in

Тұрғын үй саясатының тынысы кең

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, халықтың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы барын білеміз. Осыны ескере отырып, алда тұрақты түрде оқырманға «қуатты өңірлер – қуатты ел» айдарын ұсынып отырамыз. Бұл айдардың әр шығарылымында салаларға жеке тоқталып, өңірлердегі көрсеткіштерге назар саламыз. Алғашқы бөлімде тұрғын үй тақырыбына тоқталып, республика аумағындағы жемісті істерді шолып көрдік. 

Баспана – қай кезде де қоғамның на­зарынан тыс қалмайтын сала. Сол үшін мемлекеттік саясатының бір тетігі саналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жол­дауында тұрғын үй тақырыбына ерекше зер салғаны есімізде болатын. Тұрғын үй-ко­ммуналдық шаруашылығын жаң­ғыр­ту ісін айта келе, құрылыс қарқынына дем беру керегін жеткізген. 

– Соңғы жылдары қарқынды дамып ке­ле жатқан тұрғын үй құрылысы са­ла­сына айрықша назар аударған жөн. Был­тыр (2024 жылы – ред.) 19 миллион шар­шы метр баспана пайдалануға берілді. Со­нымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект техноло­гия­ларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін то­лық есепке алуды, жоспарлауды, оған мо­ниторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлт­тық цифрлық платформаны іске қосу қаж­ет, – деген болатын Президент. 

Міне, содан бері жалпы тұрғын үй на­рығы назардан тыс қалған жоқ. Ірі шаһарларды айтпағанда, әр өңір­де құрылыс қарқыны артты. Жаңа ны­сан­дар бой көтеріп, соған сай тұрғын үйге қол жеткізгендер саны өсті. Мәселен, 2024 жы­лы республикада 172 мыңнан астам от­басы қоныс тойын тойласа, 2025 жылы 185,8 мың отбасы баспаналы болды. Бұ­лардың қатарында жеңілдетілген ипотека ал­­­ғандар, халықтың осал тобы ретінде ке­зекте тұрып келгендердің қарасы мол. Сон­дықтан мемлекет тұрғын үй саясатын жүйе­лі түрде іске асырып келеді деп баға­лай аламыз.

Осы тұста елдегі саяси жетекші ұйым са­на­латын «Әділет» партиясының сай­лауалды бағдарламасында тұрғын үй та­қы­­рыбына басымдық берілгенін де айта кетейік. Бағдарламаның басты тармағы­ның бірі – азаматтардың тұрғын үй жағ­дайын жақсарту. Осы мақсатта елімізде алдағы 5 жыл ішінде жан басына шақ­қан­дағы тұрғын үй аумағын 30 шаршы метрге жет­кізу көзделген. Бұған қоса, апатты жағ­дайдағы баспаналарда тұрып жатқан 30 мың меншік иесін жаңа үйлерге көшіру ісі де қамтылған. Сонымен қатар жастарды тұрғын үймен қамту, ипотекаларды қол­жетімді ету, баспана мәселесін жұмыс беру­шілер арқылы шешу және жалға беру на­рығын қауіпсіз ету қарастырылған. 

Жан басына шаққанда баспана аумағын 30 шаршы метрге жет­кізу мақсатын өте орынды деп санар едік. Себебі қазір Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы Қазақстанда жан басына шақ­қандағы баспана аумағының көрсеткіші 25,1 шаршы метр екенін мәлімдеген. Жа­ман көрсеткіш емес, әйтсе де дамыған ел­­дермен салыстырғанда азырақ екенін жа­сырмаған жөн. Бұны экономист Сапар­бай Жобаев та айтып отыр.

– Эстонияда ХІІ ғасырдан бастап тас­тан, күйдірілген кірпіштен үйлер тұр­ғы­зыла бастаған. Ал бізде осындай баспа­на­лар ХІХ ғасырдан бастап қана салынды. Сол кезден бері тұрғызылған баспа­на­лар­ды есептесек, елімізде әр азаматқа 25 шар­шы метрден келеді. Жаңағы айтқан Эсто­нияда бұл көрсеткіш – 30-40, Еу­ро­паның кей елдерінде 50 шаршы метрге жет­кен. Біз әр азаматқа 30 шаршы метрден жет­кізу үшін алдағы 8-10 жылда жыл сайын тұрақты түрде 22 млн шаршы метр тұр­ғын үй салуымыз керек. Сондықтан елде тұрғын үй құрылысы тұрақты дамуы үшін әр тараптың мүддесін ескеру қажет. Банктер де, құрылысшылар да, несиеге тұр­ғын үй алушылар да нарыққа ынталы бол­ғаны абзал, – дейді сарапшы.

Бұл ретте еліміздегі тұрғын үй құры­лы­сының динамикасына зер салып кө­рейік. 2022 жылы көрсеткіш 15,4 млн шар­шы метр болса, 2023 жылы – 17,8 млн шар­шы метр, 2024 жылы рекордтық дең­гейде 19 млн шаршы метр тұрғын үй са­лын­ды. Ал 2025 жылы сандар тағы да жаңа­рып, 20,1 млн шаршы метрге жетті. Де­мек, көздеген межені орындауға әлеует то­лық жетеді.

Мадияр ТӨЛЕУ