in

Нарыққа диплом емес, маман қажет

Ал 2035 жылға қарай еңбек нарығына жыл сайын қосылатын жастар саны 386 мыңға жетуі мүмкін. Бұл – бір жағынан, Қазақстанның жас әрі еңбекке қабілетті халқы көбейіп келе жатқанын білдіретін жақсы жаңалық. Екінші жағынан, экономика осыншама адамға тұрақты әрі лайықты жұмыс ұсына ала ма деген күрделі сұрақ туғызады.

Ресми статистикаға қарасақ, жағдай әзірге тұрақты. Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда экономикада 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылған, оның 7,3 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. 15-34 жас ара­лығындағы жастар жұмыссыздығы бірін­ші тоқсанда 3 пайыз болды. Қағаз жүзінде бұл алаңдайтындай көрсеткіш емес. Алайда жұмыссыздық көрсеткіші еңбек нарығының барлық қырын, соның ішінде жұмыстың тұрақтылығын, табыс деңгейін және қызметкердің мамандығына сәйкестігін толық сипаттамайды.

Мәселе тек адамның жұмысы бар немесе жоқ екенінде емес. Оның маман­дығына сай қызмет атқаруы, тұрақты табыс табуы, еңбек шартының болуы және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігі де маңызды. Дипломы бар жас курьер, такси жүргізушісі немесе уақытша сауда қызметкері болып жұмыс істесе, статистикада ол жұмыспен қамтылған азамат ретінде есептеледі. Бірақ мұндай жұмысты сапалы әрі өнімді жұмыспен қамтуға жатқызу қиын, әрине.

Атап айтқанда, мемлекет 2026 жылы сапалы жұмыс орындарымен қамтылған азаматтар санын 3,08 миллионға жеткізуді жоспарлаған. Бірақ «сапалы жұмыс орны» тек жаңа штат бірлігінің ашылуымен өлшенбеуі керек. Оның тұрақты жала­қысы, қауіпсіз еңбек жағдайы, әлеуметтік аударымдары және кәсіби өсу мүмкіндігі болуы қажет. Әйтпесе, жаңа жұмыс орын­дары туралы жоғары көрсеткіш жастардың нақты өміріндегі жағдайды өзгертпейді.

Үкімет те білім беру жүйесі мен бизнестің сұранысы арасында алшақтық барын мойындап отыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, ендігі міндет – жастарды жаппай оқуға қабылдау ғана емес, экономикаға шын қажет мамандарды даярлау. Қазір өндіріс орындарына тек дипломы бар қызметкер емес, цифрлық жүйелерді меңгерген, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын білікті маман қажет.

«Қазір кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуге тиіс. Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет», – деді Үкімет басшысы.

Биыл колледждерге бюджет есебінен қабылданатын студенттер саны бұрынғы 93 мыңнан 145 мыңға дейін көбейген. Стипендия 50 пайызға көтеріліп, бір сту­дентті оқытуға жұмсалатын қаржы екі есе артқан. Алайда қабылдау мен қаржыландырудың өсуі түлектің жұмысқа орналасуына автоматты түрде кепілдік бермейді. Сондықтан мемлекеттік тап­сырысты нақты бос жұмыс орындарына қарай жоспарлау көзделіп отыр.

«Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажет», – деді Олжас Бектенов.

Мегаполисте бәсеке күшейеді

Жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндігі тұрғылықты жеріне де тікелей байланысты. Астана, Алматы және Шымкентте білім, қызмет көрсету, қаржы, сауда мен технология салаларындағы жұмыс көбірек. Ал шағын қалалар мен ауылдық жерлерде мамандық таңдау аясы тар. Соның салдарынан жастардың бір бөлігі жұмыс іздеп ірі қалаларға көшеді.

Бұл қозғалыс мегаполистердегі еңбек бәсекесін күшейтеді. Жас маман жұмыс тапқанымен, табысының едәуір бөлігін пәтер жалдауға, жол жүруге және азық-түлікке жұмсауы мүмкін. Төмен жалақы мен қымбат баспана жас адамның жаңа қалада орнығуын қиындатады. Ал туған өңіріне қайтқан жағдайда мамандығына сай жұмыс табылмауы ықтимал.

Еңбек көші-қонының тағы бір бағыты – шетел. Жалақысы жоғары, кәсіби дамуға жағдай жасалған елдер қазақстандық жас­тар үшін тартымды бола береді. Әсіресе ақпараттық технология, инженерия, меди­цина және ғылым саласында білімі бар жастар халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті. Егер ел ішінде лайықты ұсы­ныс болмаса, Қазақстан өзі оқытқан маман­дарынан айырылуы мүмкін.

Дегенмен жастардың басқа өңірге немесе шетелге кетуін тек теріс құбылыс деп бағалау дұрыс емес. Еңбек мобильділігі жаңа тәжірибе мен дағды алуға мүмкіндік береді. Негізгі мәселе – кеткен маманның елге қайтып, жинаған білімін қолдануына қолайлы орта қалыптастыру. Ол үшін өңірлерде жұмыс орнын ғана емес, өмір сүруге қажетті толық инфрақұрылымды қатар дамыту керек.

Кәсіптің озығы бар, тозығы бар

Алдағы жылдары еңбек нарығына жастардың көптеп келуімен қатар, жұмыс­тың мазмұны да өзгереді. Автоматтандыру, цифрландыру және жасанды интеллект қайталанатын міндеттердің бір бөлігін адамның қатысуынсыз орындауға мүм­кін­дік беріп отыр. Кассир, оператор, қара­пайым есеп жүргізуші немесе техника­лық қолдау қызметкері секілді кей маман­дықтардың функциялары қысқаруы ықтимал.

Сонымен бірге жаңа кәсіптер пайда болады. Қазақстанның Жаңа мамандықтар атласында тау-кен металлургиясы, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа салалардағы келешек кәсіптер көрсетілген. Мәселен, тек тау-кен металлургиясы бағытында 47 жаңа мамандық, өзгеріске ұшырайтын 20 және біртіндеп жойылатын 31 мамандық анықталған. Азаматтық авиацияда дрон операторлары, цифрлық жүйе мамандары мен киберпсихолог секілді жаңа бағыттар қарастырылып отыр. 

Қазақстанға келесі он жылда жұмыс орындарының санын жай ғана көбейту жеткіліксіз. Экономика жыл сайын ең­­бек нарығына қосылатын жүздеген мың жастың әлеуетін пайдалана алатын сала­ларды дамытуы қажет. Өңдеу өнер­кәсібі, агротехнология, логистика, энер­гетика, құрылыс, медицина және цифрлық экономика осындай бағытқа айнала алады.

Сондықтан мәселе жастарға жай ғана жұмыс тауып берумен шектелмеуге тиіс. Ұсынылатын қызмет тұрақты табыс пен лайықты өмір сүруге мүмкіндік беріп, жас маманға кәсіби болашағын Қазақстанмен байланыстыруға негіз болуы қажет.

Кәмила ДҮЙСЕН