in

Цифрлық теңгеге көшуге мүмкіндік бар

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте цифрлық теңгені енгізудің пилоттық жобасын жүзеге асырудың алдын ала қорытындысы мен оны сынақтан өткізу барысында туындайтын мәселелер қаралды.

Қаржы министрлігі хабарлағандай, бүгінгі таңда цифрлық теңге платформасының мәр­те­бесі және оның жұмыс істеу тәртібі заңна­ма­лық тұрғыдан бекітілген. Айналысқа 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Оларды пай­далана отырып, 20 пилоттық жоба жүзеге асы­рылса, тағы 10-ы жүзеге асырылуда. 50-і іс­ке қосуға дайындалуда.

Пилоттық жобалар инфрақұрылымдық құрылысты, бюджеттік кредиттеу мен субси­дия­лауды, гранттық қаржыландыруды, мемле­кеттік қолдау шараларын, мемлекеттік сатып алуды, салықтық әкімшілендіруді, сондай-ақ Ұлт­тық банк пен квазимемлекеттік сектор су­бъектілерінің сатып алуларын қамтиды. Цифр­лық теңгені міндетті түрде қолдану құны 100 млн теңгеден асатын жобаларға арналған бюджеттік шығыстардың сегіз ерекшелігі бойын­ша қарастырылады.

Тамызда тауарларды, дәрілік заттарды, жа­нар-жағармай материалдары мен басқа да ма­териалдық қорларды мемлекеттік сатып алу ке­­зінде цифрлық теңгені пайдалану жоспар­лану­да.

Кеңеске қатысушылар жобаны одан әрі кеңейтуді тежейтін мәселелерге ерекше назар ау­дарды. Бас мердігерден бастап түпкілікті орын­даушыға дейін бюджет қаражатын пай­даланудың қадағалануын қамтамасыз ету не­гіз­гі мәселенің бірі болып қала береді. Іс жү­зін­де қосалқы мердігерлік ұйымдар көбінесе цифр­лық теңгені пайдалану үшін смарт-келі­сім­шарттар жасасуға дайын емес. Өйткені қол­даныстағы заңнамада тиісті талаптар жоқ.

Бұл кедергіні жою үшін Қаржы министрлігі қа­жетті құқықтық тетікті құруды көздейтін тиіс­ті құқықтық актілерге түзетулер пакетін дайын­дады.