ҚР Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиевтің Скопье қаласына сапары барысында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында, атап айтқанда 2025 жылғы мамырда Astana International Forum 2025 алаңында Қазақстан Республикасы Президенті мен Солтүстік Македония Республикасы президенті арасында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша, ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Скопье қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Солтүстік Македония Республикасының президенті Г.Силяновска-Давкова Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиевті қабылдады. Кездесу барысында Президентке сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы және оны кеңейту перспективалары туралы ақпарат ұсынылды.
Г. Силяновска-Давкова 2025 жылғы мамырда Астанаға жасаған сапарын жылы еске алып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет басшыларының жақында Анталия дипломатиялық форумы алаңында өткен кездесуін атап өтіп, халықаралық диалогты одан әрі дамытудың маңыздылығын ерекше айтты.
Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде министр А. Шаққалиевтің Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскимен келіссөздері өтті. Тараптар екіжақты сауданың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Тауар айналымының тұрақты өсуіне жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударылды.
100-ден астам македониялық және бірқатар қазақстандық компаниялар (соның ішінде QazTrade, KazakhInvest) қатысқан бизнес-форум қорытындысы бойынша, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Солтүстік Македонияның Экономикалық палатасы арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Солтүстік Македонияның инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету агенттігі арасында бірлескен бизнес-жобаларды іске асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, бизнес-форум қорытындысы бойынша шамамен 500 млн теңге сомасына коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Скопье қаласына сапар барысында министр А. Шаққалиев Bunardzik кешеніне (TIDZ технологиялық және өнеркәсіптік даму аймағы) барып, экологиялық таза өндіріс пен озық технологияларға мамандандырылған орталықтың жұмысымен танысты.
Сапардың жалғасы ретінде Ыстамбұл қаласында ірі түрік бизнесінің өкілдерімен кездесулер өтті. Олардың қатарында Orzax Group (биологиялық белсенді қоспалар өндірісі), Roz Metal (металлургия, алюминий және мыс өнімдері) және Safi Holding (тамақ өнеркәсібі, соның ішінде қант өндірісі) бар. Келіссөздер барысында аталған компаниялар Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, өндірістерді жергіліктендіруге және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қызығушылық білдірді.