Дегенмен ол қымбатшылыққа ғана емес, экономикалық өсімге де тұсау болады. Өйткені қаржыгерлердің айтуынша, енді ақша қымбаттап, бизнес жобаларды тоқтатуға, ал халық қалтасындағы артық ақшасын депозитке ағытуға мәжбүр болады. Алайда бағаны тежеуді көздеген Ұлттық банк пен Үкіметтің бұл шешімі шағын бизнес пен қарапайым тұтынушының қалтасына ауыр тиері анық.
Жыл басынан бері Ұлттық банк базалық мөлшерлеме мәселесін алтыншы рет талқыға салды. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығына және инфляциямен күреске тікелей әсер ететін шешімдердің бірі. Алғашқы отырыста қаржы реттеушісі мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдырған. Бірақ көктемде Ұлттық банк жаңартылған инфляциялық болжамдар мен экономикалық өсім қарқынын ескере отырып, мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін көтерген болатын. Одан кейінгі отырыстарда мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің ақша-несие саясатының басты тетігі. Ол банктердің бір-бірінен немесе реттеушіден қаражатты қандай пайызбен қарызға алатынын көрсетеді. Демек, бұл көрсеткіш халық пен бизнеске берілетін несие мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемесіне де тікелей әсер етеді. Ұлттық банктің есебінше, базалық мөлшерлеменің өзгерісі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай ықпал етеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қысқа мерзімде оның әсері соншалықты сезіле қоймақ емес.
«Қажет болса, мөлшерлемені тағы да көтереміз. Егер инфляция біртіндеп бәсеңдемесе, ақша-несие саясатының қалыпты қатаң шарттарын сақтау үшін мөлшерлемені арттыруға мәжбүр боламыз. Бірақ бұл шешім қараша айында, болжамдық раундтан кейін қабылданады. Сол кезде барлық модельді қайта қарап, толық жаңартамыз. Демек, қарашада экономикадағы жағдай туралы толық көрініс қалыптасады деп ойлаймын», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, сол уақытқа дейін геосаяси жағдай да айқынырақ болуы мүмкін. Сол кезде нақты шешімдер қабылданады. Ал экономист Алмас Чукиннің болжамы бойынша, мөлшерлеме кем дегенде бір жылдан кейін ғана төмендеуі мүмкін. Алайда сарапшы еліміздегі «инфляцияның өзін-өзі емдеу тетігі» бұзылған деп есептейді:
«Теория жүзінде бағаның өсуі нарықтағы сұраныстың толық өтелмегенін білдіреді және бұл өндірісті арттыру қажет деген бизнеске берілген сигнал. Сонымен қатар бағаның өсуі сол сәттегі сұранысты төмендетіп, инфляцияның «екпінін» біртіндеп басады. Бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде отандық кәсіпкерлер үшін өндірісті ұлғайтқаннан гөрі бағаны көтеріп, бар өнімді жоғары бағамен өткізіп, жағдайдың тұрақтанғанын күту әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз», – дейді ол.
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін көтерілуі нарық үшін күтпеген жағдай болғанын айтты.
– Бұл – тосын шешім. Менің ойымша, Ұлттық банк инфляцияны төмендету жөніндегі өз мандаты аясында әрекет етті. Жақында экономикалық блоктың – Үкімет пен Ұлттық банктің – Президенттің басшылығымен өткізген отырысы болды. Бұл қадам, меніңше, алдын ала келісілген шешім. Бірақ нарық үшін бұл бәрібір де күтпеген жағдай, өйткені мөлшерлемені дәл осылай көтереді деп ешкім ойлаған жоқ. Жалпы, жоғары базалық мөлшерлеме банктердің несиелік белсенділігіне әсер етуі мүмкін. Шынын айтқанда, тұтынушылық несиелерге оның әсері аз – себебі олар қазірдің өзінде 40%-дан жоғары мөлшерлемемен беріліп жатыр. Ал ірі корпоративтік несиелер сәл тоқтап қалуы мүмкін. Ақша қымбаттайды, демек, бизнес жаңа жобаларды кейінге қалдырады. Мұндай жағдайда адамдар мен компаниялар ақшаны инвестициялаудан гөрі депозитке салуға бейім болады, – дейді ол.
Қаржыгердің сөзінше, бұл шешім уақытша сипатқа ие. Өйткені ол Ұлттық банк әзірге инфляцияның «белін сындыруды» мақсат етіп отыр және азаматтардың жинақтарын қорғауға тырысуда деп есептейді.
– Бұл – нарыққа жіберілген нақты сигнал: Ұлттық банк соңына дейін инфляциямен күрес жүргізуге дайын. Инфляцияның қарқыны төмендегеннен кейін, меніңше, мөлшерлемелер де біртіндеп төмендей бастайды. Қазір жылдық инфляция шамамен 12,9% деңгейінде. Бұл, әрине, қыркүйек айы үшін жоғары көрсеткіш. Тамыз айында Ұлттық банк ең төменгі жалақыны индекстеу туралы мәлімдеді. Ал номиналды жалақы дегеніміз – инфляция деңгейін алып тастағаннан кейінгі нақты табыс. Яғни, инфляция жоғары болған сайын, халықтың нақты табысы азаяды. Сондықтан 18% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Соңғы жылдары бұлай болғаны есімде жоқ. Бұл Ұлттық банктің қатаң саясатының көрінісі және қазіргі жағдайда уақытша болса да, қажет шешім деп есептеймін, – дейді Расул Рысмамбетов.
Демек, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерсе, ақша қымбаттайды, яғни несие мен қарыз алу құны өседі. Мұндай жағдайда кәсіпорындар мен азаматтар шығындарын азайтып, жинақтауға көбірек мән береді. Тұтыну төмендеген сайын баға өсімі де баяулайды, сөйтіп инфляцияның қарқыны тежеледі. Экономист Алмас Чукиннің болжамынша, енді ипотека мен автонесие бойынша мөлшерлеме 24-25%, ал тұтынушылық несиелер 40% шамасына дейін көтерілуі мүмкін. Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін өсуі – «сейсмикалық әсері бар оқиға». Сондай-ақ сарапшы Үкіметтің ЖІӨ өсімі туралы жағымды мәлімдемелеріне күмәнмен қарады:
«Инфляция жоғары болса, ұлттық валютамен есептегенде, экономика өсім көрсетуі заңды. Бір жыл бұрынғыдай көлемде өнім өндірсең де, баға өскендіктен, ақшалай есептегенде көрсеткіштер жоғарылайды», – деді ол.
Экономистің айтуынша, инфляция мен базалық мөлшерлеме қазіргідей деңгейде тұрғанда, экономиканың сапалы өсуі туралы айту қиын, себебі мұндай жағдайда инвестиция салуға екінің бірі бара бермейді. Тек сауда саласы ғана белгілі бір белсенділікті сақтауы мүмкін. Дегенмен бағаның шектен тыс өсуі сұранысты әлсіретіп, тұтыну нарығын да тежей бастады.
Кәмила ДҮЙСЕН