in

Термоядролық синтез – әлемдегі барлық АЭС-ті тоқтататын технология

Технологиялық стартапқа көрсетілген мемлекеттік қолдау туралы Financial Times материалына сүйенген Aikyn.kz , еуропалық жобаның ерекшеліктерін талдайды. 

Proxima Fusion адамзат тарихын өзгертетін термоядролық энергетика технологиясын жасауға 150 миллион долларға жуық инвестиция тартты. Фото arstechnica.com сайтынан алынды. Авторлығы: Max Planck Institute for Plasma Physics

Proxima Fusion атты неміс стартапы адамзат тарихын өзгертетін термоядролық энергетика технологиясын жасауға 150 миллион долларға жуық инвестиция тартты. Бұл Еуропада ядролық синтез арқылы нөлдік шығарындылармен мол энергия өндіру жарысының қызғанын көрсетеді.

Мюнхенде орналасқан Proxima Fusion компаниясына құйылған мол инвестицияны Cherry Ventures және Balderton Capital секілді технологиялық венчурлық қорлар бөлген. Бұл – Еуропа термоядролық энергетика секторы үшін бүгінге дейінгі ең ірі қаржыландыру болып саналады.

Cherry Ventures-тің негізін қалаушы серіктесі Филип Деймс бұл инвестицияны «адамзат алдындағы ең күрделі мәселелердің бірін шешуде Еуропаның көшбасшы болу қабілетіне сенім арту» деп сипаттады.

«Әлемде триллион долларлық компания көп емес, бірақ егер сондай компанияның бірі болуға үміткер болса, ол – Proxima», – деген ол Financial Times басылымына берген сұхбатында.

Proxima – Макс Планк атындағы Германия плазма физикасы институтынан екі жыл бұрын бөлініп шыққан стартап. Ол алғашында 8 миллион доллар қаржымен іске қосылған. Компания термоядролық энергияны коммерциялық тұрғыда өндірудің ең перспективалы жолы ретінде стелларатор деп аталатын құрылғыны жасауды көздеп отыр. Стелларатор – 1950-жылдары кеңестік ғалымдар ойлап тапқан танымал токамакқа балама тәсіл.

 

Екі құрылғы да сутегі плазмасының жүздеген миллион градустық температурада атом ядроларының бірігуіне (синтезіне) жағдай жасау үшін күшті магнит өрісін пайдаланады. Стелларатордың оралма құрылымы күрделірек, бірақ оның тұрақты плазма қалыптастыруға мүмкіндігі мол. 

Осы уақытқа дейін магниттік ұстап тұру негізіндегі синтез жобаларына инвестициялар көбіне токамак технологиясына салынған болатын. АҚШ-тағы компаниялар Proxima-дан едәуір көп қаржы тартты. Мәселен, Массачусетсте токамак негізіндегі демонстрациялық қондырғысын салуға Билл Гейтс қолдайтын Commonwealth Fusion Systems 2021 жылы рекордтық 1,8 миллиард доллар инвестиция тартқан. Ал Сэм Альтман қолдайтын Helion стартапы 2024 жылдың қаңтарында 425 миллион доллар жинады.

Қазіргі уақытта бірде-бір термоядролық қондырғы өзі тұтынатын энергиядан асып түсетін энергия өндіру тиімділігіне қол жеткізе алған жоқ. Бірақ ғалымдар миллиардтаған доллар қаржы бөлінген бұл технологияны коммерциялық тұрғыдан пайдалану 15-20 жылда мүмкін деп есептейді.

Стелларатор мен Tокамак технологиялары осылай екі түрлі жұмыс істейді. Иллюстрация economist.com сайтынан алынды

Proxima компаниясының бас директоры Франческо Шортино 2027 жылға дейін «Stellarator Model Coil» деп аталатын қуатты және бірегей магнитті құрастыруды жоспарлап отыр. «Бұл – тарихты өзгертетін магнит», – дейді ол FT басылымына. Оның айтуынша, 2031 жылға қарай шамамен 1 миллиард еуро тұратын демонстрациялық қондырғы салынады. Бұл жобаның белгілі бір бөлігін Еуропа үкіметі қаржыландырады деп жоспарланған. Ал 2040 жылға қарай алғашқы коммерциялық термоядролық станса іске қосылады. Яғни, енді 15 жылдан кейін қоршаған ортаға да, адамға да ешуақытта зияны болмайтын энергия өндіретін стансалар жұмыс істей бастайды. 

Жақында Германияның жаңа канцлері болып тағайындалған Фридрих Мерц термоядролық зерттеулерді қызу қолдайтынын мәлімдеп, Германия әлемде бірінші болып термоядролық станса салуы керек екенін айтқан.

«Канцлер Мерцке негізгі жолдауымыз: сіз Германия үшін жол көрсететін жоба сұрадыңыз. Біз осы жобаны жүзеге асырамыз», – дейді Франческо Шортино.

 

Қазірге дейін бірде-бір термоядролық қондырғы өзі тұтынатын энергиядан асып түсетін энергия өндіру тиімділігіне қол жеткізе алған жоқ. Иллюстрация euro-fusion.org сайтынан алынды. Авторлығы: Laboratory for Experimental Museology

Balderton Capital серіктесі Дэниел Уотерхаус Proxima-ның «ерекше командасын» және жобалауда модельдеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді тиімді пайдалануға қабілеттілігін атап өтті.

«Бұл – кәдімгі бағдарламалық жобалармен салыстырғанда тәуекелі басқаша инвестиция. Бірақ физиканың шешілгеніне сенімді болуымыз – бізге сенім берді», – дейді ол.

Франческо Шортино Еуропа ондаған жыл бойы термоядролық зерттеулер саласында алдыңғы орында болғанымен, жеке сектордағы бастамалар қолдауға ие болмаса, шешуші сәтте артта қалып қою қаупі бар екенін атап өтті. Бүгінде әлемдегі ең жетілдірілген стелларатор – мемлекеттік қаржыландыру есебінен салынған қондырғы – Германияның шығысындағы Грайфсвальд қаласында орналасқан.

«Егер үкімет уақытында инвестиция салмаса, бәрі бекер болады. Бұл ғылым тек америкалық немесе қытайлық әріптестерімізге көмектесу үшін ғана жасалғандай болып қалады», – дейді Proxima басшысы.

Термоядролық энергияға қол жеткеннен кейін, қазіргі атом электр станциялары (АЭС) керек болмай, жабыла бастайды. Термоядролық энергия қауіпсіз, радиоактивті қалдықтары мүлдем жоқ. Осылайша ол – адамзат үшін шексіз, зиянсыз энергия көзіне айналады. Біз қымбат, зиянды АЭС салуға асығып қойған жоқпыз ба?

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.