in

Туризмге тартылған инвестиция 2,2 трлн теңгеден асты

Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет курорттық аймақтарды жаңғыртуға, ин­вес­тицияларды ынталандыруға және көлік қол­жетімділігін кеңейтуге бағытталған жүйелі шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың экономикаға қос­қан жиынтық үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 600 мың адамнан асқан.

Жүздеген жобаның игілігі

Кейінгі жылдары инвестициялық белсенділікті ынталандыруға бағытталған мемлекеттік саясат туризм саласына тартылатын қаражат көлемінің еселеп артуына мүмкіндік берді. Мысалы, 2023 жылы капитал салымдарының көлемі 787,3 млрд теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,3%-ға өсіп, 947,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 32,6%-ға артып, 1,25 трлн теңгені құрады. Жалпы, 2024-2025 жылдары салаға 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, екі жыл ішінде өсім шамамен 60%-ды көрсетті. 

Қазір республикада жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды кезең-кезеңімен енгізу 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға және халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешенін ашуға мүмкіндік береді, олардың арасында Hilton және Mandarin Oriental сияқты желілердің нысандары, сондай-ақ барлық маусымға арналған Oi-Qaragai тау курортын кеңейту жобасы бар. Жеңілдікпен несие беріп, инвестициялық преференцияларды қолдану арқылы 11 өңірде әлемдік деңгейдегі 24 қонақүйдің құрылысын салу қосымша пысықталуда.

Сонымен қатар қолданыстағы орналастыру нысандарының желісі қарқынды дамып келеді: нысандар саны 2023 жылғы 3 992-ден 2025 жылы 4 482-ге дейін өсті, ал 2026 жылғы 1 сәуірде 4,5 мың бірлікке жетті. Олар көрсеткен қызметтер көлемі 2023 жылы 229 млрд теңгеден 2025 жылы 350,6 млрд теңгеге дейін артты, 2026 жылдың I тоқсанында көр­сеткіш 69,4 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға асып түсті.

Шетелдік саяхатшылардың саны артты

Әуе қатынасының дәйекті түрде ашылуы және кіру рәсімдерінің оңайлатылуы шетелдік саяхатшылардың Қазақстанға тұрақты қызығу­шылығын тудырды. 2023 жылғы 9,2 млн-мен салыстырғанда, 2025 жылы елімізге 15,7 млн шетелдік азамат келді, оның 11,1 млн-ы туристер са­натына жатқызылды. Республика ішіндегі шетелдік қонақтардан 2,9 млрд доллар пайда түскен.

Тікелей орналастыру орындарында қызмет көрсетілген шетелдік азаматтардың саны тұрақты түрде өсті, мәселен: 2023 жылы 1 млн адамнан 2024 жылы 1,29 млн адамға және 2025 жылы 1,43 млн адамға дейін жетті. 2025 жылы келуші туристер ағынының ең үлкен динамикасын Алматы (+29,7%), Жетісу (+25,88%) және Қызылорда (+25,5%) облыстары көрсетті. Туристік ағынның өсуіне ҚХР-дан келетін сапарларды оңайлату елеулі үлес қосты: жыл қорытындысы бойынша Қытайдан келушілер саны 46,8%-ға артып, 960 мың адамнан асты. 2026 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан 7 млн шетелдік туристі қабылдады, ондағы қонақтардың негізгі үлесін Өзбекстан – 2,5 млн, Қырғызстан – 1,6 млн және Ресей – 1,5 млн құрады.

Ішкі туризм де тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ел ішінде саяхаттаған Қазақстан азаматтарының ағыны 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2024 жылы 7,8 млн адамға және 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін өсті, яғни бір жылда 10,7%-ға артты. 2026 жылдың I тоқсанында орналастыру орындарында 1 965 мың адамға қызмет көрсетілді (+2,3%), олардың 802 мыңнан астамы негізгі курорттық аймақтарды таңдаған: Алматы таулы кластері – 509,3 мың адам; Щучинск – Бурабай курорттық аймағы – 116,7 мың адам; Маңғыстау курорттық аймағы – 53,3 мың адам; Түркістан аймағы – 39,4 мың адам; Алтай аймағы – 30,3 мың адам.

Инфрақұрылым қарқынды дамыды

Көлік логистикасын кеңейту Үкіметтің ерекше назарында. Жалпы құны 131 млрд теңге болатын 33 инфрақұрылымдық жоба аяқталғаннан кейін ізінше (оның ішінде Маңғыстау облысындағы «Жылы жағажай» аймағын дамыту жобасы бар), 2026 жылы жалпы қолданыстағы 11 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді. Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді, Көлсай және басқа да рекреациялық нысандарға апаратын кірме жолдарда жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Шалғайдағы нысандармен байланыс айтар­лық­тай нығайтылып жатыр. Қатонқарағайда, Зай­санда және Кендірліде жаңа өңірлік туристік әуежайлар салынуда, Арқалық әуежайы қалпына келтірілді, Балқаш әуежайы жұмысын қайта бастады, Үржардағы терминал жаңғыртылуда. Жаз маусымында Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий теңізінің жағалауы бағыт­тарына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды. 

Теміржол қатынасы да реттелді, жазғы кезеңдегі жоғары сұранысты қамтамасыз ету мақсатында 15 қосымша бағыт іске қосылған, оның ішінде Алакөл жағалауына қатынайтын 10 пойыз бар. Пойыздар сызбасын ұлғайту есебінен 400 мыңнан астам қосымша жолаушылар орны қамтамасыз етілді.

Негізгі туристік бағыттарды кешенді игеру мақ­сатында 2026-2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекі­тілді. Сондай-ақ Маңғыстау, Щучинск – Бурабай курорттық аймағы және Алматы тау кластері бойынша нысаналы кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда. Алматы тау кластері аясында, атап айтқанда, 30 аспалы жол мен 161 шақырым тау шаң­ғысы трассасын салу арқылы тау-шаңғы ай­мақтарын өзара ықпалдастыру көзделіп отыр. Бұл ретте ұзақмерзімді мақсат – жылына 5 млн турист қабылдау.

Мемлекеттік қолдаудың мәні зор

Маңыздысы, классикалық жағажай және тау демалысымен қатар, экологиялық туризм, атпен жүретін бағыттар, автотуризм, агротуризм және этнотурлар да жедел дамып келеді. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі қонақтар саны 2023 жылы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өсті, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 1,7 млн келуші болды. Қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ абаттандырылып, жұмыс істеп тұр. Отбасылық туризмді ынталандыру мақсатында 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге тегін кіру енгізілді.

Биыл Үкімет жаңашылдықтар мен ынталандыру тетігінің бірқатарын жүзеге асырды. Оның қатарында туризмді дамыту мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі құрылғанын; туристік автобустар үшін шекарада және туристік маршруттарда арнайы «жасыл дәліз» енгізілгенін; визит-орталықтардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, гидтер, экскур­соводтар және туристік нұсқаушылардың қызметі ретке келтірілгенін ерекше атауға болады.

Сонымен қатар нысаналы мемлекеттік қол­даудың бірқатар шарасы жүзеге асырылуда. Олардың қатарында әрбір тартылған шетелдік турист үшін туроператорларға 15 мың теңге көлемінде тікелей субсидия беру, автокөлік сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу, кәмелетке толмағандарға арнал­ған әуе билеттерін субсидиялау (Kids Go Free), жол бойындағы сервистік нысандар, санитариялық-гигиеналық тораптар құрылысына жұмсалған шығындарды өтеу, сондай-ақ тау шаңғысы база­ларына арналған техника сатып алуға кеткен шығындарды өтеу шаралары бар.

М.ТӨЛЕУ