АҚШ-тың арағайындығымен әзірленген, Оңтүстік Кавказ аймағындағы геосаяси және экономикалық жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған ірі халықаралық көлік-транзиттік жобаға Қазақстан тарапы да қосылуы мүмкін. Жобаның негізі 2025 жылғы тамызда Вашингтонда АҚШ, Армения және Әзербайжан басшыларының үшжақты декларацияға қол қоюымен қаланғанын білеміз. Енді бұл жоба Қазақстан үшін несімен құнды болмақ?
Былтыр 7 қарашада Трамп Орталық Азия басшыларын Ақ үйде қонақ қылғанда осы мәселе де қозғалған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сол уақытта-ақ АҚШ басшылығымен кездесуде TRIPP жобасына қолдау білдіретінін ашық айтқан болатын. Президентіміз қай жерде де сол сөзінен таймай келеді. Екі аптадан соң, 21 қарашада Армения премьер-министрі Никол Пашинян Астанаға келгенде осы тақырып тағы айтылды. Онда да Тоқаев АҚШ-тағы сөзін қайталады.
– Біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деп Қазақстан тарапының бастапқы ұстанымын және бір нықтай түсті.
Әңгіме болып отырған TRIPP жобасы – Арменияның Сюник облысы арқылы өтетін 40 шақырымнан асатын дәліз. Ол – бір ғасырдан бері ажырап тұрған Әзербайжанның негізгі аумағын оның Нахчыван эксклавымен қосатын жол. 2025 жылғы тамызда Вашингтонда Дональд Трамптың арағайындығымен Әлиев пен Пашинян қол қойған үшжақты келісімнің негізгі өзегі де осы болды. Соңғы ақпараттарға қарағанда, жобада құр автокөлік пен теміржол салу не жаңғырту ғана емес, сонымен қатар мұнай-газ құбырларын тарту, түрлі кабель жүргізу шаруалары да қарастырылған.
Жобаны TRIPP Development атты бірлескен компания басқарады. Оның шамамен 74%-ы америкалық тарапта. Компанияға дәліз инфрақұрылымын салудың алғашқы құқығы, сондай-ақ оны 49 жылға, одан әрі тағы 50 жылға ұзарту мүмкіндігімен басқару құқығы берілген. Инвестиция көлемі 1 миллиард доллардан асады деп бағаланып отыр, бірақ нақты қаржы көздері әлі де талқылану үстінде.
Мұндағы ең қызығы – Арменияның әрекеті. Никол Пашинян Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасына қосылуды ұсынды. Тіпті TRIPP Development компаниясындағы өз үлесінен, шамамен 26%-дан – әр елге 5%-дан беруге дайын екенін де мәлімдеді.
Осы жерде сарапшылар мына бір жайға назар аудартады. Пашинян осындай ұсыныс жасаумен қатар ресми Ереван Астанаға тағы бір қолқа салып отыр. Армения теміржол желілерін басқаруды біздің елге артқысы келетін секілді. Бұл дегеніміз – ресейлік компанияның басқаруынан шығу һәм ҚТЖ басқаруына өту. Ондағы теміржол саласы 2008 жылдан бері «Ресей темір жолдарының» еншілес компаниясы саналатын «Оңтүстік Кавказ теміржолы» жабық акционерлік қоғамының басқаруында болып келеді. Концессия 30 жылға жасалған. Енді Армения оны 400 млн долларға кері сатып алып, басқаруды Қазақстанға ұсынуы мүмкін.
Мұны жай инфрақұрылымдағы жауапкершілікті бөлісуден гөрі саяси астармен қарастырып жатқандар да бар. Өйткені әңгіме анау-мынау емес, бүтін бір елдің логистикасының бір тармағына қатысты және оған кеткен шығын мен одан түсетін пайда жайында болып тұр. Сол себепті де РТЖ-ның оңайлықпен бас тарта қоюы екіталай. Сонау 2008 жылдан бергі «еңбектің» еш кетпеуі үшін олар да өз талабын қояры анық. Сол ұстаныммен РТЖ басшысы 400 млн долларға жуық қаражат инвестицияланды деген себеппен осынша көлемде баға қойып отыр.
Екінші жағынан, «Оңтүстік Кавказ теміржолы» ЖАҚ концессиялық келісімінен шығып жатқандықтан, Армения тарапы тиесілі қаражаты ретінде талап қойып жатқан секілді. Ақпарат көздерінде 2 млрд доллар деген мәлімет айтылып жүр. Мұның себебі, әлгі концессия жасалғанда бір жақтан РТЖ, екінші жағынан Армения үкіметі қол қойып, «Армения темір жолдары» ЖАҚ сол концессияның құрамына берілген болатын. Орасан 2 млрд доллар бөлініп шығатын осы компанияның еншісі іспетті. Бірақ екі тараптың келісімі қалай жүретіні белгісіз. Дегенмен РТЖ басшысы ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл шаруаның барлығы әу бастағы келісім құжаттарына сай еш даусыз шешілетініне сендірген әрі екі жақ бұл тұрғыда қазірдің өзінде өзара ымыраға келіп отырғанын айтқан.
Айта кетерлік бір жайт, әлбетте, АҚШ компаниясы басқаратын жобаға ресейлік компанияның атсалысып жатпасы белгілі. Оның үстіне, АҚШ осы жоба сөз бола бастаған сәттен-ақ шындап кіріскен емеурін танытқан. Соның айғағы болар, қазірдің өзінде жобаның бастапқы дайындық кезеңі үшін деп 140 млн доллар қаражат бөліп қойды. Никол Пашинян да бұған қатысты пікір білдіріп, бұл тек басы екенін, әрі қарай жобалардың әлеуетіне байланысты инвестиция көлемі де біртіндеп арта беретінін мәлімдеді.
Сондықтан Трамптың жобасы іске қосылса, ол Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де Ресей мен Иранды айналып өтетін тікелей құрлық жолы болады. Түркия – Оңтүстік Кавказ – Орталық Азия – Қытай деген үздіксіз тізбек. Бұл өңірдегі сауда қатынасына жаңа серпін береді. Әзербайжан мұнай өнімдерін Арменияға экспорттай алады. Үшінші елдерден келетін астық пен басқа да тауарлар Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға транзиттеледі. Үшінші елдердің ішінде Қазақстан да болатыны сөзсіз.
Сол себепті Қазақстанның бұл жобадан ұтары көп, өйткені логистика тұрғысынан Орта дәлізге жаңа есік ашылады. Геосаяси тұрғыдан АҚШ-тың аймақтағы жаңа жобасының толыққанды акционері бола алады. Экономика жағынан да тиімді, себебі транзиттен түсетін табыс алады. Әйтсе де бұл келісімдердің соңғы сөзін АҚШ айтады. Акционерлер құрамын өзгертуге алдымен АҚШ-тың келісімі керек.
Әрине, сарапшылар арасында сан саққа жүгіретін тұжырым көп. Оңтүстік Кавказдағы ықпалын сақтап қалу үшін әлемдік алпауыт мемлекеттер бұл шаруаларға қалай қарайды екен деген сарындағы күдіктерін айтып қалып жа-тыр. Ондай ойдың тууы да бекер емес. Жоба іске асқан жағдайда АҚШ Иран мен Ресейді айналып өтіп, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына балама жасауға мүмкіндік алады. Мұндай жағдайда Зангезурдан өтетін 40 шақырым алып мемлекеттердің көзі түйіскен жер болмақ. «Трамптың бейбітшілік жолы» деген атауы әдемі естілгенімен, оның артында темірдей есеп, қатал геосаясат тұр.
Ербол ТҰРЫМБЕТ