Лесхан Әмірханұлының тұлғасы – ғылым мен білімге деген ынтызарлықтың, өз шәкірттеріне барын беремін деген ұстаздықтың жарқын үлгісі.
Алдымызда жүрген ағамыз, білім берген ұстазымыз және бүгінгі күні қара шаңырақтағы төл факультетімізде әріптесіміз ретінде жанымызда жүрген Лесхан ағайымыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз және ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көре беруіне тілектеспіз!
Қанат НҰРҒАЛИЕВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ, Философия кафедрасының
аға оқытушысы