in

Қазақстан мен Қатар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатарлық Thirty-Five Investment Holding компаниясының төрағасы, Қатар Мемлекетінің бұрынғы премьер-министрінің орынбасары және қорғаныс істері жөніндегі министрі Халед бен Мұхаммед әл-Аттыйямен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тараптар Қазақстан экономикасының негізгі салаларында, соның ішінде тау-кен өндірісі, газды қайта өңдеу және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту бағытында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Министр шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған Қазақстанның шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып, қатарлық серіктестерді елдің индустриялық бастамаларына белсенді қатысуға шақырды.

Сұхбат барысында сирек және бағалы металдарды барлау мен өңдеу, сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен технологияларды қолдана отырып өндірісті жергіліктендіру саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Thirty-Five Investment Holding – жылжымайтын мүлік, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, IT, энергетика, тау-кен өндірісі, қаржы және өндіріс салаларында жобаларды іске асыратын көпсалалы халықаралық холдинг. Компанияның штаб-пәтері Қатардың Доха қаласында орналасқан. Холдинг Таяу Шығыс, Еуропа және Африка елдерінде жобаларды белсенді жүзеге асыруда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.