in

Президент Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 100% баж салығын енгізді

CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz  сирек кездесетін жер металдарына шектеулер қандай салдарлар туғызатынын болжайды.

Сирек кездесетін жер металдары автокөлік жасау, қорғаныс өнеркәсібі мен жартылай өткізгіштер өндірісі үшін аса маңызды болып саналады. АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні (10 қазын) мәлімдеме жасап, 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап Қытайдан әкелінетін барлық импортқа қосымша 100% кедендік баж салығы енгізілетінін жариялады.

Бұл салықтар «қазіргі төленіп отырған кез келген мөлшерлемелерден бөлек», солардың үстіне қосылатын болады. Сол күннен бастап АҚШ «барлық маңызды бағдарламалық қамтамасыз етуге» экспорттық бақылау енгізбекші.

Бұл мәлімдеме Қытайдың сирек кездесетін жер металдарын экспорттауға жаңа бақылау орнататынын жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң жасалды. Қытайдың бұл шешімі жаһандық жоғары технологиялық өндіріс тізбегіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитіндегі кездесуін де қытайлық шектеулерге байланысты болмауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қазіргі кезде Қытайдан АҚШ-қа әкелінетін тауарлардың басым бөлігіне жоғары кедендік алымдар енгізілген. Wells Fargo Economics пен Нью-Йорк федералдық резерв банкі сарапшыларының мәліметінше, Қытай импортына қолданылып отырған орташа тариф мөлшерлемесі 40%-ды құрайды. Болат пен алюминийге 50%-дық, ал тұтыну тауарларына 7,5%-дық тарифтер енгізілген.

Қытай үкіметі сирек металдар бар кез келген өнімді экспорттау үшін арнайы лицензия береді. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Polina Devitt

Трамп өзінің Truth Social платформасындағы жазбасында:

«Қытай сауда саласында өте агрессивті ұстанымға көшті. 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап маңызды тауарларға экспорттық бақылау енгізетінін жариялады. Бұл барлық елдерге бірдей қолданылады. Бұндай әрекет халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған және басқа елдермен қарым-қатынастағы моральдық ұят жағдай», – деп жазды.

Президенттің айтуынша, Қытайдың «бұрын-соңды болмаған қадамына» жауап ретінде, АҚШ үкіметі өз мүддесін қорғау мақсатында 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап Қытайдан әкелінетін барлық тауарға қосымша 100%-дық тариф енгізеді. Осы күннен бастап кез келген маңызды бағдарламалық қамтамасыз етуге экспорттық бақылау орнатылады.

Ал Қытайдың Сауда министрлігі бейсенбі күні мәлімдеме жасады. Онда 1 желтоқсаннан бастап шетелдік компаниялар құрамында Қытайдан алынған сирек металдар 0,1%-дан асатын немесе қытай технологиясымен өндірілген өнімдерді экспорттау үшін арнайы лицензия алуы тиіс екені хабарланды.

Президент Трамп: «Қытай сауда саласында өте агрессивті ұстанымға көшті». Фото CNBC телеарнасының сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Evelyn Hockstein 

Қытайдың тарифтерінің Қазақ еліне әсері

Жылдың басында қазақ геологтары Қарағанды облысының аумағында 300 метр тереңдікте болжамды қоры 20 млн тоннадан асатын сирек жер металдарының ірі кен орнын тапқанын хабарлады. Осы көлем расталса Қазақ елі сирек металдар қоры бойынша Қытай мен Бразилиядан кейін әлемде үшінші орынға ие болар еді. 

Геологтар бұл ауданнан неодим, церий, лантан және иттрий тапқан. Ондағы сирек кездесетін жер металының орташа мөлшері тоннасына 700 грамды құраған.

Бұндай жағдайда АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа сауда соғысы Қазақстан экономикасына тікелей де, жанама да әсер етеді. Себебі біздің ел екі держава арасындағы шикізаттық және логистикалық буферлік аймақ ретінде ерекше геоэкономикалық жағдайда тұр.

Біріншіден, Қытай сирек кездесетін жер металдарына экспорттық шектеу енгізсе, бұл әлемдік жоғары технология нарығында тапшылық тудырады. Мұндай жағдайда АҚШ пен Еуропа өз жеткізу көздерін әртараптандыра бастайды. Бұл Қазақстан үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашады. Өйткені елімізде бериллий, тантал, вольфрам, уран және литийдің ірі қорлары бар. Егер үкімет бұл бағытта дұрыс инвестициялық саясат жүргізсе, жаңа геологиялық барлау жұмыстарын ынталандырса, Қазақстан Қытайдың орнын ішінара баса алар еді.

Қазақ геологтары 300 метр тереңдікте болжамды қоры 20 млн тоннадан асатын сирек жер металдарының ірі кен орнын тапты. Фото npr.org сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Rick Bowmer 

Екіншіден, Қытайдың экспорттық шектеулері мен АҚШ енгізген жоғары тарифтер әлемдік нарықтағы баға тұрақсыздығын күшейтеді. Мұндай жағдайда мұнай мен газ, қара металл, мыс, алюминий мен ферроқорытпа өндіруші қазақ экспортерлері бағаның төмендеуіне, сұраныстың азаюына ұшырауы ықтимал. Бұл өз кезегінде ұлттық валютаның тұрақтылығына әсер етеді.

Сонымен бірге АҚШ-тың «маңызды бағдарламалық қамтамасыз етуге» бақылау енгізуі технологиялық тізбекті өзгертеді. Бұл жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер және цифрлық қауіпсіздік салаларында халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формаларын туғызады. Қазақ елі үшін бұл аймақтық «технологиялық бейтарап» ел ретінде инвесторлар мен стартаптарды тарту мүмкіндігін арттырады.

Қазақ елінің стратегиялық мүддесі – осы жағдайды пайдаланып, жоғары құн қосылған өндіріс пен «жасыл технологиялар» бағытында өз орнын табу деп ойлаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.