in

Электромобильдер 5 жылдан кейін үлкен кедергіге тап болады

BBC Science Focus журналының материалы негізінде Aikyn.kz  электр көліктеріне қажет шикізат неліктен тапшы болатынын талдайды.

Cell Reports Sustainability журналында жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, электромобильдер саласы жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Литий – электромобиль аккумуляторларындағы ең маңызды компоненттердің бірі. Сұраныстың күрт артуына байланысты осы онжылдықтың соңына қарай негізгі нарықтарда осы металл үлкен тапшылық туғызады деген болжам бар.

Зерттеу Қытай, АҚШ және ЕуроОдақ өндірістеріне қатысты жүргізілген. Бұл елдер электромобильдердің жаһандық сатылымының 80%-ын құрайды. Ғалымдардың ескертуінше, егер түбегейлі өзгерістер болмаса, бұл өңірлер 2030 жылға қарай литийге деген қажеттіліктерін өз жерінен өндіріп өтей алмайды. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті арттырып, жаһандық тапшылық қаупін күшейтеді.

«Бұрынғы зерттеулерде әдетте көміртегі шығарындылары төмен энергияға көшу үшін қанша литий қажет екендігі қарастырылды. Бірақ литий өндіруді кеңейту мүмкіндігі туралы деректер жетіспейді», – дейді зерттеуге қатысқан швециялық ғылым докторы Андре Мёнбергер.

2024 жылы әлем бойынша электромобильдер сатылымы 17 миллионнан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.

Литий осындай тақталарда өндіріледі. Қазіргі кезде литийдің 80%-ы Австралия, Чили және Аргентинадан жеткізіледі. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы:  AP Photo / Rodrigo Abd

Халықаралық энергетика агенттігі 2030 жылға қарай электромобильдер барлық автомобиль сатылымдарының 40%-ын құрайды деген болжам жасауда. Литий тапшылығының болжамды көлемі мынандай: Қытайда: сұраныс – 1,3 млн тонна, өндіріс – 1,1 млн тонна; Еуропада: сұраныс – 792 000 тонна, өндіріс – 325 000 тонна; АҚШ: сұраныс – 692 000 тонна, өндіріс – 610 000 тонна.

Осылайша импортқа тәуелділік артады. Қазіргі кезде әлемдік литийдің негізгі бөлігі Австралия, Чили және Аргентинадан жеткізіледі. 2023 жылы әлемдік тұтынудың 80%-ы осы үш елдің үлесінде болды. Егер Қытай литий импортының көлемін 77%-ға арттырса, АҚШ пен Еуропаның импорты тиісінше 84% және 78%-ға қысқаруы мүмкін. 

Бірақ қиындықтан шығатын жол бар. Литий бағасының өсуі жаңа жобаларға инвестиция тартуы мүмкін. Ал өндірушілер тиімді аккумулятор технологияларын жасауға мүдделі болмақ. Натрий-ионды аккумуляторлар да литийге балама ретінде нарықты әртараптандыруға көмектесуі мүмкін.

Тағы бір жол – ескі аккумуляторларды қайта өңдеу. 2030 жылдары алғашқы электромобильдер қызмет ету мерзімін аяқтаған соң, олардың аккумуляторларынан алынған материалдар жаңа литий өндіруге қажеттілікті азайтуы мүмкін.

«Мен бұл жағдайға оптимистік көзқараспен қараймын. Мұндай тығырықтар кезінде инновациялар көбейеді, оларды алдын ала болжау мүмкін емес», – дейді Мёнбергер.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.