in

Президент Үндістанның тауарларына 50% баж салығын енгізді

Quartz сайтының хабарламасы негізінде Aikyn.kz үндістандық импортқа баж салығының екі есе өсуінің себебін талдайды.

Президент Трамп сәрсенбі күні (6 тамыз) Үндістаннан әкелінетін тауарларға салынатын баж салығын екі есе өсіріп, 50%-ға жеткізді. Бұл АҚШ-тың ірі сауда серіктесіне қарсы енгізілген импорттық тарифтердің жаңа деңгейі болды. Мұндай шешімнің себебі – Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуын тоқтатпауы болды. Трамп осыған ашуланып, қауіпті шешім қабылдады.

Трамп Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуына наразылық білдіріп, бұл әрекеттің оның Украинадағы соғысты тоқтатуға деген талпынысына кедергі келтіретінін мәлімдеген.

«Олар Ресей армиясының іс-қимылынан Украинада қанша адам қаза тауып жатқанына немқұрайлы қарайды», – деп жазды ол жақында әлеуметтік желілерде.

Айдың басында Трамп Үндістанның тарихи тұрғыдан жоғары импорттық баж салығын ұстап тұрғанын да сынады. Президенттің жаңа жарлығы үш апта ішінде қосымша баждарды енгізуге мүмкіндік береді.

Үндістан үкіметі АҚШ тауарларына қарсы жауаптық баждар енгізу мүмкіндігін жоққа шығармады. Олар ресейлік мұнайды сатып алуды өз азаматтарының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет деп түсіндіріп, басқа елдер де дәл осындай жол ұстанып отырғанын еске салды.

«Біз бұл әрекеттердің әділетсіз, негізсіз және қисынсыз екенін қайта айтамыз. Үндістан өзінің ұлттық мүддесін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деді Үндістан сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвал.

Бұл жерде мынаны ерекше атап өту керек. Қытай мен Түркия да ресейлік мұнайдың ірі сатып алушылары болса да, Трамп оларға мұндай жазалау баждарын енгізген жоқ.

Үндістан бейсенбі күні (7 тамыз) күшіне енетін АҚШ-қа экспортқа 25%-дық баж салығына да тап болып отыр. Ақ үй ондаған өзге сауда серіктестері үшін де импорттық тарифтер енгізуде. Үндістан үшін енгізілген 50%-дық мөлшерлеме оны Бразилиямен бір деңгейге қояды. Бұл Трамптың көпжақты сауда соғысы аясында енгізген ең жоғары тарифтерінің бірі.

Үндістан мен АҚШ арасындағы келіссөздер жыл бойы жалғасып келеді. Алайда бірде-бір ірі серпіліс не қысқа мерзімді сауда келісімдері жасалған жоқ. АҚШ Сауда өкілдігінің мәліметінше, 2024 жылы АҚШ пен Үндістан арасындағы жалпы сауда көлемі 212 миллиард долларды құраған.

«Менің айтқаныма көнесің. Маған ұнайтын елдерден мұнай сатып аласың. Оған келіспесең, тауарларың Америкаға кірмейді», – деген күш көрсетуге Үндістан сияқты ірі мемлекеттер көнер ме екен?

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.