Биыл Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүй деді: «Бұрын дәстүрлі педагогикада коррекциялық педагогика сияқты арнайы мамандандырылған бағыттар болған еді. Біз қазір педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан әрбір маманды инклюзияның не екенін білуге тек теориялық форматта емес, кез келген баламен жұмыс істеуге, соның ішінде арнайы талабы бар балалармен жұмыс істеуге дайындауымыз керек екеніне көзіміз жетті. Сол үшін оқу жоспарын түбегейлі өзгерттік. Енді инклюзия принциптері, әдістемесі үйретіледі. Бұрын арнайы бағыттарға үйретілген нәрселер енді жаппай үйретіледі. Келесі жылы сол бағдарламамен оқып жатқан студенттер оқу бітіреді. Әрі қарай нәтижесін көреміз».
Бұл мәлімдеме инклюзияның енді жекелеген мамандардың емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауапкершілігіне айналғанын көрсетеді. Яғни, «ерекше балаға» арнайы маман ғана емес, кез келген мұғалім дайын болуға тиіс деген жаңа парадигма қалыптасып келеді.
Инклюзивті білім беруді зерттеп жүрген маман Лаура Бұтабаеваның «фб» парақшасындағы мына пікірі қоғамның назарын аударуға тұрарлықтай деп ойлаймыз. «Мүмкіндігі шектеулі студент колледжде немесе басқа білім беру ұйымында оқып жүрсе, ол «ерекше жағдай» емес. Ол жай ғана студент. Оның сапалы білім алуы үшін ерекше қарым-қатынас емес, ең алдымен, қажетті жағдайлар жасалуы маңызды. Сонда ол да басқа студенттер сияқты білім алып, дамып, өз мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл қағида күнделікті өмірде де дәл солай.
Мысалы, мүгедектер арбасындағы адам кинотеатрға келсе, бұл – аяушылық танытатын жағдай емес. Ол жай ғана фильм көруге келген көрермен. Сіз креслода отырсыз, ал ол өз арбасында отырып фильм көреді. Егер оған қажетті жағдайлар жасалған болса, ол да бәрімен бірге сол кеңістікте еркін бола алады. Осындай қарапайым дүниелердің өзі инклюзивті мәдениетті қалыптастырады. Бұл – әртүрлі адамдар қоғамның табиғи бөлігі болып саналатын мәдениет. Сондықтан инклюзия тек мүгедектік туралы мәселе емес. Бұл – қадір-қасиет, құрмет және тең мүмкіндіктер туралы. Ол пандустардан басталмайды, біздің адамға деген көзқарасымыздан басталады», – дейді ол.
Шынында да, инклюзия тек инфрақұрылыммен шектелетін мәселе емес. Бұл – ең алдымен, сана мәселесі. Қоғам «ерекше» деген ұғымнан арылып, әр адамды тең қабылдауға көшкенде ғана шынайы инклюзия туралы айтуға болады.
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты институционалдық қадамдар да жасалып жатыр. 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігінің жанынан Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды. Бұл құрылымдық бөлімшенің мақсаты әр баланың даму ерекшеліктеріне қарамастан сапалы және қолжетімді білім алу құқығын қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі шешу болды.
Бір жарым жылдың ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Нормативтік-құқықтық база қайта қаралып, бұрынғыдай фрагменттік сипаттан арылуға талпыныс жасалды. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды бағалаудың бірыңғай тәсілдері енгізіліп, қолдау жүйесі біріздендірілді.
Мектептерде арнайы педагог, педагог-ассистент, жеке көмекші сияқты жаңа штат бірліктерінің енгізілуі – формалды емес, нақты қолдаудың көрінісі. Бүгінде мыңдаған бала психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамтылып отыр. Үш деңгейлі қолдау моделі енгізіліп, жүздеген арнайы кабинет ашылды. Бұл – инклюзияның қағаз жүзінде ғана емес, практикалық деңгейде де жүзеге аса бастағанын білдіреді.
Сонымен қатар халықаралық міндеттемелер де назардан тыс қалған жоқ. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы аясындағы ұлттық есеп дайындалып, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына арнайы бөлім енгізілді. Тіпті «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды (адамдарды) кешенді қолдау туралы» заң жобасының әзірленуі – білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерін біріктіруге бағытталған маңызды қадам.
Алайда жүйе қанша жетілдірілсе де, оның өміршеңдігі практикамен өлшенеді. Бұл тұрғыда сала ішінде жүрген мамандардың пікірі ерекше маңызды.
«Біз инклюзивті білім беру саласында үш маман бірігіп, осы оқу жылында Алматы қаласы Алатау ауданынан «Бір әлем» инклюзивті мектебі» қоғамдық бірлестігін аштық. Мектептің жанында «Бір әлем» түзету-дамыту орталығы да жұмыс істеп жатыр. Инклюзивті білім берудегі ең маңызды нәрсе – ерекше қажеттілігі бар баланы қоғаммен қарым-қатынас жасауға, ортаға бейімделуге, өз ойын жеткізуге үйрету. Сол кезде олар да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Бұл сенім болашақта олардың мамандық таңдауына, жоғары оқу орындарына түсуге, еңбекке араласуға, өз бетінше өмір сүруге негіз болады деп есептеймін», – дейді «Бір әлем» инклюзивті мектебі» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Ұлбала Бектемір.
Оның айтуынша, ерекше білімді қажет ететін балаларды шартты түрде жеңіл, орташа және ауыр топтарға бөлу – тек педагогикалық тәсіл. Бірақ бұл олардың мүмкіндігін шектеу деген сөз емес. Керісінше, дұрыс бағыт пен тұрақты қолдау болған жағдайда көптеген бала үлкен жетістіктерге жете алады.
Дегенмен мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Өңірлердегі маман тапшылығы – ең өткір проблемалардың бірі. Дефектолог, логопед, тьютор, аватерапевт, психолог сияқты тар бағыттағы мамандар барлық өңірде бірдей қолжетімді емес. Сонымен қатар өңірлерде мектептердің материалдық-техникалық базасы да әркелкі. Кей жерде сенсорлық кабинеттер мен арнайы құрал-жабдықтар жетіспейді.
Тағы бір маңызды мәселе – қоғамның көзқарасы. Көп жағдайда ата-аналар да, қоғам да баланың мүмкіндігін диагноз арқылы ғана бағалап, оның әлеуетін елемей жатады. Ал инклюзияның түпкі мәні – дәл осы стереотиптерді бұзу.
«Бүгінде мектеп жасындағы балалардың уайым-қайғысыз білім алуына ерекше көңіл бөлінеді. Соған сай мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау көп. Әсіресе, бүгінгі қазақ қоғамының іргесі ажырамас бір бөлігі, мектеп жасындағы ерекше білім беруді (еббқ) қажет ететін оқушыларға жасалып жатқан игі істерді атап өтуіміз керек. Бұл балалардың өз құрбы-құрдастарымен бірге өсіп-жетілуі, білім алуы – болашақ жетістіктерге жол ашатын мүмкіндік. Мектеп жасындағы ерекше білім беруді (еббқ) қажет ететін оқушыларға білім беру арнайы бекітілген стандарттарға сәйкес, жеке оқу және бейімделген оқу бағдарламасы сынды екі бөлікке бөліп ұйымдастырылады.
Жеке оқитын балаларға да, бейімделген оқу бағдарламасымен оқитын балаларға да мектеп тарапынан ыңғайлы жағдай жасалады. Оларға жеке даму жоспары жасалып, кедергісіз ортада білім алуы қадағаланып, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен, мониторинг және арнайы бағалау жүргізіле отырып білім беріледі. Жалпы сыныппен бірге, күнделікті, дәстүрлі оқыту формасы ретінде оқу процесі жүргізіледі. Ал сыныптағы оқушылардың ынтымағы, береке-бірлігі, бір-біріне деген ықыласы, жанашырлығы бөлек әңгіме. Арнайы мамандармен қамтылған, адамшылыққа, бауырмалдыққа бейімделген жұмыс нәтижесіз болмақ емес деп есептеймін», – дейді Астанадағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мұқият Қойшыбай.
Мұғалімнің сөзінен байқағанымыз, мектептегі инклюзия – тек оқу процесі емес, сонымен қатар әлеуметтік орта қалыптастыру. Балалардың бір-біріне деген жанашырлығы мен түсіністігі. Бұл – кез келген бағдарламадан да маңызды фактор. Қорытындылай айтқанда, Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі қалыптасу кезеңінен өтіп, енді сапалық трансформацияға бет алып келеді. Бірақ бұл жолда инфрақұрылым мен заңнан бұрын сана өзгеруі керек.
Өйткені инклюзия – арнайы жағдай жасау емес, қалыпты жағдайды барлық адамға қолжетімді ету. Ал ондай қоғамды құруды тек мемлекетке сүйеп қоюға болмайды. Оған қоғамның әрбір мүшесі жауапты болуы керек.
Айгүл СЕЙІЛ