CNBC телеарнасының материалына сүйенген Aikyn.kz қытайлық компаниялардың еуропалық нарықтағы стратегиясын талдайды.
Қытайлық көліктер үлкен экрандармен, ерекше интерфейстермен, дауыс көмекшілерімен және арзан бағамен қызықтырады. Фото bloomberg.com сайтынан алынды
Мюнхендегі IAA Mobility конференциясында ірі ойыншылар жаңа автомобильдері және технологияларымен таныстырды. Ең ауқымды экспозициялар қатарында қытайлық EV брендтері тұрды. Бұл олардың Қытайдан тыс нарықтарды игеруге ниетті екенін айқын көрсетіп берді.
Еуропа нарығында дәстүрлі автобрендтер жаңа модельдерді көбейтіп жатқанына қарамастан, электрлендіруде олардың қарқыны баяу. Ұзақ уақыт EV нарығының көшбасшысы саналған Tesla-ның да Еуропада сатылымы төмендеп кетті. Керісінше, Еуроодақ енгізген кедендік баждарға қарамастан, қытайлық компаниялар бәсеке күшейсе де сатуды ұлғайтып, географиялық кеңеюді мақсат етуде.
Xpeng бас директоры Хэ Сяопэн CNBC-ге берген сұхбатында: «Xpeng-тің жаһандық өсімі қазір өзіміз күткендегіден де жылдам жүріп жатыр», – дейді.
IAA конференциясы аясында CNBC-ге сұхбат берген қытайлық автокомпаниялар Еуропадағы экспансия жоспарын ашық мәлімдеген. Xpeng-тің басшысы Хэ Mona атты көпшілік сегментке арналған модельдерін келесі жылы Еуропаға шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан. Қытайда Mona бағасы $17 000-нан сәл төмен деңгейден басталады. Еуропаға шығу баға бәсекесін айтарлықтай күшейтпек.
Guangzhou Automobile Group (GAC) да Еуропада сатылымды тез өсіруді көздейді. GAC International президенті Вэй Хайган Еуропада биыл 3 000 көлік, ал 2027 жылға қарай кемінде 50 000 көлік сатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. GAC Еуропаға Aion V және Aion UT модельдерін жеткізу ниетін жариялады.Қытайлық ойыншылардың Еуропаға кіруі бастапқы кезеңнен-ақ сезіле бастады. Jato Dynamics дерегі бойынша, былтырғы жылдың алты айымен салыстырғанда биылғы жылдың алғашқы жартысында Еуропада қытайлық автомобиль брендтерінің үлесі екі есеге жуық артқан. Бірақ әзірге нарықтың тек 5%-ы деңгейінде қалып отыр.
Counterpoint Research аға талдаушысы Муртуза Али: «IAA Mobility-дегі қытайлық EV өндірушілердің зор қатысуы олардың Еуропа нарығындағы амбициясы мен сенімінің өсіп келе жатқанын білдіреді», – дейді.
Көптеген қытайлық автоөндірушілер өздерін Tesla секілді технология компаниялары ретінде көрсеткісі келеді. Олардың көліктері соны айғақтайды. Қытай көліктері үлкен экрандармен, ерекше интерфейстермен, дауыс көмекшілерімен жабдықталған. Сатып алушыны тарту үшін кейбір компаниялар автомобильдерін қосымша гаджеттермен толықтыруда.
Мәселен, GAC Aion V моделінде орындық құрамында шағын тоңазытқыш пен массаж функциясы қарастырылған. Бұл – қытайлық брендтердің дәстүрлі өндірушілер арасынан ерекшеленуге талпынысының бір тәсілі.
Counterpoint-тың сарапшысы Али мырза: «Қытайлық автоконцерндердің табысқа жету ықтималдығы жоғары, әсіресе қолжетімділік, аккумулятор технологиясы және өндірістік ауқым тұрғысынан олардың артықшылығы бар», – деп ойлайды.
Еуропаның белді өндірушілері де IAA сахнасында өз қарымын көрсеткісі келді. Volkswagen, BMW және Mercedes-Benz өз модельдерін көрменің ең ірі стендтерінде ұсынды. Әсіресе, Mercedes жарнамасы алаңның бас кіреберісін тұтас қамтыған.
Қытайлық бәсекелестер сияқты BMW да технологияға ерекше мән беруде. Компания «супeр ми» архитектурасын таныстырып, ондағы орталықтандырылған есептеу жүйесі бірқатар аппараттық модульдерді алмастыратынын көрсетті. Іс-шарада көрсетілген BMW iX3 үлгісіне қатысты Qualcomm-мен бірлесіп әзірленген жүргізушіге көмек бағдарламалық жасақтамасы да жарияланды.
Volkswagen мен француздық Renault компаниясы бірнеше жаңа электр моделін ұсынды. Дегенмен бұндай белсенділікке қарамастан, еуропалық компаниялардың қарқыны жеткіліксіз екені байқалды. Жаңа BMW iX3 екі жыл бұрын дебют жасаған EV платформасына сүйенеді. Ал қытайлық өндірушілер жаңа модельдерді өте қысқа мерзімде шығаруда.
Еуропалық брендтердің бай тарихы бар, олардың бас директорлары да CNBC-ге берген сұхбаттарында бәсекені мойындап, оны құптайтындарын айтады. Алайда қытайлықтар да бос қарап отырған жоқ.
Counterpoint-тың аға талдаушысы Али мырза: «Еуропалық көлік шығарушылар жоғары брендтік құндылық пен бай мұраны сақтап келеді. Олардың басты міндеті – өндіріске жаңа технологияларды жедел ендіру. Қытайлықтар, әрине, ешкімді күтпейді. Олар қазірдің өзінде елеулі жетістіктерге жетіп отыр».
Еуропаға агрессивті стратегиямен кірген қытайлық өндірушілердің артықшылықтары арзан баға мен жедел жаңару болса, еуропалық брендтерде бай тарихи және сапа дәстүрі басым. Тұтынушылар қайсысын таңдайтыны 3-4 жылдың көлемінде белгілі болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.