Ол мұны «стратегиялық маңызы зор міндет» деп атады. Осыған орай елімізде жаңа мемлекеттік авиакомпания құру ісі пысықталады. Мұның сыртында Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайы жаңа мәртебеге ие болып, әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналдырылмақ. Үкімет бұл биік міндеттің үдесінен шыға ала ма?
Жаңа авиакомпания құрылады
Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл саладағы ахуал жақсарып келеді. Әйткенмен, оның көлемін арттыра түсуге мол мүмкіндік бар.
– Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тартып, Ұлттық жүк тасымалдаушы компанияны құру арқылы қол жеткізуге болады. Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет «әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіс». Сонымен қатар экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін керек. Болашақта, тіпті «әуе тасымалдаушы дрондар компаниясын» құру маңызды болуы мүмкін.
– Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауға міндетті. Соның ішінде, тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек. Жалпы, мен бұған дейін де бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет! Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте, – деп түйіндеді Президент.
Мемлекет басшысы шенеуніктердің бұл міндетті жолдаудан жолдауға ұзатып, соза беруіне енді жол бермеуге ниетті. Ол тапсырмасының орындалуы барысын 2026 жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін өтетін арнайы кеңейтілген отырыста қарайтынын ескертті. Ендеше «авиахаб» құру мәселесін шешу үшін Үкіметтің 4-5 айдай ғана мерзімі қалды. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров бұл жұмыс бұрыннан жүріп жатқанын жасырмады. Бірақ жауапкершілікті сырғыту байқалады: Үкімет ол міндетті әл-ауқат қорына қайта жүктепті.
– Карго-тасымалды, яғни әуемен жүк жеткізуді дамыту мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры Ұлттық жүк тасымалдаушы авиакомпанияны құру мәселесін біраз-дан бері пысықтап жатыр. Шынында авиахабтарды дамыту бұдан бұрын басталған. Әуе жүк тасымалымен ғана айналысатын жеке авиакомпания құрылса, сонымен үйлесімде бұл жұмыс жаңа деңгейге шығып, ерекше мән-маңызға ие болар еді. Авиахаб тұрғысынан еліміздің 6 әуежайында салықтан босататын арнайы экономикалық аймақ енгізілді. Оларда инфрақұрылымды жаңғырту және кедендік ресімдеу рәсімдерін оңайлату шаралары қолға алынды, – деді вице-министр М.Қалиақпаров.
Оның айтуынша, пилотсыз қозғалатын және ұшатын көлік құралдары – ғылым мен техниканы дамытудың жоғары перспективалы бағытының бірі. Алайда Қазақстанда әлі күнге пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқықтық шеңбер нақты айқындалмаған. Ол анықталмайынша, бірде-бір пилотсыз көлік әуеге көтеріле алмайды, не трассамен жүйткуіне жол берілмейді.
– Пилотсыз құралдардың қызметін одан әрі нысаналы реттеудің негізін қалыптастыру үшін министрлік заңнамалық актілерге түзетулер әзірледі. Әзірге негізгі ұғымдар мен уәкілетті органдардың құзыреті пысықталды. Түзетулер алдын ала барлық мемлекеттік органдармен келісілді. Осы жылдың аяғына дейін қабылдайтын боламыз, – деп сөз берді Көлік министрінің орынбасары.
Бұл ретте ол пилотсыз көліктерді қолдану тиісті инфрақұрылымның болуын талап ететінін қаперге салды. Осыған байланысты пилотсыз көліктер арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін «smart-жолдарды» салу мүмкіндігі қарастырылу үстінде. Бүгінде қос тарап пилотсыз тасымалдарды Қазақстан-Қытай шекарасында қолдану бойынша жұмыстарға кіріскені мәлімделді. Демек, алғашқы пилотсыз ұшақтар мен жүк көліктері де екі ел арасында әрлі-берлі ағыла бастауы мүмкін. Осы мақсатта қытай тарапы жүк тасымалына жегілетін пилотсыз көліктерді әзірлеп жатқан көрінеді.
Ескі әуежайлардың жаңа мәртебесі
Көлік министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес еліміздің жетекші әуежайлары – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайы логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталыққа айналады.
Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын» жаңғырту жобасы басталды. Оның шеңберінде 1,1 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылуға тиіс. Осы қаражатқа ІІ-ші ұшу-қону жолағы, сондай-ақ ІІІ-ші жолаушылар және жүк терминалы салынбақ. Сондай-ақ елорданың әуеқақпасында индустриялды-логистикалық аймағы, бизнес-орталығы, қонақүй және сауда алаңы бар «Аэротрополис» көпфункционалды кешені ашылады.
Алматы әуежайы да 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары аясында жаңғыртылмақ. Бүгінде І-ші кезеңі басталып кетті: ол ішкі рейстер терминалының реконструкциясын, бөлек такси жолын салуды, ұшу-қону жолағы мен отын инфрақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк перрондары мен техникалық қызмет көрсету ангарын жасауды қамтиды. Сондай-ақ әуежайда жаңа қонақүй мен көп деңгейлі автотұрақ салу жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, кейінгі операциялық қызмет барысында 550 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Шымкентте 2024 жылдың 25 желтоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарда бар екен. Әуежайды «Оңтүстік» АЭА аумағымен байланыстыратын мультимодальды хаб құру жұмысы қолға алыныпты.
Жалпы, келесі үш жылда Шымкент әуежайында жоспарланған ауқымды қайта құру жұмысына 40,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ақпарат Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. Әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған конкурс шеңберінде құрылыс жұмысы ұшу-қону жолағын қайта салуды, жаңа ИВПП-2 мен рулеждік жолақтарды тұрғызуды қамтиды.
«Бұл – аймақ әуежайының өткізу қабілетін арттырып, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге жол ашатын маңызды қадам. Үшінші мегаполистегі әуеқатынасының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру – тек қала үшін емес, тұтас өңірдің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие», – деген басқарма өкілдері реконструкция аяқталған соң әуежайда жолаушы ағыны бірнеше есе ұлғаятынын және жаңа авиабағыттар игерілетінін айтты.
Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хаб құрылысы басталды. Мұнда қоймалар, қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылған. Бұл әуежайды заманауи халықаралық хабқа айналдыру «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес компаниясы – «ҚазМұнайГаз-Аэроға» тапсырылған. Ол елдің батысындағы ірі әуеқақпасында жаңа отын құю кешенін салу жобасын іске асыра бастады. Ол аяқталған соң отынды сақтау көлемі 2 еседен көп артпақ.
– Әуеайлағы РТ және ТС-1 маркалы отындармен ғана шектелмей, әрі қарай JET-A1 маркалы отынды жеткізуші алғашқы аймақтық әуежай болады. Бұл стандартқа көшу – Қазақстанды жаһандық әуекөлігі желісімен интеграциялау үшін қажет. Сондай-ақ бұл болашақта экологиялық таза авиаотын (SAF) қолданудың міндетті талабы, – деп түсіндірді ҚМГ-Аэро.
Инвестиция көлемі шамамен 5 млрд теңгеге бағаланған. Сондай-ақ ІІ-ші ұшу-қону жолағының құрылысы қарастырылады, бұл қолданыстағы жолаққа ұшыру-қондыру процесін тоқтатпай-ақ күрделі жөндеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Ақтөбе әуежайы толыққанды авиахабқа айналып, Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлі күшейтуге өз үлесін қосады деп күтіледі.
Ұшақтар саны көбеймек
Бүгінде елімізде әуекемелерінің паркі 104 бірлікті құрайды, оның ішінде 2025 жылдың бірінші жартысында жеткізілген 6 жаңа Airbus A320 типті ұшағы мен 1 Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшағы.
– 2030 жылға дейін техникалық парк тағы 103 ұшақпен толықтырылады, нәтижесінде 216 бірлікке дейін арттырады. Биыл 36 жаңа халықаралық маршрут ашылып, нарыққа 8 шетелдік авиакомпания келді. Ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 850 рейс жасалады, – деді Мақсат Қалиақпаров.
Салаға жауапты «Қазаэронавигация» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жыл қорытындысында отандық аэронавигация саласында рекордтық көрсеткіш тіркелген. Бір жылда елдегі әуежайларда транзиттік, халықаралық, ішкі ұшуларды және жүк операцияларын қоса алғанда, жалпы саны 446 106 ұшуға қызмет көрсетті. Оның 334 256-сы – транзиттік ұшу, бұл 2023 жылдағыдан 8%-ға көп (алдыңғы жылы 308,2 мың болған).
Осының өзі республиканың авиахаб қызметін көрсете бастағанын білдірсе керек. Жолаушылар ағыны соңғы жылда 29,7 млн адамға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14% артық. Әуе арқылы жүк тасымалының көлемі 55%-дан астам ұлғайып, 25,1 мың рейсті құрады.
– Eurocontrol мен IATA болжамынша, Еуропа-Азия бағыты 2050 жылға қарай үлкен сұранысқа ие болады. Географиялық орналасуының бірегейлігі мен аэронавигациялық технологияларға салып жатқан қомақты инвестициялары Қазақстанның осы бағытта өз орнын алып, үлкен үлеске ие болуының кепілі. 2025–2035 жылдарға арналған стратегия аясында бірқатар маңызды жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, AIM цифрландыру – электрондық аэродеректерді енгізу, NOTAM және цифрлық карталарды өңдеуді автоматтандыру бар. Жаңа халықаралық бағыттар ашылады, – деді «Қазаэронавигация» бас директоры Фаат Богдашкин.
Оның дерегінше, Алматы мен Астана қалаларында ұшып шығу процедураларын автоматтандыру (ATC Clearance Delivery) ұшуға қызмет көрсету деңгейі мен сапасын арттырады. Мемлекет басшысының Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймағын дамыту есебінен елдің туристік әлеуетін қажетке жарату тапсырмасын орындау және ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін таулы аудандарда PBN процедуралары енгізіледі.
Үкімет осы үш курорттық өңірде заманауи әуежай салуды жоспарлады. Оларға арналған алаңдар анықталды. Зайсанда әуежай Сатпай ауылының маңында, қаладан 25 шақырым жерде және сол аттас көлдің жанында бұрынғы әскери әуеайлақ аумағында салынады. Қатонқарағай ауданында жаңа әуеайлағы демалыс аймағынан 27 шақырым жерде, Белқарағай ауылының маңында салынады. Кендірліде әуежай курорттық аймақтың жанында, Каспий жағалауынан небәрі 15 шақырым жерде орналаспақ. Десек те, сарапшылар ендігі мәселе қаржыландыруға тіреліп тұрғанын ескертті.
Қалай болғанда, Қазақстан өз алдына Еуропа мен Азия арасындағы жаңа авиациялық алтын көпірге айналу міндетін қойды. Оның қаншалықты табысты, толыққанды әрі тез жүзеге асары Үкіметтің және жауапты тұлғалардың тиімді, пәрменді қимылына байланысты болады.
Елдос СЕНБАЙ