in

Цифрлық дәуірдегі дала

Бүгінде ауыл шаруашылығының даму екпіні бүкіл ел экономикасының өсім қарқынынан озып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда ЖІӨ-нің сегіз айдағы нақты өсуі 4,1% болды. Ал ауыл шаруашылығы одан әлдеқайда үдемелі, 5,2%-дық жоғары өсімді паш етті. Жалпы, тура бір жыл ішінде Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда қандай жұмыс атқарылды?

Өсімнің өзегі

Ұлттық экономика ми­нистрлігінің мәліме­тін­ше, ауыл шаруашылығында үшін­ші ай қатарынан белсенді өр­леу қарқыны байқалады: се­гіз айда жалпы 5,2%-дық өсім қа­лыптасса, алдыңғы қаңтар-шіл­дедегі көрсеткіш 5%, қаң­тар-маусымда 4,4% болған. «Мұн­дай динамика жиын-те­рім науқанының қызуы мен егін­нің пісуі секілді маусымдық фак­торға байланысты. Азық-тү­лік өндірісінде бұдан 2,5 есе­дей көп, 12,9% өсім тіркел­ді», – деп хабарлады экономика ведомствосы.

Өсімді дұрыс тіркеу, оны кеңес кезінен қалған «қосып жа­зудан» арылту үшін саланы жап­пай цифрландыру маңыз­ды. Бұл іске Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы тың түрткі болды.

– Ауыл шаруашылығын жа­ңа деңгейге көтеру қажет. Жа­санды интеллектіні қол­да­нып, ауыл шаруашылығы жер­ле­ріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арт­тыру керек. Соның негі­зін­де жердің сапасына, егіннің шы­ғымына, дәнді-дақыл­дар­дың жай-күйіне және қай жер­ге қандай дақыл егілгеніне те­рең талдау жасалуға тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қа­тыс­ты заңсыздық пен қағаз­бас­ты­лық­ты жою қажет. Жерді бөлу­ге қатысты шешім цифрлық фор­матта, электронды кон­курс­тар арқылы қабылдануға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекеттік кірістер ко­митетінің дерегін­ше, ЖІӨ-дегі бақыланбайтын, көлеңкелі экономиканың үлесі 2023 жылғы 17,58%-дан 2025 жы­лы 15,69%-ға дейін төмен­де­ді. Көлеңкелі айналымды қыс­қартудың негізгі құра­лы­ның бірі мемлекеттік ақпа­рат­тық жүйелерді цифрландыру жә­не интеграциялау болды. «Ветеринариялық-сани­тария­лық сараптама» модулі, өсімдік шаруашылығындағы қадаға­лау­дың цифрлық жүйесі, Тауарлардың ілеспе жүк­құ­жат­тар жүйесі және Басқарудың автоматтандырылған бірыңғай жүйесі (БАБЖ) KEDEN жүйе­сімен интеграцияланып, ауыл шаруашылығында өнімнің қоз­ғалысын бақылау құрал­дары енгізіліп жатыр.

АШМ мәліметі бойынша бү­гінде субсидия алу, төрт тү­лікті туған сәтінен бастап сою­ға және өнімді өткізуге дейін сәйкестендіру және қадағалау, фитосанитарлық және вете­ри­нарлық сертификаттар беру, ауыл шаруашылығы жерлерін пай­далану мониторингі, сон­дай-ақ балық және су ресурс­тарын есепке алу – бәрі цифр­лық форматта қолжетімді.

Жер бос жатпағаны жөн

Президент өз Жолдауында игерілмей бос жатқан және заң­сыз алынған ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін кері оралтып, қайта бөлуге тапсырма бер­генін еске сала келе: «Жер ие­сіз қалмауға тиіс, жерді тек қа­на оның қадірін білетін аза­мат­тарға беру керек», – деді. Сон­дай-ақ жайылым тапшы­лы­ғы мәселесін шешу үшін әкім­­­дерге қайтарылған жер­лер­ді 2026 жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды. 

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағ­дай бойынша 13,5 млн гектар жер қайта бөлінді: 5,5 млн гектар халықтың ортақ жайылымына, 8 млн гектар ауыл шаруашылығы өндірісіне конкурспен берілді. Соның ішінде Жолдауда тапсырылған 7,5 млн гектарды айналымға енгізу міндеті орындалған: 3,5 млн гектар  жайылымға, 4 млн гектар өндірушілерге табысталды. Ал 2022 жылдан бері мемлекетке қайтарылған ауыл шаруа­шы­лығы жерінің жалпы көлемі 15,5 млн гектарға жетті. Соның нә­тижесінде мемлекет малға өріс, егінге алқап, ауылға кәсіп бо­латын мол ресурсқа қол жет­кізді.

                                                                     © коллаж: Елдар ҚАБА

Алдағы екі жылда өсімдік ша­руашылығы өнімдерінің қа­дағалануын және ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін басқаруды қам­тамасыз ететін жаңа жүйе­лер­ді іске қосу, сондай-ақ мал түр­лерін сәйкестендіру жүйе­сін жаңғырту жоспарланған. 2028 жыл соңына дейін ақпа­рат­тық жүйелерді АӨК-тің бірыңғай цифрлық платформа­сына біріктіру көзделіпті.

Мемлекеттік цифрлық субсидиялау жүйесі (gosagro.kz) бүгінде өсімдік шаруа­шылығы, мал шаруа­шы­лығы, қайта өңдеу, аквамәде­ниет және басқа да бағыттарды қоса алғанда, 20 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шарала­рын электрондық түрде алуға мүм­кіндік береді. Жүйе басқа ме­моргандардың ақпараттық ресурстарымен, Кадастрлар­дың бірыңғай мемжүйесімен, электрондық шот-фактуралар және ауыл шаруашылығы тех­ни­касын тіркеу жүйелерімен ин­теграцияланды. Субсидия со­маларын есептеу ұсынылған құ­жаттар негізінде автоматты түр­де жүргізіледі.

Сандық жүйенің нәтижесі қандай?

Сонымен, Жолдау аясында қа­былданған шаралар нәтиже­сінде бүгінде АӨК-тің негізгі процестерін цифрландыруды 5 ақпараттық жүйе қамтамасыз етеді: gosagro.kz-тe 209 мың пайдаланушы тіркелген. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің бірың­ғай цифрлық базасында  39,7 млн мал тіркеуде. БАБЖ-де 16,2 млн фитосанитариялық және ветеринариялық сертификат бар. Су жануарларына мониторинг жүргізуге арналған E-Fish ақпараттық жүйесінде 1 221 субъект бақылауда. Ға­рыш­­тық мониторинг қоры­тын­дысы бойынша JerInSpectr ЦЖ-де 51,3 мың мониторинг кар­точкасы қалыптастырылды. 

Ауыл шаруашылығы жер­лерін ұтымды пайдалануды мо­­ниторингтеу үшін Jer­In­Spectr платформасы қолда­ны­ла­ды. Ол жерді қашықтан зонд­­тау дерек­теріне сүйенеді және әр­бір жер учаскесінің қан­ша­лықты нысаналы мақсатына пайдала­ныл­ғанын онлайн ба­қылау­ға мүмкіндік береді. Жүйе­де жер заңнамасының бұзу­шы­лық­тары бойынша 50 мыңнан ас­там инцидент өңдел­ген. Де­рек­терді те­реңірек талдау, ауыл шаруашы­лы­ғы жерлерінің сапалы жай-күйін бағалау үшін ен­ді ЖИ қол­дану көздел­ген.

Үкіметтің ха­барлауынша, АӨК-ті цифр­лан­­дыру­дың жаңа кезеңі келесі шараларды қам­ти­ды: 2028 жылға дейін – ауыл шаруашылығы жер­лерін бас­қару, өнімді қадағалау және де­ректерді интеграциялау үшін жаңа цифрлық шешім әзір­лен­бек. 2026-2027 жылдары – ауыл шаруашылығы жер­ле­рін бас­қару жүйесі, 2026-2027 жыл­дары – егін шаруа­шы­лы­ғын қадағалау жүйесі, 2028 жыл­ға дейін Digital Agro Platform бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады.

Барлық жұмыстың страте­гия­лық бағдары – Digital Agro Platform атты бірыңғай цифр­лық экожүйе құру. Ол АӨК-тің салалық жүйелерін, жер ре­сурс­тарының цифрлық картасын біріктіріп, деректерді Smart Data Agro жүйесінде шо­ғырландыруға тиіс. Платформа ауыл өнімдерінің бүкіл тізбегін қадағалауға, ЖИ тех­но­логиялары мен заманауи BI-тал­дауды қолдануға, фермерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға және саланы басқару­дың тиімділігін арттыруға мүм­кіндік бермек. АӨК-тің бі­рың­ғай цифрлық тұғырнамасын қалыптастыруды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қорыта айтқанда, Жолдау ел үшін өмірлік маңыз­ды саланың салмақты бір мәсе­лесін шешуге ықпал еткендей.

Айхан ШӘРІП